Иә, мұрындары иіс сезуден қалған шенеуніктер мен әкім-қаралардан халық әбден қажыған. Олардың алдына әлденедей жұмыстарымен барғысы да, тіпті жүздерін көргісі де келмейтін болуы керек. Басқасы басқа, тіпті халық қалаулысы, қарапайым жұрттың дауысы арқылы бұқараның өкілі ретінде сайланатын депутаттармен кездесуге баруға да құлықсыз екеніне көз жетіп отыр. Табан тоздырып, шенділердің табалдырықтарынан аттау былай тұрсын.
Көктен дерек алып отырғанымыз жоқ. Өткен жолы Қарағандыға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Құдайберген Бексұлтанов пен Асхат Аймағамбетов келіп, өңірдегі мәдениет майталмандарымен кездесу өткізді. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары, «Amanat» партиясының облыстағы филиал жетекшісі, қалалық мәслихаттан, мәдениет пен өнер саласында жүрген лауазымды тұлғалар мен атақтылар, тағы да соларды төңіректеген кісілер келіпті. Бөтен кісі көрінбейді. Демек, төтен пікір, оғаш ой да айтылмайды деген сөз. Әйтпесе, басқасы басқа, жарымы орыс, жартысы шала қазақ, дәл Қарағанды аймағының өнері мен мәдениетінде қордаланып қалған мәселе аз дейсіз бе? Мәдениеттің мәселесін театр мен өнер ұжымдарында жүрген қатардағы қызметкерлерден сұрасаңыз, қазір екі қолыңызды төбеңізге қойып қаңғып кетуге болады. Ана кітапханашы, мынау театр әртісінің айлығы қанша, баспанасы қарастырылып жатыр ма, баспанасы болмаса, жатақхана мәселесі шешілген бе, кітапхана мен архивтің жертөлесіндегі құжаттармен жұмыс істеуші бейбақтардың жағдайы нешік жалпы? Жоқ, ондай әңгіме ешқашан айтылмайды осы салаға жауапты жампоздармен кездесуде. Әр саладан сөйлеп үйренген, әбден жаттыққан бірер басшыны әкеп отырғызады да, қояды. Онсыз да әртіс олар да бірер мәселенің шетін шығарған болып сөйлегенсиді. Жауапты тарап та мынадай дүниелерді ұсынбақшымыз дегендей сырғақтатады. Сонымен бір-бірінен құтылғанша асық болады. Бітті.
Әлгі кездесу туралы «билік ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістерге бет алған осы салада» деп жазыпты жергілікті ресми газеттердің бірі. Иә, билік құлықсыз емес, соның тетіктерін орынды қолданып, қызметкерлерінің жағдайын шешіп отырған жергілікті басшылардың ауыз толтырып айтары болмай тұр ғой бірақ. Обалы нешік, Асхат Аймағамбетов атқарылмақ біраз жұмыстың шетін қылтитып айтты. Енді біздікілер де аймақ мәдениетіндегі ахуалды қозғайды екен десек, тағы да атақ пен награда сұрап отыр. Осынысын түсіне алмадық. Мүйізі қарағайдай бір әртіс көкеміз тұрып: «Мынандай бір ойға келдім: жас өнерпазға жігер беретін, талаптандыратын сыйлықтар, мемлекеттік наградалар, марапаттар керек-ақ. Жастардың түсінігінде, наградалар тек қартайғанда ғана келеді. Сондай ой ойлаған азаматта ешқандай құлшыныс болмайды. Жастарға берілетін наградалар берілсе деймін», – десін. Ұят емес пе? Жастарға қазір атақ та, лауазым да керек емес. Олар өздеріндей советтік коммунистер емес. Өнер мен мәдениетте жүрген жастарға жатақхана, баспана сияқты тұрмыстық игіліктер қажет емес пе? Награда мен атақ не береді? Награда нан болмайды.
Аймақ мәдениетінің майлы жілігін ұстаған тағы бір дүмді әйтеуір мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы туралы батыл болмаса да айтуға тырысты. Асхат Аймағамбетов бұрыннан қордаланып қалған бұл мәселе шешімін тауып қалады дегендей қылды. Қалғаны аузын буған күйі отырып, кездесудің тыныш өткеніне қуанып қайтты ғой деймін. Сонымен тынды.
Сөзді Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов: «Нақты мәдениет саласында кадрлық мәселе шешімін таппай келеді. Осы проблеманы шешу үшін жаңа механизм дайындап жатырмыз. Мәселен, мақсатты түрде гранттар бөлеміз. Мақсатты грантқа түскен шәкіртке нақты талаптар қойылады. Яғни, дипломын алған соң кадр жетіспей жатқан ауданға барып жұмыс істеуі шарт. Жұмыс істейтін мекемесі алдын ала бекітіледі. Креативті индустрия бойынша да жаңа шешімдер қабылдаудамыз. Сіздерден нақты ұсыныс болса, тыңдаймыз», – деді.
Ұсыныстың сиқы жоғарыдағыдай. Атақ, даңқ, тірәләлай-тірәләлайдың айналасы.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ