Жарты ғасырлық тарихы бар мектеп

Қарағанды қаласындағы Нұркен Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектеп 50 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Атаулы шараға ардагер ұстаздар, түлектер, ата-аналар және құрметті қонақтар жиналды. Мерейтой Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келіп, қос мерекенің қуанышын еселеді.

«Самғатқан сан қыранды алтын ұям» атты шара мектеп тарихынан сыр шертетін бейнероликпен басталды. 1972 жылы іргесі қаланған білім ордасының бастапқыда Қарағанды педагогикалық институтының факультеттері ретінде жұмыс істегені, кейіннен шағын ауданның балаларын қабылдай бастағаны туралы айтылды. 1975 жылы мектепке алғаш рет 1 200 оқушы қабылданып, 45 мұғалім сабақ берді. Содан бері мектеп ұжымы білім беру мен тәрбиелеу ісінде үздіксіз еңбек етіп келеді.

Мерейтой барысында ұстаздардың еңбегі ерекше аталып өтті. Жиынға қатысушылар ұстаздардың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін ерекше құрметпен атап, өткен жылы дүниеден озған ұстаздарды еске алды. Олардың өмір жолы туралы бейнеролик көрсетіліп, шәкірттер мен әріптестердің алғысы мен сағынышқа толы естеліктері айтылды.

Мерекелік жиында құттықтау сөздерге кезек берілді. Қарағанды қаласының білім бөлімі басшысы Есентай Әшім, облыстық білім басқармасы өкілдері, сондай-ақ мектептің серіктес ұйымдары жылы лебіздерін білдіріп, ұстаздар мен оқушылардың жетістіктерін жоғары бағалады.

Мектептің «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының да мерейтойға қосқан үлесі ерекше. Осы сыныптардың түлектері республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі жарыс пен шараларда мектеп намысын қорғап, жоғары жетістіктерге жеткен. Салтанатты жиында әскери институттың курсанты, кіші сержант Диас Садывахас арнайы шақырылып, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.

Мектептің тарихи белестері мен жетістіктері, ардагер ұстаздардың өнегелі істері мен болашаққа қойылған мақсаттары мерейтойдың басты өзегі болды. Білім ордасының ұжымы мен түлектері мектеп тарихындағы жарқын сәттерді мақтан тұтып, алдағы уақытта да биік шыңдарды бағындыруға дайын екендіктерін жеткізді.

Мерекелік кеш жоғары деңгейде өтіп, барлық қатысушыға ерекше әсер сыйлады. Қарағанды қаласындағы Нұркен Әбдіров атындағы мектеп 50 жылдық мерейтойын айшықты атап өтіп, ұлағатты ұстаздардың еңбегін лайықты түрде ұлықтады.

Өмір БАЙБОСЫН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *