ӨНЕГЕЛІ ҒҰМЫР

Шәріпжамал Көпетайқызы, Көкшетау қаласының тумасы. Жас кезінен көркем кітаптарды көп оқып, әдебиет пен өнерге жақын болып өсті. Бірақ тағдырдың соқпағымен медицина училищесіне түсіп, жақсы оқып бітіреді. Ақмола облысы, Астрахан ауданы Петровка ауылында медбике болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Осы ауылдың Жұмажан деген азаматымен кездесіп, тұрмысқа шығады. Кейін отбасы жағдайына байланысты Көкшетау наркологиялық диспансерлік орталықтың жасөспірімдер бөлімшесінде еңбек жолын жалғастырады. Қате басып алдына келген жастар мен олардың  ата-аналарымен тығыз байланыста көптеген жұмыс атқарады. Жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын бауырмал, елгезек, көпшіл жас маман медицина саласындағы көптеген  күрделі терминдер мен әртүрлі анализді  көп білетіндігі  және кішіпейіл жаксы қасиеттерімен көзге түседі.

ӨНЕГЕЛІ  ҒҰМЫР

Тәжірибелі жас маман асқан жауапкершілікпен бастаған жұмыстарын тиянақтылықпен  атқаруға тырысып, адами жақсы касиеттерді бойына дарытуға тырысты. Өзінің алған білімін дұрыс пайдалануға, мемлекетіміздің байлығы саналатын адам денсаулығына қауіп-қатердің болмауы үшін аянбай еңбек жасауға үйренді. Келешек жастардың жаман әдеттерден жиреніп, жақсылықты бойларына қалыптастыруға, құнды, тәлімді, баға жетпес денсаулықтарын күтіп ұстауға тәрбиеледі. Дәрігерлік сараптамалар сияқты ұқыптылықты өте қажет ететін, тағы көптеген жұмыс туралы мағлұматтарды дұрыс беріп, ел игілігі үшін еңбек жасауға өзінен кейінгі тәлімгерлерге түсіндіріп отырды. Кәсіби білікті медбикелер қатарында болып, тәжірибе жинақтады. Медицина қызметкерлерінің семинар кеңестері мен күнделікті жиналыс мәжілістеріне қатысып, белсенділік танытып жүреді.

«Ауыл  – қазақтың  алтын бесігі» десек, ежелден кеңқолтық, дархан мінезді  ауылдың берекелі  отбасынан шыққан  Шәкең ұлттығымызды дәріптейтін  асыл сөздерді ойынан шығарып, дәптеріне жазып алып, керекті жерде тамаша пайдаланады.

«Жақсыдан шарапат» дегендей, саналы ғұмырын адам денсаулығы жолына арнаған білікті маман тамаша отбасы болды, өмірлік жұбайы Жұмажан Жолаушыұлы да өзіне сай, ақылды, көпшіл, бауырмал болып кездесті. Парасатты үлгілі өнегесімен өрісті өмірі келіскен, тамаша отбасы гүлдеп балапандар өмірге келе бастайды.

«Бала – өмір жалғасы» десек, қыз баласы Зәуреш те анасының жолын қуып, медицина саласын таңдады. Жоғары білімді, кәсіби маман. Астана қаласындағы Денсаулықты сақтауды дамытудың Ұлттық ғылыми орталығының директоры қызметінде. Жұбайы Ақтан өрт қауіпсіздігі саласының қызметкері. Балалары Бота мен Әсима бақытты отбасының тәрбиелі жасөрендері. Ал, Бексұлтан жоғары санатты медицина қызметкері, анестезиолог маман. Шәкеңнің құдай қосқан құдасы Майдан мен құдағиы Қымбат та тату-тәтті отбасының берік тұтқасы, өнегелі шаңырақ иесі.

Адамды бай қылатын оның көп ақшасы емес, адамның аппақ қардай пейілі мен адал ниеті десек қателеспейміз. Ал, тәрбие дегеніміз – әкенің ақылды сөзі мен ананың мейірімі арқылы жүрекке құйылатын нұр. Отан – қуат, отбасы – шуақ дегендей, осындай жаны нұрлы, иман жүзді аяулы аналар бар арамызда. Хадисте жұмақ ананың аяк астында деген. Өнегелі ғұмырын ақ халатты абзал жан ретінде, адам мен қоғам ғұмырына пайдалы, ақылға сыйымды әрекеттердің бірі – ізгілік жолына арнаған.

Адам мен қоғамның денсаулығының бірімен-бірі байланысып жатқан бағыты – дене саулығы мен рухани сана саулығы келіп шығады. Дені де сау, жаны да сау, сана сезімі сау адамдар ғана қоғамды алдыға жетелейді.

«Жақсының жаны – шырақ», «Тіршіліктің қаны – мейірім» десек, Шәкең жанға жайлы әуезді әндерді де жақсы отырыстарда шырқап жіберетін, әдемі дауысы да бар, сүйкімді әже.

«Анаң – үйдегі ырысың» дегендей осындай жаны шуақты, мейірімді ана, сыйлы құдағи жан-жағындағыларға нұрлы шапағатын төгіп жүретін адамдарды кездестіріп өмірге риза боламыз. Әрбір тұлғаның өмірлік еңбек жолы мен өнегелі істері де ерекше. Кырық жылдық еңбек өтіліммен зейнеткер атанып, бес мезгіл намазын оқып жүрген мейірімді ана. Жақсы адамның жылы жүзбен көздің күлімдеуінде көңілдің шуағы жатады емес пе! Жаны шуақты замандасқа, Алланың берер жасын қызықтап, жасай беріңіз деген жақсы тілек тіледік.

Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,

ҚР Журналистер одағының

мүшесі

Астана қаласы

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *