Өтірік хабар, қалта қағар

Қарағанды қаласының 12 мектебіне жарылғыш зат қойылғаны туралы ақпарат желдей есті. Иә, бір емес бірнеше мектепке «бомба» қойған кім екен? Оны құзырлы органдар анықтай жатар.

Бұл жерде алдымен бұл еріккеннің ермегінің етек алып бара жатқанына тоқталсақ. Олай деуге негіз бар. Мектептен шаршағаны ма, әлде өзің батыр санады ма? Кімде болса, мектептердің электронды поштасына жалған ақпаратты «ата» берген. Бұл туралы полиция департаменті «22 желтоқсан күні сағат 11-ден бастап Қарағанды қалалық полиция бөлімінің кезекші бөлімшелеріне қаладағы 12 мектепке жарылғыш зат орнатылғаны туралы хабарламалар түсе бастады. Жедел тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – деген хабар таратты.

Ал бұл әрекетке барған адамға Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл (14,5 млн теңге) немесе бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген. Дүйім жұртты әуре-сарсаңға түсірген күдікті іздестіріліп жатыр. Табылар, оған сөз жоқ. Дегенмен, ата-анасының қалтасын қағып қана қоймай, қаншама адамның жүйкесі жұқарады десеңізші?

Дәл осындай жағдай жақында Теміртауда да болған еді. Қаладағы бір оқушы мектепті «жарып жібермек» болды. Кейін белгілі болғандай 12 жасар бала сабақтан үйіне ертерек қайтқысы келген екен. Оқиға 14 желтоқсан күні күндізгі сағат 13.00 шамасында болған. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасына хабарласқан жасөспірім №20 мектепті жарып жіберетінін айтқан. Білім ұясына саперлер мен полицейлер шұғыл жеткен. Мектептен 500-дей оқушы мен мұғалім эвакуацияланған. Білім ордасы қоршауға алынып, тексеру жұмыстары жүргізілді. Алайда мектептен ешқандай жарылғыш зат табылмады. Жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында күдікті ретінде сол мектепте оқитын 12 жастағы оқушы анықталған. Ол полицейлерге жауап беру кезінде үйіне ертерек қайтқысы келгендіктен жалған хабарлама бергенін айтқан.

Айта кетейік, терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат бергендерге 5000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн (14,5 миллион теңге) айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіледі. Сондай-ақ бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер мұндай әрекеттерді кәмелет жасына толмағандар жасаса, онда келтірілген зиянды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.

Иә, бұған дейін де мұндай оқиғалар тіркелген. Тек, «бомба» қоюшылар бір нәрсені ұмытуда. Ол – жауапкершілік.

«Жалған «жарылғыш зат» қойылатын нысандар олар көбінесе адамдар көп жиналатын орындар, мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелері, көлік инфрақұрылымының объектілері болады. Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарында мұндай қылмыстармен күресуге барлық мүмкіндік бар, заманауи техникалық құралдармен жабдықталған», – өткен жылы брифингте ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуев. Оның айтуынша, қоңырау шалған адам дауысын өзгертсе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, ол бәрібір табылады.

Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеу немесе осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылады. Осы қылмысты жасағаны үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапқа тартылады, сондықтан мұны мектеп оқушылары білуі тиіс. Сонымен қатар осындай хабарламаның кесірінен келтірілген барлық шығын өтелуі тиіс. Мұндай әрекетті кәмелетке толмаған бала жасаған болса, шығынды ата-анасы өтейді.

Жалған «бомба» қоймас бұрын ойланған дұрыс болар еді…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *