Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жұмыс сапарымен Қарағанды облысында болып қайтты. Өңір активімен кездесуде әлеуметтік-еңбек саласындағы цифрлық шешімдер жайлы айтылды. Облыс бұл бастамаларды енгізу бойынша пилотқа қосылады деп шешілді.
Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында әлеуметтік бюджеттің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Міндет – шын мәнінде мұқтаж жандарға қолдау көрсету.
Мысал ретінде Отбасының сандық картасы, Кәсіпорындардың сандық картасы сияқты құралдар егжей-тегжейлі қарастырылған. Сондай-ақ, инновациялық жоба навигаторының іс-қимылы көрсетілді, онда бір пернені басу арқылы нақты көріністі көруге болады: қанша жұмыс орны құрылды, зейнетақы аударымдары және т.б.
Қарағанды облысында әлеуметтік саланы қаржыландыру екі есеге жуық ұлғайды. Мүгедектігі бар адамдарға жұмыс табуға көмек көрсетіледі. Зейнеткерлерді жұмысқа орналастыру үшін «Алтын жас» бағдарламасы жұмыс істейді. Несиелер бойынша қарызы бар отбасылармен жұмыс жасау мақсатында «Қайта бастау» жобасы пилоттық режимде іске асырылуда. Қазір ол екі ауданды қамтиды – Бұқар жырау және Осакаров, ал болашақта оны бүкіл облысқа тарату жоспарланып отыр.
Кездесуде сандық жүйелердің артықшылықтары талқыланды.
– Біз оларды енгізу жөніндегі пилоттық жобаға қатысатын боламыз. Бүгінгі таңда қызмет етіп тұрған барлық платформаны қолдаймыз және пысықтаймыз, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Светлана Жақыпова жемісті кездесу үшін алғыс айтып, жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік-еңбек саласындағы жұмысын жетілдіру үшін бірқатар ұсынымдар берді.
Жұмыс сапары барысында министр регресшілермен кездесті.
– Өздеріңіз білесіздер, 2024 жылы зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істегендер үшін арнайы әлеуметтік төлем туралы заң күшіне енді. Бүгінде бұл төлемді 17 мыңға жуық қазақстандық алады, оның екі мыңнан астамы Қарағанды облысында. Сұрақтардың бірі кәсіби зейнетақы жарналарын жинақтау өтілі жеткіліксіз болғандарға қатысты болды. Осы уақыт ішінде біз зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген адамдардың еңбек кітапшаларын цифрландыру бойынша жұмыс жүргіздік. Мемлекеттің міндеттемелері бойынша өзекті есептеулер жүргіздік. Депутаттар тобымен бірлесе отырып, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу және осы санатты төлемдер алу үшін енгізу жұмыстарын жүргізудеміз. Біздің министрлік базасында жұмыс тобының қызметін қайта жандандырып, алғашқы отырысты мамыр айында өткіземіз деген ортақ қорытындыға келдік, – деп хабарлады Светлана Жақыпова.
Еңбек министрлігінің басшысы сондай-ақ облыс тұрғындарымен кездесу және жеке қабылдау өткізді.
Бұдан басқа, Светлана Жақыпова Теміртаудағы өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау форумына қатысып, өңірдің бірқатар әлеуметтік нысанды аралады.
Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ол тәулік бойы күтімге мұқтаж қарттарға арналған жағдайлармен танысты.
Қарағанды жоғары политехникалық колледжінде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында білікті кадрларды даярлау туралы айтылды.