Өңірдегі оң іс – әлеуметке жеміс

«Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан, реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың төртінші отырысында осылай дегені белгілі.

Мысалы, былтыр 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы 7%-ға, ынтымақты зейнетақы 9%-ға инфляцияны ескере отырып индекстелді. Әлбетте, бұл орайда Қарағанды облысы Отанымыздың индустриялық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Биылғы қаңтар-ақпан айларында аймақтың экономикалық өсу қарқыны 13,9%-ды құрады. Кейінгі алты жылда ғана облыста шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істейтін адамдардың үлесі жыл сайын өсіп, бүгінде экономикалық белсенді тұрғындардың 34,3%-ын құрайды. Көзайым көрсеткіш өңірдегі кәсіпкерліктің дамуы мен халықтың экономикалық белсенділігінің артқанын көрсетеді. Көгілдір отын көкжиегі Қарағанды және Теміртау қалаларын газдандыру мәселесінде 9 589 үйге газ желілері тартылды. 5 058 үй газбен қамтамасыз етілді. Қарағанды облысында газдандыру белсенді жалғасуда. Биыл облыс орталығында тағы үш іске қосу кешенін аяқтау жоспарланған, соның арқасында көгілдір отын Федоров, Үлкен Михайлов, Кирзавод деп аталар қала бөліктері мен ескі әуежайдың 100-ге жуық көшесіне, сондай-ақ, «Таугүл» және «Күнгей» шағынаудандарына жеткізіледі. Теміртауда жеке сектордағы үйлерді газдандыру аяқталуға жақын. Газ құбыры Qarmet меткомбинатына да тартылады. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Тілектес Досаев баяндағандай, Қарағанды мен Теміртауда 9 589 жеке тұрғын үйге газ берілді. Орталықтандырылған көгілдір отынға қосылу 52,7%-ды құрайды.

– 2025 жылы Қарағандыда 4, 5 және 6 іске қосу кешені бойынша жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр. Теміртау бойынша жеке секторды газдандыру жобасы аяқталады. Шахтинск пен Солтүстік-батыс кентін газдандыру жұмыстары жалғасуда, – деді Тілектес Досаев. Спикердің айтуынша, Шет ауданының елдімекендеріне, Ақтау және Ғ.Мұстафин ауылдарына газ құбыры мен желілерін қаржыландыруға бюджеттік өтінімдер берілген. Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов барлық үш іске қосу кешені бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын қосымша хабарлады. Теміртау әкімі Ғалым Әшімов ағымдағы жұмыстар туралы мәлім етті. Үшінші іске қосу кешені бойынша 909 жеке тұрғын үйді қосу қажет.

– Теміртау бойынша биыл жеке секторды аяқтаймыз. Ендігі міндет – үйлерді қосу және комбинатты газдандыру. Кәсіпорынды табиғи газға көшіру жобасы белсенді іске асырылуда – газ құбыры тартылып жатыр, – деп атап өтті құрыш қала әкімі.

Газдандыру – өңірдің әлеуметтік­экономикалық дамуының маңызды мақсаттарының бірі, экологиялық жағдайды жақсарту және ең бастысы – халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Облысты газбен қамтамасыз етуден басқа, біздің міндетіміз – тұтынушылар үшін қосылуды қолжетімді ету. Ол үшін бөліп-бөліп төлеу бағдарламасы іске қосылды. Алдымен газды қосу, сосын пайызсыз бөліп төлеу. Өткен жылы бұл бағдарламаны Қарағанды мен Теміртауда 206 абонент пайдаланған. Жыл басынан бері 41 үй бөліп төлеу арқылы қосылды, жалпы 400-ге жуық үй осы бағдарламамен қамтылады.

 

***

Аймақ соңғы жылдары тұрақты экономикалық өсім көрсетіп келеді. Мәселен, 2018-2023 жылдар аралығында облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 4,7 трлн теңгеден 7,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Яғни, облыс экономикасының алты жыл ішінде айтарлықтай нығайғанын көрсетеді. Былтырдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша аймақтың жалпы өңірлік өнімі 5 805,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,9%-ға өскен. Сонымен қатар, өндірісті өңір Қазақстан Республикасының жалпы ішкі өніміндегі үлесі 6,8%-ды құрап, үздіктер сапында төртінші орынға тұрақтады. Көрсеткіш бойынша облыс Алматы (19,3%), Атырау облысы (11,6%) және Астана (10,8%) қалаларынан кейінгі орынға жайғасты. Облыстың экономикалық жетістіктерінің бірі – жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнімнің артуы. 2018 жылы бұл көрсеткіш 9,9 мың АҚШ долларын құраса, 2023 жылы 15 мың долларға жетіп, 49,6%-ға өсті. Осы көрсеткіш бойынша Қарағанды облысы республикада алтыншы орынға табан тіреді. Экономикалық өсімнің қарқыны өңірдегі өнеркәсіптің, өндірістің және шағын және орта бизнестің дамуымен тікелей байланысты. Инвестиция тарту, жаңа кәсіп­орындар ашу және инфрақұрылымды дамыту – аймақтың басты басымдықтарының бірі. Тұрақты өсім өңірдегі халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және әлеуметтік жағдайдың нығаюына зор ықпал етуде. Сонымен, қазыналы Қарағанды экономикасының алдағы жылдары да осындай қарқынды дамуы күтіледі. Мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы өңірдің экономикасын одан әрі нығайтып, Қазақстанның экономикалық картасындағы маңызын арттыра түсері һақ.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *