Кванттық шиеленіс немесе мың сөз

– Мен қазақтың ұмыт болып бара жатқан мың сөзін білемін, – деді Төрехан Майбас ағам ең алғаш кездескенімізде. Аспанға қарап тұрып айтты. Біз де аспанға қарадық. Шөкімдей бұлт жоқ. Жаздың шіліңгір шілдесі еді. Жоғары қарап сөйлейтін әдеті екен. Бұл ағамыздың Қарағандыға сыймай, Алматыға қызмет ауыстырған кезі еді. Бұрындары газеттен талай оқып, бір көруге құмартып жүрген ағамызбен осылай таныстық. Осылай табыстық. Кейін кітап болып басылып шыққан портреттік мақалалар жинағын сыйлады. Ішінде біз білмейтін сөздер көп. Мың сөз толық қамтылмағанымен қаншама құнды дүние бар. Мысалы «Шікіл». Біз бұл сөздің «құлабыз» деген баламасын білуші едік. Шікіл – құс қайтқанда көш бастайтын құстың атабиі екен. Кейіпкерін осыған теңепті. Бұл кісінің ерекшелігі сол, бір сөздің мағынасын түсіндіріп отырып, кейіпкерінің портретін жасайды. Тәнті болдық. Журналистикада жүрген кезіміз ғой, көп дүниені өзімізге қотардық. Үйрендік. Өзі білмес, әйтсе де, Төрехан аға осылай ұстазымызға айналды.

Кванттық шиеленіс немесе мың сөз

Әулие Мәшһүр атамыздың «ғылым-білімнің бәрі қазақтың тілінде жатыр» дейтіні бар ғой. Сөз энергиясы жайлы қаншама ғылыми конференция өтеді. Бірақ ешқашан оның шынайы болмысы ашылған емес. Сөз, түс, ой – рухани әлемнен. Қазыбек баба жайлы жазған мақаламызда сөздік атауы жоқ ой жетім дегенді айтқанбыз. Яғни, адамның басында сөздік атауы бар ой ғана жеміс береді. Ғалымдар сол себепті ашқан жаңалығына бірден атау беруге құмар. Содан кейін ғана оны халық қабылдайды. Ал енді Төрехан аға білетін, біз ұмытқан мың сөз ше? Сөздік атауы бар, бірақ заттық болмысы жоқ бүгінде. Яғни, бұл қазақтың ойынан ұмыт болған сөздер. Жалпы баста жоқ, жалқы баста бар.

Ертеде Жапонияда бір жағдай болады. Күріш егу бұдан былай тиімсіз. Не істеу керек? Екінші мәселе күріш егуді тоқтатса, жапон тілінің бір қатар сөзі өледі. Бір қатар болғанда да, атам заманнан күріш еккен халықтың сөзінің көп бөлігі күріш егуге қатысты екен. Сол тіл өлмек. Дегдар халық өз тілінің пайдасына шешім қабылдапты. Экономикалық тұрғыдан тиімсіз болса да, күріш еге беретін болған. Ал біздің тіліміздің көп бөлігі көшпенді өмір салтына байланысты екені айтпаса да белгілі. Біз одан колхоздастыру мен ұжымдастыру одан кейінгі қалалық мәдениеттің үстемдігі салдарынан айрылдық. Әйтсе де, бүгінгі Қытай мен Моңғолиядан келген қандастарымызда һәм Светқали Нұржан, Төрехан Майбас секілді «Могиканның соңғы тұяқтарында» саф тіліміздің сарқыншағы бар. Біз пақырдың қандастарымыз бен осы мақала кейіпкерінің тілін сауып, сөздік қорымызды қайта толтырғаннан басқа лажымыз жоқ.

Бүгінгі ғылымда «кванттық шиеленіс» (квантовая запутанность) деген жаңалық бар. Оны ашқан ғалымдар Нобель сыйлығын алды. «Шиеленіскен бөлшектер» (запутанная частица) деп те атайды. Кванттық шиеленіс дегеніміз – ара­қашықтыққа қарамай, уақытқа қарамай екі бөлшектің бірдей реакция көрсетуі. Бір бөлшектің екінші бөлшекке әсер етуі. Қазақша айтқанда, екі бөліктің егізге айналуы ғой. Мысалға бір бөлшекті сағат тіліне қарсы айналдырсаңыз, екінші бөлшек те сағат тіліне қарсы айналады. Ол екінші бөлшек Америкада тұр ма, әлде Марста ма, бәрібір. Қашықтық, уақыт бөгесін емес. Бұның кіші мысалы бүгінгі интернет. Сіз Қарағандының Майқұдығында отырып, Калифорниядағы Джонға «с» әрпін жіберуіңіз. Джонның сол сәтте сізден «с» әрпі бар хабарлама алуы. Немесе бір адамның екінші адамның ойына әсер етуі. Кейде сіз айтқалы тұрған сөзді қасыңыздағы біреу айтып қояды да, сіз таңырқап, «мен де осыны айтпақ едім» дейсіз. Меніңше, Төрехан ағамыз қазаққа осы кванттық шиеленіс секілді қызмет етіп жүр. Бір бөлшек мың бөлшекке ақпарат беруде. Орыстанған талай сананы қазақыландыруда. Фейсбукке жазған этнографиялық жазбасы талай қазаққа азық. Ғалымдар кванттық шиеленіс заңы бойынша бір бөлшекті өзгерту арқылы екінші бөлшекке әсер етеміз дейді. Біз Төрехан Майбас секілді тұлғаларды алға шығарған күні бүгінгі һәм ертеңгі қазақтың мінез-құлқын өзгертеміз.

Төрехан ағамыздың «Керат» деген әңгімесін оқып, классик жазушы Оралхан Бөкей іздеп келіпті бір заманда. «Теңіздің дәмі тамшыдан» дегендей, ұлы қаламгер үлкен жазушыны бір әңгімесінен таныған. «Маған әкеңді көрсет, туған жеріңді көрсет» деп айтты дейді Төреағам сол кездерді есіне алып. Дүниеде ақпарат қабылдайтын екі элемент бар. Су һәм топырақ. Адам денесі осы екі элементтен тұратынын айтып жату артық шығар. Мәселе, біз киелі топырақ дегенде нені меңзейміз? Өз ауылымнан мысал айтайын. Аққора мен Сарыобалы деген арасы төте тартсаң, жиырма-ақ шақырымдық жер. Екеуінде де бір атаның балалары тұрады. Әрі бір-біріне өте жақын. Бір қызығы Аққорадан Жан Мәкенұлы, Рымтай Бөдесов бастап, Сырым Хордин, Саян Бөдес жалғап, қаншама мықты әншілер шықты. Ал, өз ауылым Сарыобалыдан Қасым Аманжолов туды, бүкіл музыкалық аспапта ойнады демесеңіз, әнші шыққан жоқ. Неге десеңіз, топырақ адамзаттан қандай ақпарат сіңірсе, сол ақпарат бойынша жеміс береді. Мысалға, Төрехан аға туған Шет ауданы шертпе күйдің, кесек сөздің, көшелі ердің мекені. Күй десек Қыздарбек, Әбді, Әшімтай, Аққыз, Әбікеннің Хасені, бүгінгі Мадияр Сүлеймен. Сөз десек, Жаңқұтты шешеннен әрі аспай бері қайырғанның өзінде кеше ғана өмірден өткен Кәмел Жүністегі, тоқсанға келіп қалған Өмір Кәріп ақсақал бар. Жеке дара бір тау болып Төреағам тұр. Бұл кісілердің сөзі сіңген топырақтан әлі талай қаламгер шығатынына шүбә жоқ. Адамзаттың бәрі топыраққа тыңайтқыш қой. Оны тірі адамның рухани түлетуі, топыраққа жақсы ақпарат сіңіруі бір басқа. Оралхан Бөкей «әкеңді көрсет, туған жеріңді көрсет» дегенде, іздеп келген қаламгерінің бойынан әр жағында жатқан топырақтың, тектіліктің киесін сезген болар.

Аспанда небір қызық құбылыс болады. Сол құбылыстардан кейде мән-мағына тауып жатамыз. Мысалы, бізге көрініп тұрған жұлдыздардың кейбірі мың жыл бұрын сөніп қалған болуы мүмкін. Олардың жарығы бізге жеткенше арада мың жыл өтеді. Дәл қазір бір жұлдыз сөнді деңіз. Ал оның жоқ екенін адамзат мың жылдан кейін барып біледі. Оған дейін ол аспанда жарқырап, жол бастап, нұр шашып тұра бермек. Бұл біздің аруағыңнан айналайын Абылай, Бұқар жырау, Қаз дауысты Қазыбек, Сеңкібай, Жидебай, Кенесары, Ағыбай, Абай, Әлихан, Ахметтеріміз секілді ғой… Қазақ ұлтына қызмет қылған әр тұлға бір жұлдыз. Төрехан ағамыз да осы санатта. Саналы ғұмырын алақағаздың астында өткізген, бүгінде өзін этнограф санап жүрген, әйтсе де әйдік жазушы Төрехан Майбас ағамыздың да жұлдызы мың жылдыққа жарқырап тұрады. Сондықтан Төрехан ағамызды қадірлеуіміз керек! Биыл жетпіске келген қаламгер жайлы ой толғамымыз, айтарымыз осы. Бір ауыз сөзбен айтар болсақ, қазақтың өткеніне (түгендеу үшін), бүгініне (тәрбиелеу үшін), ертеңіне (азық үшін) керек кісі!

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *