Абай қаласында – тың өзгеріс

Абай қаласында және Топар кентінде соңғы жылдары ауқымды абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Тек ғимараттардың шатырлары мен қасбеттері ғана емес, балалар алаңдары, спорт нысандары және тұрғын үй қоры да біртіндеп жаңа кейіпке еніп келеді.

Тек биылдың өзінде 38 көпқабатты үйдің шатыры ауыстырылады. Соңғы екі жылда Абай мен Топарда 91 шатыр жөнделіп, жаңартылған. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында бұл жұмыстардың барысын өз көзімен көріп қайтты.

Шатырмен қатар ғимараттардың қасбеттері де жаңаланып жатыр.

Биыл қаладағы 30 үйдің сырты жөнделмек, ал соңғы екі жыл ішінде Абай мен Топардағы 121 ғимараттың қасбеті жаңарған.

Абаттандыру ауқымы үйлермен шектелмейді. Абай қаласында 60-тан астам балалар және ойын алаңы бар, биыл олардың 15-і толық ретке келтіріледі. Алдағы үш жыл ішінде барлық алаңдар жаңартылмақ.

– Аудан бойынша абаттандыру бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Қасбеттер жаңарып, шатырлар жөнделуде, инженерлік желілер тартылуда. Бұл қарқынды сақтау, қажет болғанда арттыру маңызды. Сонда тұрғындар жақын жылдары-ақ нәтижесін сезінеді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы аудандық спорт бөлімі ғимаратындағы жөндеу жұмыстарымен де танысты. Мұнда қазір 150 бала қазақ күресі, грек-рим күресі және дзюдо үйірмелерінде жаттығады.

Енді үшінші қабатта жалпы аумағы 600 шаршы метрден асатын, аралас жекпе-жек пен өзге спорт түрлеріне арналған заманауи залдар ашылмақ. Мұнда кемінде 200 спортшы бір мезетте жаттыға алады.

Жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру нысандары да жаңартылуда.

– Вольный және Юбилейный елдімекендеріндегі екі мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Тағы бес мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда, – деді Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов. – Біз қауіпсіздікке, білімге, спортқа және тұрғындардың жайлылығына тікелей әсер ететін нысандарды кезең-кезеңімен жаңартып келеміз.

Вольный кентіндегі 1965 жылы салынған мектеп екі жылдық жоба аясында жаңартылады. Биыл жылыту жүйесі, электр желілері мен өрт дабылы орнатылып, терезелер ішінара ауыстырылды. Келер жылы шатыр мен қасбеті жөнделіп, инженерлік желілер толық жаңартылады, ішкі әрлеу және аула абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

– Біздің мектебімізге 60 жыл. Осы уақыт ішінде бірде-бір рет күрделі жөндеу жасалған жоқ. Қазірдің өзінде жылу, жарық, өрт дабылы орнатылып, терезелер мен есіктер ауыстырылды. Бұл – көптен күткен өзгеріс, барлығымыз ризамыз, – деді мектеп директорының міндетін атқарушы Тілеукеш Ысқақова.

Сапар барысында өңір басшысы 80 пәтерлік жаңа бес қабатты үйді аралады.

Бұл пәтерлер «Отбасы банк» арқылы бөлінеді.

Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға жалға беру үшін жеке құрылыс компанияларынан дайын үйлер сатып алынуда.

Абай қаласының Толағай көшесінде 20 екіпәтерлі үй салынды, олардың барлығы мемлекет есебінен сатып алынды. Биыл Абай мен Топарда жалпы 119 пәтер алу жоспарланған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *