Шіріп біткен электр бағаналары, жалғанып-жиылған сымдар, ескірген жабдық – Шет ауданындағы электр желілерінің қазіргі шынайы көрінісі осындай. Бұл желілер 23 жылдан астам уақыт бойы «Шет-Энерго» компаниясының қарамағында болған.
Алайда кәсіпорын 12 ауылдық округ пен 28 елді мекенді қамтығанымен, осы жылдар ішінде желілерді жөндеуге, жаңғыртуға немесе жаңа техника алуға қаржы салмаған. Нәтижесінде электр желілерінің тозуы 90 пайыздан асып, апаттар саны жыл сайын көбейіп отырған.
Тек өткен жылы 324 рет электр жарығы өшсе, биылғы жылдың басынан бері 256 рет тіркелді. Ақпан айында электр энергиясындағы елеулі ақауларға байланысты ауданда жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялауға тура келді.
Жарықтың жиі сөнуі 12 500 тұрғынның, шаруа қожалықтарының, кәсіпкерлердің өміріне кері әсер етті.
Әлеуметтік нысандар да тұрақты электр қуатынсыз қалды.
Желілерді тексеру нәтижесінде «Шет-Энерго» жобалық электрмен қамту сызбасын түбегейлі өзгерткені белгілі болды. Мәселен, бұрынғы 14 жоғары кернеулі қосалқы станцияның орнына тек 5-уі ғана жұмыс істеп тұр. Ал Батық, Ақой, Красная Поляна, Пикет пен Қармыс ауылдарындағы қосалқы станциялар түгелдей алынып тасталған. Олардың орнына жобаға сай келмейтін, өрескел заңбұзушылықпен қойылған тарату пункттері орнатылған.
Бұрын ауданда 115 жинақы трансформаторлық қосалқы станция болса, бүгінде олардың саны 39-ға дейін қысқарған. Олар шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп, электр қуатының әлсіреуіне әкеліп отыр. Сондай-ақ кәсіпорынның алдын алу және жөндеу жұмыстарын жүргізетін қажетті базасы да болмаған.
Қарағанды облысы бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті жүргізген тексеріс барысында электр энергетикасы саласында 448 заңбұзушылық анықталды.
«Шет-Энерго» энергия тасымалдаушы әрі таратушы ұйымдарға қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіні, халықты және әлеуметтік нысандарды сапалы әрі сенімді электр қуатымен қамти алмағаны белгілі болды.
Бүгінде «Шет-Энерго» ЖШС-нің мүліктері мен жер учаскелері Шет ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автомобиль жолдары бөліміне берілді. Тәуелсіз бағалау қорытындысына сәйкес, меншік иесіне өтемақы төленді.
Қазіргі таңда Шет ауданы әкімдігі халықты жарықпен тұрақты қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қолға алуда. Атап айтқанда, 23 КТП мен жаңа электр жабдықтары сатып алынды.
30 ажыратқыш, 1150 метр сым мен 11 трансформатор ауыстырылды, электр бағаналары жаңартылып жатыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.