Қарағандыдағы Жеңіс саябағында Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шығарылғанына 36 жыл толуына арналған салтанатты митинг өтті. Шараға Ауған соғысының ардагерлері, әскери қызметкерлер, Қарағанды республикалық «Жас Ұлан» мектебінің тәрбиеленушілері, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының мүшелері және қала тұрғындары қатысты.
Жиналғандар Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жариялады. Одан кейін интернационалист-жауынгерлердің құрметіне орнатылған мемориалға гүл шоқтары қойылды.
– 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскері Ауғанстан жерінен толықтай шығарылды. Алайда бұл күнге жету үшін жауынгерлеріміз 9 жыл, 51 күнге созылған ауыр жолды еңсерді. Қарағанды облысы бұл соғыста 86 азаматын жоғалтты. Бүгін біз өздерінің әскери антына адал болған интернационалист-жауынгерлерге құрмет көрсетеміз. Араға жылдар салып, сол бір ауыр кезеңнің жаңғырығы жүректерімізде әлі де сақталып келеді, – деді Ардагерлер ұйымының Қарағанды облыстық филиалы және «Ардагер» ауған соғыс ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Хасенов.
Жиын соңында Қарағанды гарнизонының әскери қызметкерлері мен «Жас Ұлан» мектебінің тәрбиеленушілері сап түзеп, салтанатты маршпен жүріп өтті.
Ауған соғысы 1979 жылдың 25 желтоқсанында басталып, 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерінің шығарылуымен аяқталды. Бұл қақтығыста КСРО-дан 600 мыңға жуық әскери қызметкер қатысты. Қазақстаннан 22 мыңнан астам сарбаз жіберіліп, олардың 761-і майдан даласында қаза тапты. Қарағанды облысы да Ауған соғысында орны толмас шығынға ұшырады. 86 жауынгер ерлікпен қаза тауып, жүздеген ардагер майданнан жарақатпен оралды. Бүгінде Ауған соғысының ардагерлері бейбіт өмірде жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге белсенді атсалысып келеді. Осындай шаралар арқылы халық батырларымыздың ерлігін еске алып, олардың рухына тағзым етеді. Ауған соғысы тарих беттерінде қалса да, оның зардабы мен сабақтары ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ.
Манас АҚСАРЫ