Қарағанды облысында биылғы жазда «Жасыл ел» жасақтарына бес мыңға жуық жас жұмысқа орналасты. Жасақтар саны екі мыңға өсті. Жасыл қозғалыстың арқасында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан жасөспірімдер табыс тапты. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев келесі жылы еңбек жасақтарына одан да көп адам жинауды ұсынды.
– «Жасыл ел» отрядтарында жастарды қамту екі мыңға ұлғайтылды. Бұл ретте ерекше қолдауды қажет ететін жасөспірімдерге назар аударылды. Бұл отбасыларға жақсы қолдау. Келесі жылы мүмкіндігінше барлық қала мен аудандар бойынша еңбек жасақтарында жұмыспен қамтуды арттыру қажет, – деді облыс әкімі Жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысында.
Жыл қорытындысы туралы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұржан Ілияш баяндады.
Ол облыста әрбір төртінші тұрғын жас ұрпақтың өкілі екенін атап өтті. Өңірде 14 жастар ресурстық орталығы, 71 жастар ҮЕҰ жұмыс істейді.
Ең маңызды мәселелердің бірі – тұрғын үй. 2022 жылы облыста жас мамандар үшін жеңілдікті ипотека іске қосылды. Биыл Қарағанды мен Теміртауға Саран қаласы қосылды. Бағдарламаға он санат бойынша жас мамандар қатыса алды. Жастар ипотекасы бойынша 113 пәтер берілді.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің кешенді жоспары іске асырылуда.
Тағы бір өзекті бағыт – жұмыссыздықты азайту. Басқарма басшысының мәліметінше, биыл 13,5 мыңға жуық жас жұмысқа орналастырылып, мыңға жуығы жастар тәжірибесіне жіберілген. NEET санатындағы жастармен атаулы жұмыс жандандырылды. Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік гранттар беріледі.
Zhas Project байқауында 14 адам жеңімпаз атаным, өз ісін ашуға грант алды.
Жастардың шығармашылық және креативті бастамаларын қолдау мақсатында Қарағандыда комьюнити-орталық ашылды. Онда подкаст жазуға арналған тақырыптық аймақтар, мобилография, дронды басқару бұрышы, коворкинг, дизайн студиясы және басқалары бар. Барлық қызмет тегін. Психологиялық, заңгерлік көмек қызметтері де жұмыс істейді. Кәсіптік бағдар беру және жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша ақпарат алуға болады.
Қалалар мен аудандарда 9 коворкинг-орталық жұмыс істейді.
Облыста жастар кіретін 73 еріктілер ұйымы – шамамен 4,5 мың адам.
Облыс әкімдігі жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.