25 қыркүйекте ҚР Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров 2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды дайындау және өткізу шеңберінде инспекциялық сапармен Қарағанды облысына барды.
ОРК Төрағасы №792 және №794 учаскесінде болып, дауыс беру күніне дайындық барысымен танысты. Оларды жабдықтау және дауыс берушілер үшін қолайлы жағдай жасау мәселелеріне баса назар аударылды.
Нұрлан Әбдіров аумақтық референдум комиссиялары төрағаларының, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен кеңес өткізді, онда алдағы науқанның негізгі ерекшеліктері, республикалық референдум өткізуге дайындық, сондай-ақ электоралдық процесінің барлық кезеңінде жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ету, заңдылықты сақтау мәселелері талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің өңірде референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімін нақтылау және науқанды материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы, облыс прокурорының орынбасары Талғат Мұқашевтың электоралдық кезеңінде заңдылықты сақтау туралы, Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Негмет Исмағұловтың науқан кезеңінде және дауыс беру күні құқықтық тәртіпті сақтау туралы баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ атқарылған жұмыстар туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова мен Қарағанды облысының АРК төрағасы Қайрат Нүркенов баяндады.
Өңірде 650 учаскелік комиссия жұмыс істейді, олардың құрамында 4 440 адам бар. Облыс бойынша барлығы 761 604 сайлаушы тіркелген, оның 4 605-і мүгедектігі бар адам. Олар үшін дауыс беруге барлық жағдай жасалады. Тұрғындарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы ақпараттандыру ұйымдастырылды, арнайы онлайн-сервистер іске қосылды. 15 call-орталық ашылды, 109 қызметі жұмыс істейді.
26 қыркүйекте Астанада ОРК Төрағасы Астана және қала аудандарының АРК мүшелерімен, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдерімен кеңес өткізіп, алдағы плебисцитке дайындық бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есептерін тыңдады.
Екі өңірде де ОРК басшысы дауыс беру күні жергілікті атқарушы органдардың электр қуатымен және интернетпен үздіксіз қамтамасыз етуге, ал ішкі істер органдарының – учаскелерде және іргелес аумақтарда қоғамдық тәртіпті сақтауға назарын аударды.
Жиын барысында Нұрлан Әбдіров аумақтық референдум комиссияларына тұрғындарды толық ақпараттандыруды қамтамасыз етуді тапсырды және дауыс беретін учаскелік комиссия мүшелерінің үйлерін аралап, жеке шақыруларды тапсыруының маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ барған өңірлерде Нұрлан Әбдіров аумақтық референдум комиссияларының мүшелерімен жеке кеңестер өткізді.
Өмір БАЙБОСЫН