Меткомбинатты газға көшіру

Қарағанды облысында газдандыру белсенді жалғасуда. Биыл облыс орталығында тағы үш іске қосу кешенін аяқтау жоспарланған, соның арқасында көгілдір отын Федоровка, Үлкен Михайловка, Кирзавод, Ескі әуежайдың 100-ге жуық көшелеріне, сондай-ақ «Таугүл» және «Күнгей» шағын аудандарына жеткізіледі. Теміртауда жеке сектордағы үйлерді газдандыру аяқталуға жақын, газ құбыры Qarmet меткомбинатына да тартылады.

Аймақты газдандыру қарқыны мен алдағы жоспарлар туралы аппараттық кеңесте айтылды.

Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев баяндағандай, Қарағанды мен Теміртауда 9 589 жеке тұрғын үйге газ берілді. Орталықтандырылған көгілдір отынға қосылу 52,7% құрайды.

– 2025 жылы Қарағандыда 4, 5 және 6 іске қосу кешені бойынша жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр. Теміртау бойынша жеке секторды газдандыру жобасы аяқталады. Шахтинск пен Солтүстік-Батыс кентін газдандыру жұмыстары жалғасуда, – деді Тілектес Досаев.

Оның айтуынша, Шет ауданының елдімекендеріне, сондай-ақ Ақтау және Ғ.Мұстафин ауылдарына газ құбыры мен желілерін қаржыландыруға бюджеттік өтінімдер берілді.

Қарағанды әкімі Мейрам Қожухов барлық үш іске қосу кешені бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ Теміртау әкімі Ғалым Әшімов ағымдағы жұмыстар туралы баяндады. Үшінші іске қосу кешені бойынша 909 жеке тұрғын үйді қосу қажет.

– Теміртау бойынша биыл жеке секторды аяқтаймыз. Ендігі міндет – үйлерді қосу және комбинатты газдандыру. Кәсіпорынды табиғи газға көшіру жобасы белсенді іске асырылуда – газ құбыры тартылып жатыр. Осылайша экология мәселесі шешілетін болады, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. – Газдандыру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мақсаттарының бірі, экологиялық жағдайды жақсарту және ең бастысы – халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Облысты газбен қамтамасыз етуден басқа, біздің міндетіміз – тұтынушылар үшін қосылуды қолжетімді ету. Ол үшін бөліп-бөліп төлеу бағдарламасын іске қостық: алдымен газды қосу, сосын пайызсыз бөліп төлеу.

Өткен жылы бұл бағдарламаны Қарағанды мен Теміртауда 206 абонент пайдаланған. Жыл басынан бері 41 үй бөліп төлеу арқылы қосылды, жалпы 400-ге жуық үй бағдарламамен қамтылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *