Биыл сүйікті қаламыз Қарағандыға – 90 жыл. Дәстүр бойынша, ақпан айында Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің көрме залдарында Қала күніне арналған өнер туындыларының көрмесі көрермендер назарына ұсынылады. Бірақ біз биыл жаңа жылдағы алғашқы көрмені сүйікті қаламыз Қарағандыға арнадық.
Біздің қаланың ақпан айында қала мәртебесін алған күні (1934 жыл 10 ақпан) осы мерейлі мерекеге орай «Сарыарқа төсіндегі сәулетті қала – Қарағанды» көрмесі тағы да көрерменге жол тартты, яғни биыл 10 ақпанда 90 жылдығын атап өтеді.
А.Бегалин. «Қысқы Қарағанды». Кенеп, майлы бояу
Туған жерге деген махаббат – қаланың ең керім жерлеріне және табиғатына деген іңкәрлігі, біздің жерімізді атақты етіп, мәртебесін көтерген, экономикасының, мәдениетінің дамуына үлес қосқан адамдарға масаттану және қаламыздың тарихымен мақтану. Бұл сезімдер Қарағанды мен оның тұрғындарын өз туындыларында бейнелеген суретшілер туындыларында тамаша көрініс тапқан. Қаламыздың ерекшелігі көп жағдайда, туындылардың мазмұнына себепші болды, өйткені Қарағанды Қазақстанның ірі индустриалды орталықтардың бірі болып саналады.
Б.Мұстафин. «Шалқыма концерт залы». Кенеп, майлы бояу
Сондықтан да, суретшілердің өз туындыларында кеншілер мен металлургтердің еңбек тақырыптарына, индустриалды пейзажға, адамдар және замандастардың жасампаз қызметіне сүйенгені кездейсоқ емес. Көрмедегі суреттер мен мүсіндік жұмыстарда Қарағанды қаласының өмірі, оның сыртқы түрінің өзгеруі, туған жерлердің танымал көріністері, суретшілердің өз көзқарасымен, олардың дүниеге деген көзқарасы және әр суретшінің өзіне тән жеке палитрасында бейнеленген көрнекті тұлғалардың портреттері екені сөзсіз.
«Қала бейнесі» деген ұғым қайдан пайда болды? Сөзсіз қала бейнесі ең алдымен табиғи ландшафтан және архитектуралық ортадан және оның тұрғындарынан құралады. Кез-келген қаланың басты образы оның тұрғындары екеніне ешкім де, ешқашан да таласпайды. Сондықтан да көрмеде портреттер галереясын көруге болады, мұнда Қарағандының көрнекті тұлғалары – кеншілер, құрылысшылар, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері және өнертанушылар бейнеленген.
С.Д.Щеголихин. «Аппақ Байжановтың портреті». Кенеп, майлы бояу
Барлығымыз білеміз Аппақ Байжанов 1833 жылы осы Қарағанды жерінен көмір тауып алғанын. Бұл тамаша көрініс Сергей Данилович Щеголихиннің «Аппақ Байжанов ескерткіші» деп аталатын картинасында тамаша бейнеленген. Содан бері бірнеше жылдар өтті. 1934 жылдың 10 ақпанында Қарағандыға қала мәртебесі берілді. Қарағанды бүкілодаққа үшінші көмір бассейні ретінде танылды.
50-60-ші жылдары, зұлмат та ауыр 30-шы жылдардан соң, одан кейінгі соғыс жылдары бар, осының бәрін басынан өткерген Қарағанды, қаншама қиын кезеңдерді бастан өткерсе де, гүлденіп көркейе бастады. Қаланың құрылысына әр ұлт, әр мамандық иелері үлес қосты.
Әрине сүйікті Отаны мен көрікті қаласын суретшілерден басқа кім үйлесімді суреттемек. Қарағандының өсуі, өркендеуі даңғылдар мен көшелердің пайда болуы танымал ескерткіштер мен сәулет өнері туындылары және мүсіндер – осының барлығы біздің суретшілердің қолынан шықты, олар: Мыңғыш Мәуленұлы Абылқасов, Павел Степанович Андреюк, Петр Кузьмич Антоненко, Виктор Иванович Крылов, Виктор Петрович Буш, Гилярий Грацианович Гилевский, Вениамин Вячеславович Шамшин және тағы басқалар.
Евразияның кіндігінде Сары-Арқаның сары даласы керіліп жатыр. Мұнда таулы өлкеде, өзен-көлде, нулы орманда бар, түрлі-түсті гүлге оранған әсем табиғаты бар қасиетті жер.
Бұл жұмыстарды бір арнаға тоғыстырған Қазақстанның кең байтақ өлкесіне деген ыстық ықылас, үлкен сүйіспеншілік. Экспозицияда бейнелеу өнерінің барлық түрі мен жанрындағы жұмыстарды көруге болады. Кейбір суретші өткенге көз сала отырып, елдің тарихын жырлайды, енді бірі үшін қазақ мәдениетінің көркем дәстүрі маңызды, осы композициялық ритмді қанықты түс гаммасымен, тоқтамай жылжып өтіп жатқан өмір ағысын қылқаламның құдіретімен әсерлі де мәнерлі бейнелеген. Көбісі туған жердің көз тоймайтын тамаша табиғатын жырлайды, Сарыарқаның сары даласын және туған қаласының әсем табиғатын кенептерде ерекше бейнелейді. Кейбір қарағандылық заманауи метафоралық, аллегориялық композицияларда адам және қоғамның байланысын, дамуын ішкі жан тебіренісін көрсеткен. Кішкене ғана сәндік қолөнер бұйымдары арқылы суретшілер ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан бай дәстүрімізге жаңашылдық әдістер мен техниканы пайдалана отырып үйлесімді жасаған.
А.Перминов. «Қара алтын». Кенеп, майлы бояу, аралас техника
«Әрбір туынды – ол бір әлем» дегендей көрмеге қойылған шығармалардың философиялық мағынасын бір мақалада ашып көрсету мүмкін емес. Музей қорынан алынған шығармалар қарағандылық танымал аға буын суретшілер Виктор Иванович Крылов – Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Райымқұл Есіркеев, Петр Кузымич Антоненко, Мыңғыш Мәуленұлы Әбілқасов – Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Владимир Кузымич Ворохобин, Қазақстан Республикасы Еңбек сіңірген қайраткері – Мұрат Әбдіраманұлы Қалқабаев, Павел Андриюк, Владимимр Иманасов, Сейтмахан Қалмаханов, Төлеуғали Алмазұлы Кеңесбаевтардың жұмыстары көне Қарағандымен, шахтерлардың күнделікті өмірлері жайлы жырлайды. Сонымен қоса қаланың туу тақырыбын «Әппақ Байжанов» (1982 ж.) атты Сейтмахан Қалмаханов шығармасынан да көруге болады: бойында күш-қуаты тасыған жас жігіттің қолындағы көмірден болашақта осы даланың қайнаған, өмірге толы қалаға айналатынын айтқысы келіп тұрғандай әсер аласыз.
Қарағанды суретшілері өздерінің қаласы туралы толғаныстарында өнердің отандық және әлемдік дәстүрлерін қалыптастырды. Қала тарихын өз өнерінде түрлі жанрда, әртүрлі тақырыпта көркем шығармашылықпен бейнелей отырып, адамдарды жасампаз еңбекте, іс-әрекет үстінде баянды етеді.
Орта буын өкілдері Петр Кишкис, Олег Дроздов, Төлеген Мыңғышұлы Әбілқасов, Игорь Раковтардың жұмыстары біздің қаланың әсем жерлері мен демалыс орындарын және көне қаланың бізге таныс, жүрегімізге жақын тарихи орындарын бейнелеген.
Манат Аманбаевтың графикалық жұмыстары ұлттық нақышта жазылған, автордың шеберлігімен сол заманның кейіпкерлерінің өмір сүрген кезеңі мен образын нақты аша білген. Эльонора Селезневаның, Людмила Смирнованың, Леонид Фроловтың су бояумен салынған шығармалары өте нәзік әрі жылылық сыйлайды.
Қолданбалы өнер бөлімінде Өміркелді Әбеуовтың, Людмила Байкованың, Ерғазы Исатаевтың жұмыстарынан ата-баба дәстүрін сақтай отырып техниканың жаңа түрлерін пайдаланып шығармаларын көз тартарлық әсем безендіргенін көре аламыз.
Мүсіндік өнерде портреттерді танымал шеберлер Анатолий Билык – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Жаубасар Қалиев, Алексей Цой, Александр Иванович Болюхтар сомдаған.
Қарағандылық суретшілердің әр шығармасынан асқан шеберлікті, кәсіпқойлықты, өзінің туған еліне, өскен жеріне деген ыстық ықыласты сезуге болады. Ел көңілінен шығып жатқан осындай істің жалғасын табарына сеніміміз мол.
Қарағандының монументальды өнері. Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген Өнер қайраткері Анатолий Петрович Билык, сонау елуінші жылдары жас қалаға келіп артында өшпес із қалдырды. Оның «Кеншілер даңқы», «Нүркен Әбдіров» ескерткіші біздің қаламыздағы ерлік пен ерен еңбектің символы. Қарапайым қазақ баласы Нүркен Әбдіровтың өмірі мен ерлігі қаһарман, қаншыл қазақ ұлтының бойындағы игі қасиеттердің айнасындай әлемге шұғыла шашып тұр.
Біздің қаламыздың бай тарихы, бізге талдап оны әлі де тереңнен зерттеуге мүмкіндік береді. Суретші ол тарихты бейнелеуші – өткен күн тарих кешегі қарағанды бейнесін біз осы суретшілер шығармаларынан көре аламыз. Ал қала тарихы – ол сол қалада өмір сүріп жатқан адамдар тарихы.
Бұл туындылар қарағандының қайталанбас ерекше образын сомдайды.
Қарағанды жылдан жылға өркендеп өсіп гүлденіп келеді, биылғы жылы сүйікті қаламыздың 90-жылдығын атап өтеміз. Сүйікті қаламызға жаңа жеңістер мен биік асулар тілейміз!
Суреттер Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорынан алынды.
Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА,
мәдениет саласының үздігі.
Қарағанды облыстық
бейнелеу өнері музейі
басшысының орынбасары