Қарағандыда Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) 30 жылдығына арналған облыстық кеңес отырысы өтті. Басқосуда мерейтойлық жылдың тек салтанатты деңгейде ғана емес, мазмұндық тұрғыдан да маңызды болуына ерекше назар аударылды. Әсіресе, жастардың рөлі, еріктілік қызмет және ғылыми бастамаларды дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ассамблеяның бүгінде этносаралық келісімнің символына ғана емес, сонымен қатар қоғам мен мемлекет арасындағы диалогтың нақты құралына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қарағанды облысындағы ҚХА ұлттық бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан көптеген азамат ордендер мен медальдармен марапатталған.
– Жеңістің 80 жылдығы мен ел Конституциясының 30 жылдығымен қатар биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы. Осы уақыт ішінде ҚХА өзін ұлттық бірлік пен диалогты нығайтатын бірегей институт ретінде көрсетті. Қарағанды Ассамблеясы өңірдің дамуында елеулі рөл атқарды, – деді аймақ басшысы.
Кездесуде Ассамблея жүзеге асырып жатқан жобалар жайлы да сөз болды. ҚХА өкілдері жастарды тарту аса маңызды екенін баса айтты. «Жастар Ассамблеясы» төзімділік мәдениетін қалыптастыру, дәстүрлі құндылықтарды насихаттау және жастарды қоғамдық өмірге белсенді араластыру бағытында жұмыс жүргізуде. Әкім әрбір этномәдени бірлестікте жастардың өкілі болуы керегін жеткізді.
Сонымен қатар, ҚХА-ның ғылыми бағыты да айтылды. Биыл Қарағандыда қазақ математигі әрі қоғам қайраткері Әлімхан Ермековке арналған конференция өтпек. Бұған қоса, Ассамблея еріктілер қозғалысына белсенді қатысып, қайырымдылық шараларын қолдап келеді. Ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту бағытында да жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде.
– 30 жыл ішінде Ассамблея өзінің бастапқы миссиясының шеңберінен шықты. Бүгінде ол еріктілікпен, қайырымдылықпен, әлеуметтік қолдаумен айналысады. Өткен жылы су тасқыны кезінде ҚХА бірінші болып көмекке келді. Жақында Достық үйінде ақсақалдар мен жастардың диалогы өтті. Бұл Ассамблея ұлтаралық өзара іс-қимыл үшін тұғырнамаға айналғанын көрсетеді, – деді ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Рустам Бузяков. – Елдегі бейбітшілік пен тұрақтылық – оның көп жылдық жұмысының нәтижесі.
Жиын соңында қоғам және этномәдени бірлестік өкілдеріне мерейтойлық медальдар табысталды. Теміртаулық грек мәдени орталығының төрайымы Деспина Касапиди бұл орайда:
– Бұрын біз бытыраңқы болғанбыз, ал бүгін бір үлкен отбасындаймыз. Ассамблеяның күші де осында, – деп әсерін бөлісті.
ҚХА-ның 30 жылдығы – еліміздегі этносаралық татулық пен бірліктің берік негізін айғақтайтын маңызды белес.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ