Сәкен ұлықталды

Сұңқар Сәкеннің 130 жылдығына арналған апталық өз мәресіне жетті. 16 қыркүйекте бастау алған шара қорытынды кездесумен тәмамдалды. Қарағанды қаласы мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының ұйымдастырумен өткен апталық мазмұнды әрі мәнді өтті.

            Ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталған бағдарлама Сәкен әндеріне арналған фестивальмен жалғасты. Фестиваль «Жаңа Майқұдық» мәдениет үйінде өткізіліп, Сәкеннің Сарыарқадай кең әндері шырқалды.

Фестиваль барысында өңіріміздің талантты студент жастар ән айтып, ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп орындады. Нәтижесінде қатысушыларға ақшалай сыйлық табыс етілді.

Одан әрі орталық мамандары, оқушылар және жалпы көзіқарақты қауым «ҚарЛАГ» мұражайына барып, тың ақпараттарға кеңелді. Жаңа мағлұматтармен танысып, зерттеу жұмыстарынан хабардар болды.

Апталық қорытынды Мұхтар Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапханада өтті. Шара шымылдығын ашқан «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының директоры Әсия Даниярқызы шараның маңыздылығына тоқталып, Сәкен атқарған ұлы істерді тілге тиек етті.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Қасымова «Тұлға және дәуір» тақырыбында тұшымды ой-толғамдарымен бөліссе, Рауза Рақымжанқызы «Естелікте терең сыр бар» тақырыбында сөз қозғады. Ал Қарағанды «Өрлеу» филиалының аға оқытушысы, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, білім беру ісінің үздігі Ғазиза Смағұлова «Сәкен ғұмыры – болашақ» тақырыбында ой өрбітті.

Сондай-ақ, Сәкен Сейфуллин мектебінің оқушылары шараға белсене атсалысып, ән де шырқады.

Шара соңында Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына  орай ұйымдастырылған республикалық конференция материалдарының жинағын кітапханаға табыстау салтанатымен тәмамдалды.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *