Зайырлы Қазақстандағы діндарлық

Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде өзінің билік жүйесінде дін істеріне араласпағынымен, сан ғасырлық қалыптасқан бейбітшілік пен бауырмалдықты насихаттайтын діни құндылықтар, халық арасында тамырын тереңге жайған еді. Бұл өз кезегінде қазақтың ұлттық болмысы мен діни ұстанымы ертеден сәтті үйлескендігін көрсетеді. Мәселен, халқымызда сүндетке отырғызу, жас жұбайлардың некесін қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан айту, садақа, пітір садақа, бата беру сынды т.б. діни дәстүр-әдептер өзінің өміршеңдігін айқындап келеді.

Әу баста елімізге ислам күшпен емес, бейбіт жолмен енді. Бұл жайында елде танымал діни басшы болған, ғалым Әбдісаттар Дербісәлі өзінің сөзінде: «Ұлттың ділі оның дінінен айырып алғысыз. Ділді адамның жан-дүниесі мен ұлттық шынайы болмысы деп түсінсек, қазақтың жан-дүниесі мен табиғатын ата-бабамыздың асыл діні – ислам құрамай ма? Демек, екі діңгек бірінсіз-бірі жоқ деп түсінген абзал», көрсеткеніндей, қазақ халқы үшін, әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері рухани қажеттіліктің орны ерекше байқалды. Бұл жайт дербестігімізге қол жеткізіп, имандылыққа бет бұрған қазақ халқының айы оңынан туып, рухани бесігі қайта түзелгендігінен көрініс тапты.

Атеизм салтанат құрған Кеңес одағы құлағаннан кейін, елімізде рухани дәстүрлер мен діни құндылықтар қайта жаңғырды. Мешіт, шіркеу, мінәжат үйлері сияқты жаңа ғибадатханалар салынды, ескілері қайта жаңғыртылды. Құрбан айт пен Христиандық Рождество діни мейрамдары демалыс күндері болып жарияланды. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен көптеген діни бірлестіктер арасында өзара сенімге негізделген қарым-қатынастар орнады. Осындай дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға деген құлшыныстың алғашқы серпіні тәуелсіздік алумен тікелей байланысты болды. Бұның барлығы қазақ халқының қашанда өз руханиятын жоғары бағалап, мәдениеті мен тарихын қайта жаңғыртудың нәтижесінде қол жеткізіп отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды.

Әйтсе де, әр жетістіктің артында кедергілер мен кемшіліктер де болатыны өмірдің заңдылығы. Әсіресе, қазір руханият құндылығы мен ұлттық мәдениетті зерттеп, оны өскелең ұрпаққа насихаттау ісі аса өзекті болып отыр. Бұл тұрғыда, халықтың рухани дүниетанымдық көзқарасын, ұлттың өзіне тән бітім-болмысын, мәдениетінің рухани негіздерін танып-білу үшін өткен тарихымызға үңілудің қажеттілігі зор. Өйткені бастан өткен отаршылық кезеңінде қазақ қоғамының рухани қазынасы едәуір әлсіреді. Екінші жағынан, мемлекет діни сенімге еркіндік берген уақытында, теріс пиғылды жат ағымдар мен миссионерлік қызметтердің соққысына ұшырап, елімізде дәстүрлі діни құндылықтарды жаңғыртуға деген табиғи құлшыныс пен оны қоғам өмірінен ысырып тастауға деген жасанды талпыныс қатар жүрді. Осылайша сыртқы күштердің ықпалымен заманауи барлық ақпараттық технологияларды тиімді қолдана отырып, қоғамдағы дәстүрлі құндылықтардың негізгі бейнесін өзгертудің үрдісі жүре бастады. Нәтижесінде, дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан рухани құндылықтарға, ұлт пен дінаралық үйлесімділікке, жалпы ішкі тұрақтылыққа қауіп төнді.

Мұндай керітартпа құбылыстардың алдын алу үшін елімізде республика деңгейінде әр салада түрлі жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтар болсақ, мектептерде болашақ ұрпақтарға діни ақпарат беру үшін «Дінтану негіздері» пәні қосымша пән ретінде енгізілді. ЖОО дінтану кафедралары ашылып, оларға жыл сайын мемлекеттік гранттар бөлінуде.

Сондай-ақ, 2018 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан сырттан келген жат ағымдармен күресу және ұлттық рухани идеологияны дәріптеу үшін Қазақстанның ұлтық діни білім беру мектебін қалыптастыру жобасы ұсынылды. Жобаның мақсаты – қазақ жеріндегі ұлттық діни идеяны жандандыру арқылы дәстүрлі қазақ мұсылман қоғамын қалыптастыру. Бұл бастама елдегі радикалды топтардың көбеюіне байланысты қолға алынып отыр. Бүгінде аталмыш жоба асында Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс жасап келеді. Бұлардың барлығы халықтың діни білімін арттырып, рухани иммунитетін қалыптастыруды көздейді.

Қазіргі таңда аталмыш бағыттағы жұмыстар оң нәтижесін беруде. Халықтың басым көпшілігінің діни сауаты артты. Қоғамда дінаралық тұрақтылық жалғасып келеді. Осы уақытқа дейін елде діндер арасында ешқандай кикілжің, жанжал орын алған емес. Керісінше, зайырлы қоғам бола тұра, әр дін еркін қызметін жасап, еліміздің рухани ортақ мақсатын бірігіп атқаруға атсалысып отыр.

Сайып келгенде, елдің рухани санасынан қалыптасқан қоғамдағы осындай діни құндылықты аяқ асты етпес үшін, қаймағы бұзылмаған халықтың ұлттық рухани болмысын сақтап, ұлтаралық және дінаралық татулықты ілгерілету – әр қазақтың азаматтық міндеті. Әсіресе, бұл орайда жастардың атқаратын жұмыстарының орны ерекше. Сондықтан ел болашағына айналған жастарды отансүйгіштікке, діни төзімділікке тәрбиелеу әр отбасынан басталу керек деген ойдамыз.

Ежелден бері қалыптасқан дін, діл және тіл қазақ халқының мәдени, рухани тұтастығы мен ұлттық бірегейлігі әрбір адамның ой-санасында және жан-дүниесінде, болмысында, елдің құндылығы ретінде орын алуы керек. Өйткені, қазіргі көптеген құбылысқа қарсы тұрған жаһандану кезінде өзінің елдігіне, рухани құндылығына, дәстүріне иелік еткен мемлекет қана жаһандық керітартпа үдеріске тойтарыс бере алатыны анық. Мұндай құндылықтар өз кезегінде қоғамда 30 жыл бойы қайта жаңғырып үлгерді және ендігі мақсат, соны өскелең ұрпаққа шайқалтпай жеткізу болып табылады.

 

Берік Бүркітбай, «Теміртау қаласының конфессияаралық қатынастардың мәселелерін зерттеу және сараптау орталығы» КММ бас маманы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *