«Сағындырған әндер-ай» ретро кеші

Ақадыр кентінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасына еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, композитор, әнші Ескендір Хасанғалиевтің 85 жасқа толуына арналған «Сағындырған әндер-ай» атты ретро әндері кеші өтті. Шараны Ш.Бейсекқызы атындағы мәденисауық орталығының қызметкерлері ұйымдастырды.

Қызықты кеш қазақ музыкасының қорында сақталып, ертеден ұмытылмай келе жатқан «Әдемі-ау» әнімен бастау алды. Бұл әннің өзіндік тарихы бар және марқұм ағамыздың өмірлік жары, өмірлік махаббаты Дарико жеңгемізге арналғанын барша қауым жақсы білетіні анық. 1970 жылы Ескендір ағамыз концертпен Қарағанды қаласына барғанда 30 жастағы жігіт болса керек. Жеке концертін беріп жатқанда ағамыздың назары алдыңғы қатарда отырған екі көзі тостағандай, аппақ қызға түседі. Содан ән айтқан сайын оларын осы қызға арнап шығады. Кеш соңында ұйымдастырушылардың арқасында ғашық болған қызымен танысады. Сол қыз Дарико апамыз болып шығады. Алматыға қайтып келген соң ағамыз көргенін достарына айтады. Содан Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған осы ән өмірге келеді. Кейін жеңгемізге арнап ағамыз «Асыл арман», «Есіңе ал», «Ескірмеген махаббат» атты әндерін дүниеге әкеледі.

Аталған әнді «Замандастар» вокалды-инструменталдық ансамблінің сүйемелдеуімен облыс, ауданымызға белгілі әнші Талғат Мұқашев нақышына келтіре орындады.

Кеште әйгілі сазгеріміздің әндерімен қатар басқа композиторлардың әндеріне де кезек берілді. Әсіресе, С.Сейфуллин кентінен келген Айнұр Данабекова, Өспен ауылынан келген Шырқа Ағыбай әдемі әндерімен көпшіліктің көңілінен шықты. Ал енді көрермендерге бірнеше әнін жолдаған «Замандастар» және «Бақыт мекені» ансамблдерінің қатарында ақадырлықтармен бірге Ортау ауылының тумалары Яхия Демеу, Ержан Тілеуханов, Әмір Мұқашев, Абзал Төребеков те бар.

Олармен қоса сахнада эстрада әншілері Алшағыр Жақаев, Айзада Рыспекова, Дана Данабекова, Данияр Мадин, дәстүрлі әнші Дастан Мұттасар, «Шах Нұр» және С.Мұхамежанов атындағы өнер мектебінің бишілер топтары өз өнерлерін ортаға салды.

Кеш соңында Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының директоры Бесимов Нұржан Тұрсынұлы мәдени шараға белсене қатысқан өнерпаздарды Алғысхаттарымен марапаттады.

Залға жиналған көрермендер әсерлі кештің куәсі болғаны үшін өздерінің ризалықтарын білдіріп жатты.

            Қалижан БЕКҚОЖИН,

 Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *