Буллингке ұшырамас үшін не істеу керек? Аймақтағы ахуал қалай? Осыған тоқтала кетсек. Бала қатыгездігі туралы ЮНИСЕФ жариялаған деректен көруге болады. Мәселен, әлемдегі 150 миллион бала мектепте немесе құрдастары тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Ал Қазақстанда әрбір бесінші жасөспірім – буллингтің құрбаны.
Еліміздегі буллингтің нақты статистикасын анықтау мүмкін емес. Себебі, мектеп әкімшілігінің өзі мұндай жағдайларды жасырып қалуға мүдделі.
Қазақстан буллингпен күресте баланы жәбірлеудің профилактикалық қағидаларын бекітіп, нақты іске кірісті. Аталған қағида Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №506 бұйрығымен бекітілген. Оған сәйкес, білім беру ұйымының әкімшілігі баланы жәбірлеуге жол бермеу үшін барлық жағдайды жасайды. Одан бөлек, жыл сайын оқу жылының басында буллингтің алдын алу жоспары бекітіледі. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы оқушыларды хабардар етеді. Ал, егер буллингке ұшырау жағдайлары болса, жедел түрде бала туралы жедел ақпарат жиналып, сынып жетекшісі педагог-психологпен бірлесіп, буллингке ұшыраған баламен де, жәбірлеген баламен де әңгімелесу жүргізуі тиіс.
Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 2/7 пайызға өскен. Қарағанды облысы әкімдігінде өткен кеңесте балаларды буллингтен қорғау әдістері туралы айтылды.
Оқу жылының басынан бері арнайы сауалнаманың арқасында шенділер мен сақшылар кәлемет жасқа толмағандар арасында қорқыту мен бопсалау яғни буллингтің екі фактісін анықтады. Бірі Қарағанды қаласында болса, екіншісі Абайда.
Балаларды қорлау мен кибербуллингтен қорғау мақсатында Қарағанды облысының білім беру ұйымдарында педагог-координаторлар жұмыс істей бастады.
Аймақтағы тоғыз мектеп республикалық «KiVa буллингке қарсы бағдарламасы» пилоттық жобасына қатысуда. Мұнда балаларға эмоцияны дұрыс білдіруді үйретеді. «ДосбоLike» науқанына бес мектеп қатысқан. Бұл оқу орындарында әлеуметтік-эмоционалдық жағдайды жақсартуға бағытталған.
Буллингтің алдын алу бойынша мектептерде жүргізілетін профилактикалық жұмыстар туралы Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова жастар кеңесінің отырысында айтып берді.
– Өткен жылдан бастап облыста бірнеше жаңа жоба іске асырылуда. Мысалы, педагогикалық көңіл бөлуді қажет ететін оқушыларды ерте анықтау мақсатында, буллинг пен зорлық-зомбылық белгілерін ерте тану үшін әлеуметтік-психологиялық бақылау картасы әзірленді. Бұл құралды психологтар мен әлеуметтік педагогтар сабақ барысында пайдаланады. Сынып жетекшілерінің жоспарында «Психолог сағаты» енгізілген, – деп атап өтті Гүлбақыт Жүнісова.
Биыл полиция департаментімен бірлесіп, бес мектепте «Жас Сақшы» пилоттық сыныптары ашылды. Бұл жобаға Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Саран қалалары мен Нұра ауданы қатысты.
Облыстың 316 мектебінде психологтық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған HR+ жүйесі енгізілді. Ата-аналарға арналған педагогикалық қолдау көрсету орталықтары да ашылды.
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің проректорлары мен Қарағанды экономикалық университеті Қазтұтынуодағының өкілдері жоғары оқу орындарында буллингтің алдын алу шаралары туралы айтты.
– Бұл мәселе тек мектептер үшін ғана емес, жоғары оқу орындары үшін де өзекті. Буллингті жою ғана емес, оның алдын алу шараларын қабылдау да маңызды, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Бүгінде жоғарыда аталған қағида бойынша облыстың оқу орындарында күнделікті алдын алу шаралары тұрақты жүргізіліп жатқанын айтады мамандар. Тіпті, кәмелетке толмағандар арасындағы буллингке байланысты құқық қорғау органдарында да ешқандай ақпарат тіркелмеген.
Бұл әлбетте, буллинг түбегейлі жойылды деген сөз емес. Заң қабылданған күннің өзінде, ол проблеманы 100% шешпейтіні анық. Оның үстіне, мектептегі жағдай елдегі толеранттылық деңгейіне тікелей байланыстылығы тағы бар.
Әрине, бұл әлемдегі шешімін таппай тұрған мәселенің бірі. Буллингті жою мүмкін болмаса да, алдын алу маңызды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ