Ақсақалдар алқасы

2025 жылдың 20-21 ақпаны аралығында Қарағанды облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Адал азамат — қоғам бірлігінің негізі» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің республикалық слеті болып өтті.

«Адал азамат» жобасы жастарды да, ересек ұрпақты да қамтитын әлеуметтік топтардың кең ауқымына бағытталған. Оның мақсаты — азаматтарда отансүйгіштік, әлеуметтік жауапкершілік, Қазақстанның еңбегі мен мәдени мұрасын құрметтеу құндылықтарын қалыптастыру.

— Мемлекет басшысы атап өткендей, Ассамблея 30-жыл ішінде конституциялық мәртебеге ие маңызды қоғамдықорган екендігін іс жүзінде нақты көрсетті. Қарты бар үйдің қазынасы бар, дейді. Демек сіздер сияқты аға буын өкілдері біздің қоғамымыздың қазынасы. Бүгінде іс-шаралар баршаға әсіресе біздің жастарға қажет деп санаймын. Аға ұрпақ өкілдері, оларға жол көрсетіп, дұрыс бағдар тәлім-тәрбие береді. Өмірлік бағдар болатын ақылдарын айтады,- деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Алғашқы күні алқалы бас қосуға келген қонақтар Қарағанды облысы, Саран қаласының индустриялық аймағында, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайында болып, Абай ауданының Көксу ауылдық округіндегі «Шанс» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

— Ұлы бабалар жатқан Қарағанды жеріне Түркістан өлкесінен келіп отырмыз. Қарағандыны аралап, өндіріс орындарында болдық. Ауылшаруашылығымен таныстық. музейде болдық. Қарағанды қарқынды дамуда. Ақсақалдардың негізгі міндеті – елдің бірлігін, ынтымағын, татулығын сақтау. Жастарды тәрбиелеу, болашаққа деген жастарымыздың ынтасын арттыру, әсіресе мына өзіміздің қазақ тілін көбірек насихаттау, -дейді Түркістан облысы «Ақсақалдар кеңесінің»  төреағасы Созақбай Әбдіқұлов.

Ақсақалдар кеңесі слетінің екінші күні салтанатты іс-шара өткізіліп, оның барысында «Адал азамат» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Олар өз жұмыстарын атқару барысында асқан жауапкершілік танытып, өздеріне жүктелген міндетті тиісті талапқа сай, азаматтық жауапкершілік және әлеуметтік белсенділік таныта отырып атқара білген түрлі қызмет салаларының өкілдері. Сондай-ақ, Қарағанды қаласының жоғары және орта арнаулы оқу орындарында көрнекті мемлекет қайраткерлерінің жастармен бірқатар кездесулері өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының, Ақсақалдар кеңесінің екі күндік республикалық слетінің соңына «Адал азамат» жобасын одан әрі іске асыру бойынша шаралар әзірленіп, жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды.

— Биылғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Абай атамыздың 180 жылдығы. Міне осындай шаралардың қарсаңында біз бүкіл өңірді аралап, Ақсақалдар кеңесінің ақсақалдары келіп жер иелерімен танысып жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Мемлекетті асырап отырған Қарағанды облысы. Кеншілер шаһары көркейе берсін, -деп атап өтті Атырау облысы «Ақсақалдар кеңесінің» өкілі — Кеңес Қосубаев.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар «Адал Азамат» жобасы аясында өскелең ұрпақты тәрбиелеу бойынша жұмысты күшейту қажеттілігі, Қарағанды тәжірибесі негізінде «Адал Азамат» жобасын масштабтау туралы шешім қабылданды.

ЖҰПАР ТОНТАЙТЕГІ,                                    

«QH»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *