Қарқаралы – жалғанның жарты аралы

Қарағанды облысы десе, қалың Арқа даласы десе, қазақтың жарты аралы – Қарқаралы елестейді көзге. Қарқаралы Қарқаралы болғалы қашан? Жер жаралғалы, су аққалы Сақ, Ғұн, Түрік, Қазақ жұртының алтын қазығы Қарқаралы таулары мен даласы. Алаштың автопортреті! Дәлел дейсіз бе, дәлел – қайсыбір жылдары Қасым ауылынан табылған Алтын адам, біздің жылсанауымызға дейін жерленген Алланың назары түскен асыл перзенті, патша болуы да мүмкін. Содан бері қазақ даласында нендей басты оқиғалар өрбіп, адам сенгісіз құбылыстар жүрсе, бәрі Қарқаралы жерімен байланысты болғанын тарих айтады. Кент тауынан табылған ерте қола дәуірінде темір қорытатын пештер табылғанына тоқталсақ, әңгіме ұзап кетеді. Сондықтан Алаштың хан Абылайын жау қолынан құтқарып алған Қаздауысты Қазыбектен қайырса да Қарқаралының басы көкке екі-ақ елі тимей тұрғанын көру қиын емес.

Қарқаралы – жалғанның жарты аралы

Қалмақтың қонтайшысын мысы басып, одан ақылын асырып, Абылайды тұтқыннан босатып алған қараның ханы Қазыбек би. Қасиетті бабамыз қалдырған қастерлі сөздің қадіріне әлі жете алмай келеміз. Қарағанды облысының орталығында қамшы ұстап тұрған тас мүсінін көрген сайын есіме түседі. Қарағанды аймағының ғана емес, қалың қазақ жұртының маңдайдағы жазуымен бірге кеуде тұсында жүрер төл таңбасына айналуы тиіс асқақ рух. «Біз қазақ деген мал баққан елміз, Бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, Жеріміздің шетін жау баспасын деп, Найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, Басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, Дәм, тұзын ақтай білген елміз. Асқақтаған хан болса, Хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды, Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ та, біз қазақ, Қарпысқалы келгенбіз, Сен темір де біз көмір, Еріткелі келгенбіз, Екі еліктің лағын Теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге Танысқалы келгенбіз, Танысуға келмесең, Шабысқалы келгенбіз, Сен қабылан да, біз арыстан, Алысқалы келгенбіз, Жаңа үйреткен жас тұлпар, Жарысқалы келгенбіз, Тұтқыр сары желімбіз Жабысқалы келгенбіз, Берсең жөндеп бітімді айт, Бермесең дірілдемей жөніңді айт, Не тұрысатын жеріңді айт!». Осы би атадан кейін бұндай сөзді ешкім айта алған жоқ қазақ әдебиетінде. Күлтегін ескерткішіндегі жазумен салыстыруға тұратын мәтін.

Иә, Қарқаралы қашанда бірінші болды. Қазақ ақыл-ойының эталоны Абайдың әкесі Құнанбайдың мешіт салғаны кейінірек. Бәрінен бұрын бұл топырақ қазақ даласында Алаш идеясы ту көтерген жер. Алаш қозғалысының басталған жері Қарқаралы. Біз әлі сол идеямен өмір сүруге жете алмай отырмыз… Атақты Қарқаралы петициясы алғаш Алаш арыстарын біріктіріп, азаттыққа жасаған тұңғыш демократиялық қозғалысы еді. Оны неге ұмытамыз?

Алаш арыстары ең бірінші ту тіккен Қарқаралыдан Абай топырағы бала Қасымды өзі тартып алған сияқты болады да тұрады. «Қарқаралы басына шыққан жанға, Шыңғыс таудың шыңдары көрінеді…» демей ме Ғалым Жайлыбай?! Егер ол Қарқаралыда тумаса, туған ауылынан Ақсораңға көз талдырып өспесе, Семейде білім алып, дүниетанымының іргетасы Абай топырағында қаланбаса, жанартау ақынға айналмас еді.

Шыңғыстауға салам десе, жер таппаған жоқ, Құнанбайдың қалауы Қарқаралыға түсіп, мешіт салғаны – Құдайдың да назары түскенін көрсетпей ме? Қарқаралы ол кезде қала. Шалкиіз жыраудың «Бір жақсымен дос болсаң, азбас-тозбас мүлкі етер» дегені Құнанбай мен Алшынбай арасындағы достыққа келетін шығар, тегінде. Қарқаралыға жолы түскендер соқпай кетпейтін екі орын болса, бірі – сол мешіт. Жалғыз орын болса және өзі. Әдеби, мәдени, тарихи, киелі, қасиетті деңіз – барлығына жараса береді. Сөйте тұра бір басына мәселесі де жетеді мешіттің…

1851 жылы қыркүйек айында ашылған деседі мешітті. 1845 жылдың тамызында туған Абай алты жас үлкен болады сонда. «Алты жасар Алпамыс» сарыны келеді ойға. Кинодағы емес, ертегі-жыр үлгісіндегі түрі. Алты жасында ер атанбаушы ма еді Алпамыс?! Бала да, батыр да, дана да өзі. Ұқсастық дейміз бе, кездейсоқ көреміз бе, әйтеуір сол мешіт ашылғанда болашақ ұлы ақын алты-ақ жаста екен. Оқушы, студент кезімізде «Абай жолынан» Ибраһимнің әкесімен Қарқаралыға сапарын оқығанда, ересек шағын елестетуші едік. Көркем шығармадағы шындық десек те, ақынның қатарынан озып туғанына бұл да бір мысал. Әйтпесе, әкесі Құнанбай бес-алтыдағы баласын текке алып жүре ме?

Қарқаралы дуанына Құнанбай мырзаның аға сұлтан болғаны, Абайдың барғаны, Қарқаралының бір топ қазағы ақын Шөжені қолтықтап, қоштап, құрметтеп өлең сұрағаны – бәрі-бәрі осы мешіт тарихымен тығыз байланысты әңгімелер романда. Әсіресе, естен кетпейтіні – бала Абайдың Бөжейге берген сәлемі мен Бөжейдің Абайға берген батасы. Сонда үлкендердің жаулығын кек тұтпаған бала Абай бейнесінің де артынан Ұлжандай текті ананың асыл өнегесі қылаң беріп қалмай ма?! Бұл мейлі көркем шындық, я тарихи шындық болса да, Мұхтар Әуезов шығармасының асыл дәнегі дер едік.

«Қарқаралыға жүрерінде атына мінгелі жатқан Абайға анасы Ұлжан өзінің ақ саусақтарын жирен аттың жалына салып, былай деп үн қатады:

– Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін. «Күндестің күлі күндес» дегенді сен білмей-ақ қой. Бөжекеңді көрген жерде сәлеміңді түзу бер. Бір кезде жақсы жақының еді. Кім тентек, кім мақұл? Қайдан білдің? Әкең дұшпан десе, сен әділ бол! Жамандыққа кім табылмайды дейсің, жанашырдан айырылма! – дейді.

Қарқаралыға барғаннан кейін бала шәкірт Бөжекеңді алыстан көріп қалады да лезде, көкірегіне қолын қойып, дауыстап:

– Ассалаумағалейкүм!.. – деп иіліп сәлем береді. Қасындағы Байсал түрін тыжырайтып, антұрғанның баласының сәлемін неге аласың дегендей алая Абайға қарағанда Бөжекең:

– Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, жоқ өздігіңмен істедің бе? – деді.

– Бөжеке, әкем емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге!..

Бұл жауапты естіген соң Бөжей бар ықыласымен балаға жақындап:

– Әкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім ғой, шырағым, ендігінің жүгі сенде қалар, балам! Жолың болсын! Жалғыз-ақ өзгені берсе де, әкеңнің қаттылығын бермесін! – деп бетін сипап жүріп кетеді».

Құнанбай мен Бөжей қырғи қабақ, араз. Оны бала болса да Абай біледі. Қиядан қарап, алысты шалған анасының сөзі қаперінде. Бұл жерде нұрлы ақыл мен жылы жүрек – Бөжейде. Байсал тыжырайғанда міз бақпаған Бөжекеңнің осы қасиеті – нағыз парасат иесінің әрекетіндей көрінеді. Құнанбай мырзамен алысуға жараған Бөжей тегін болсын ба?! Абайды танып тұр ғой. Айқас үстінде жақтастары Құнекеңді нысанаға алғанда, атқызбай аман алып қалып, соңынан өзі соққыға жығылғанда: «Мен сені оққа қимап ем, сен мені боққа қидың ба, Құнанбай?!» деген Бөжейдің ірілігі мен кісілігі өз алдына бөлек әңгіме. Осындай үлкен-үлкен елдік істердің барлығының негізіне Қарқаралы топырағының қатысы барын айтқымыз келеді. Абайдың алғаш басқан топырағы Шыңғыстау болса, екіншісі – Қарқаралы.

Оған дейін болыс болған Құнанбай мырзаның аға сұлтан атанып, мешіт салып, атағы аспандаған тұсқа да Қарқаралы топырағының қатысы болып тұр. Содан бері де не көрмеді бұл мешіт?! Соқтықпалы, соқпақсыз ғұмыр кешіп, мыңмен жалғыз алысқан ақынмен бұл да тағдырлас. Бара-бара құдайсыз шолақ белсенділер өртеп жібермек те болған көрінеді. Айшығын атып та түсірген заман болыпты. Бәрі бір осы күнге мешіт жетіп отыр. «Қарқаралы басында жалғыз арша», содан соң мешіт бар. Алланың үйі деседі ел. Шөп те шығатын жеріне шығады. Бала Абайдың Шыңғыстаудан кейін көрген жарығы Қарқаралы болып тұр ғой. Жігіттің үш жұрты болса, Абайдың өз жұртынан кейінгі нағашы һәм қайын жұрты да Қарқаралы топырағы. Арқаға ат басын тірегендердің көбі Қарқаралыны көрсем дейді. Жолы түскендері Қарқаралыдан, Құнанбай қажы мешітінен шыға салып Шайтанкөлге жөнеледі. Бірақ кім қалай барады Қарқаралыға? Бұл енді басқа әңгіме.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *