Кенші өркен

Көмірлі  қаламыз  атына заты сай, бірнеше қара алтынды өндіретін жерасты шахталармен, ондағы еңбек жасап жүрген құрыш қолды шахтерлерімен де аты шыққан. Олар өзінің бастау бұлақтарын Қарағанды тас көмір бассейнінің өнеркәсіптік негіздегі жұмыстарын қауырт игерген.

Қарағанды бүкілодақтық үшінші көмір ошағына айналған. Басқа өңірлерден қаламызға жұмыс іздеп келгендер көп болғанымен жергілікті ұлт кадрларын, кенші мамандығына баулу қажет болды.

Солардың бірі – Қарқаралы ауданы, Қарынши ауылының баласы Жарылғапов Өркен Өмірзақұлы да жастық жігермен Саран шахтасына жұмысқа тұрды. Өркен сияқты тепсе темір үзетін жастар шахтаға түсіп еңбек етуді үлкен ерлік, абыройлы мамандық деп бағалады. Шахта қайнаған өмірдің дәу қазаны болды. Жерастының гуілдеген желі үнемі ұлып тұрды. Сол уакытта шахтерлер көптеген ауыр жүмысты қолмен атқарды. Ал, шаң-тозаңның денсаулыққа қалай әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Бойында қазақи шыдамдылық, қайсарлық мінездері қалыптасқан жас жігіт Өркен проходші, электрмашинист мамандықтарын да тез меңгеріп ауыр еңбекпен шыңдалды. Бастапқыда ауыр өндірісті жерасты жұмыстары таза ауада өскен ауыл баласына, үйренгенше қиындық келтірді. Ұқыпты, тапсырылған іске тиянақты қарайтын Өркен шыдамдылық танытты. Ауыр, жерасты жұмыстарына көптеген жас төзе алмай жұмыстан кете бастады. Төзімді, еңбекқор Өркен намысқа тырысып, сергек қимылмен 1994 жылдан бастап осы аталған шахтада лавада, проходкада еңбек жасап келеді.

– Біздің бригадада мен жалғыз қазақпын. Ұжыммен бірге аянбай тер төктік. Нарықтық қатынастарға сәйкес көптеген жұмыс жаңаша құрылды, адал еңбектеріміз жоғары бағаларға ие болып, бағаланды. Жұмысшылардың бойында адами тазалық, ар-ождандылық қасиеттер мол болды. Бірнеше жасты қарамағымызға алып еңбектің қыр-сырына үйреттік, – дейді тәжірибелі кенші, өз ісінің кәсіби маманы Өркен Өмірзақұлы.

Аяулы әкесі Өмірзақ пен бауырмал анасы Бибігүл (Бишат) екеуі ауыл-аймаққа сыйлы, көпбалалы отбасы болды. Әттең сұм ажал, балаларын қызықтауға мұрша келтірмеді. «Орнында бар оңалар» демекші, отбасының тұңғыш қыз баласы Береке, Өркеннен кіші Нүркен, Медеу, Жазира, Бейбіт, Жадыра, Мерей бұл күндері бір-бір шаңырақ иелері.

Сабырлы, кішіпейіл, тапсырылған жұмыстарды ұқыпты атқаратын Өркен Өмірзақұлы еңбегімен ерекшеленіп, басшылардың көзіне түсті. Ең алғашқы рет 2009 жылдың 8 тамызында  Қазақстан Республикасы Энергетика және Минералдық ресурстар Министрлігінің каулысымен ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Ауысымнан шығып, дем алуға да мұрша бермейтін кездер де жиі кездесіп тұрды. Сыз, дымқыл жерасты әруақытта қызу қарбалас тынымсыз еңбекке толы.

Қазақстан Республикасы  Көмір өнеркәсібі қызметтері кәсіподағы Орталық комитеттің қаулысымен 2013 жылдың 12 тамыз айында ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі марапатына ие болды. Қағілез, жан-жақты білуге құштар, еңбекқор азамат Өркен, автоматика және байланыс салаларын тез меңгеріп, асқан ұқыптылықпен еңбекті құлшына атқара білді. Жер астындағы қиын, күрделі байланыс салаларын жіті бақылап, тезірек іске асыруға тырысты.  Шахтаның қыр-сырын терең меңгерген елгезек жас Өркен, ауырып-сырқап қалған жұмыскерлердің жұмыстарын да атқаратын кездері де болып тұрады.

Тау-кен Металлургия салалық кәсіптік одағы 2018 жылдың 20 тамыз айында «Қазақ кәсіподақ Металлургия қоғамдық бірлестігі» атқару комитетінің №13 қаулысымен Жарылғапов Өркен Өмірзақұлы І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Тынымсыз, адал еңбек, төгілген маңдайтердің өтеуі дұрыс бағаланды.

Қоғамымызда адамдар басты  тұлға  десек, қара алтынды жер қойнауынан қазып алып, елдің үлкен кәдесіне жаратқан, толағай табыстарға қол жеткізген, осындай кенші азаматтар шахта астындағы кездейсоқ төтенше жағдайлардың бәріне әрқашан да дайын болды.

«Кеншілер – Қарағандының жүрегі», – дегендей, биылғы Кеншілер күніне орай, Өркен Өмірзақұлы «Қорғау» көміршілер кәсіподағы Қоғамдық бірлестігі 2024 жылдың 12 тамызы күні, «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы мен қажырлы және қауіпсіз еңбегі үшін» төсбелгімен бірге, сертификаты бар бағалы сыйлықты иеленді.

Өркеннің алаңсыз жұмыс жасауына қамқор болып жүрген, отбасының шырайын кіргізіп отырған жұбайы Баян Алпанқызының еңбегін де айта кеткеніміз дұрыс болар. Бақытты шаңырақтың тұңғышы Аяжан жолдасы Мейірман екеуі Қытай елінің Гуанджоу қаласында ағылшын тілінен сабақ береді. Зере деген кішкентай жиендері бар. Ал Жасын атты азамат баласы мен келіні Наурызгүл Астана қаласында еңбек етуде. Жалын мен Айша атты немере сүйіп отыр. Кенжелері Аружан Қарағанды қаласындағы Политехникалық университетінің 1 курс студенті.

Кеншілердің ауысымға әрбір кірер алдында, қорғану шараларын тағы да бір пысықтап алатын кездер де күнделікті болып тұрады. Кеншілер жер бетіне аман-есен шыққанына қуанады.

«О, жарық дүние, не деген ыстық едің!» деп қараңғы қапас, дымқыл жер қабаттарының ұшан-теңіз байлығын игеріп, ерлікке пара-пар жұмыстар атқаруда.

Ал біз осындай толағай, жер астының алтынын қопарып, қыруар еңбек жасап жүрген, атына заты сай Өркен бауырымызға, өркендей бер демекпіз!

Рымтай  ШӨКЕЙҚЫЗЫ,

Қазақстан  Журналистер

 одағының  мүшесі

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *