Жаңаарқада Ұлттық ұланның қаһарман жауынгері Айбат Амановты еске алуға арналған турнир аяқталды

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында республикалық жарыстардың чемпионы, қаңтар оқиғалары кезінде ерлікпен қаза тапқан Ұлттық ұлан жауынгері Айбат Амановты еске алуға арналған үш күндік бокс турнирі өз мәресіне жетті. Турнирдің жабылу салтанатына қаһарманның ата-анасы, ардагерлер, Айбат қызмет еткен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, сондай-ақ Жаңаарқа ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты.

Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған жарысқа жүздеген жасөспірім қатысты. Жаңаарқа, Шет ауданы және Ақсақыр кентінен келген жас боксшылар арасынан үздіктер анықталды. Сарапшылар турнирдің жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

– Айбат Амановтай азаматтар тек ауданымыздың ғана емес, еліміздің мақтанышы. 7 — мамыр Отан қорғаушылар күні мерекесінде осындай турнирдің өтуінің маңызы зор. Жастар Айбаттай азаматтардан үлгі алу керек.. Бұл турнир балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мол тәжірибе берді. Мұндай жарыстар келесі жылы да жалғасын табуы тиіс, – деді «Amanat» партиясының аудандық филиалының төрағасы Амангелді Түсіпов.

Жарысқа 100-ге жуық жас спортшы қатысып, бес салмақ дәрежесі бойынша 60-тан астам медаль жиынтығы сарапқа салынды. Ерлік иесінің ата-анасы дайындаған арнайы сыйлық 63 келі салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен Еламан Хайнилзаятқа табысталды.

– Турнир үшінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Бұған дейін арнайы жүлдені ұл балалар жеңіп алатын. Биыл қыздарды да марапаттауды жөн көрдік – олар да жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан басшылығына үлкен алғысымызды білдіреміз. Бұл турнир жыл сайын жалғасып, республикалық деңгейге жететініне сенімдімін, – деді жауынгердің анасы Гүлназ Әлкенқызы.

Біріншіліктің қорытындысында жеңімпаздарға салтанатты жағдайда марапаттар мен медальдар табысталды. Былтыр батыр жауынгер тұрған үйде және Ақселеу Сейдімбек атындағы орта мектепте ескерткіш тақта ашылғанын атап өткен жөн.

Еске сала кетейік, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімінің жауынгері Мадияр Қайсаров пен Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімінің жауынгері Айбат Аманов қарулас жолдастарын қорғау жолында қаза тапқан. Көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін олар Мемлекет басшысының Жарлығымен (қаза тапқаннан кейін) III дәрежелі «Айбын» орденімен және Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Қаһарман жауынгерлердің есімі қызмет еткен әскери бөлімдердің мәңгілік тізіміне енгізілді. Бүгінде Қарағанды қаласы мен Жаңаарқа ауылында батырларды ұлықтаған билбордтар орнатылған. Олар оқыған мектептер мен колледждерде ерліктерін сипаттайтын бұрыштар мен стендтер ашылған. С. Сейфуллин атындағы Жаңаарқа тарихи-өлкетану музейінде Айбат Амановтың әскери киімі мен жеке заттарынан тұратын көрме ұйымдастырылған. Қызылорда және Талдықорған қалаларындағы әскери бөлімдерде де естелік бұрыштар орнатылған.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *