Қазақ өлеңші халық екені рас. Бұл мойындалған ақиқат. Теміртаулық металлург Нұрлан Айтмұқашұлы басқа салада жүрсе де, өлеңді өмірлік серік еткені қашан. Қара сөздің жеткізе алмас нәзігін жүрегіңе құйып беретін өлең жарықтық оны әуелден-ақ баураған—ды. Жарқыл атқан ішкі дүниесі ғажап өлеңдерімен оқып танысқан соң, ізінен қалмай жүріп өткен жылы кітабын шығаруға сеп болған едік.
Пікір жазған белгілі журналист, мәдениет саласының үздігі Жомарт ОСПАН
Ұлы Абай: «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп жырлаған. Қарға тамырлы, қаршыға сіңірлі қазақ – табиғатынан ақын халық. Оның болмысы мен бітімі ақын. Тіпті жыр жазбайтын қазақтың өзі өлең оқылғанда, елең ете қалады. Өлең-жырға келгенде, Абай заманындағы қазақтан қазіргі қазақтың айырмашылығы соншалықты көп емес. Мұны қашаннан қазаны ортаймаған қазақ поэзиясында өзіндік өрнекті із қалдырған, тыңнан түрен салған толқын-толқын, шоғыр-шоғыр, бірнеше буын өкілдерімен қатар, басқа салада жүрсе де, өлеңді өмірлік серік еткен ақын-жыршылардың мол екендігінен де айқын аңғаруға болады.
Бүгін бүкіл саналы ғұмырына арқау болған өлең-жырларының басын құрап, оқырманға жеке жинақ етіп ұсынып отырған Нұрлан Айтмұқашұлы да – сондай бағыттағы ақын. Нұрлан дегенде менің есіме бірден жалынды жастық жылдарым, естен кетпес есіл күндер, көркем кезеңдер түсті. Аймақтың «Қарағанды жастары» («Замандас») газетінде еңбек жолын енді бастаған кезеңде, өзіміз қолымыздан өткеретін сол жастар басылымында, сондай-ақ облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде Нұрлан Айтмұқашұлы деген жігіттің өлеңдері жиі жарияланып тұратын. Ол кезде қазіргідей қаптаған газет-журналдар жоқ – сол себепті мерзімді баспасөзде бірер өлеңі жарық көрген адам әдеби ортада бірден танымал болып шыға келетін. Өзінің бас-аяғы бүтін, шымыр жазылған, ширығып шыққан өлеңдерімен көпшілікті баурап алған сол жас ақынды кейінде жоғалтып алғандай едік. Енді міне, араға ширек ғасырдан астам уақыт салып арқалы ақын шығармашылығымен қайта табысып отырмыз. Ол бүгінде – өлеңі өрелі, ойы орнықты, сөзі салмақты, қолтаңбасы қалыптасқан өнер иесі. Оған осы жинаққа енгізілген өлең-жырларын оқи отырып, анық көз жеткізе түсесіз.
Бірден айта кетерлігі, Нұрлан қасиетті поэзияның қилы қыр-сырына, ішкі иірімдеріне молынан қаныққан, өлеңге де, өзіне де жоғары талап қоя білетін, талғампаз ақын. Төрт аяғын тең басқан өлең-жырлар бірден жан тартады, жылы, жеңіл оқылады. Қаламгердің қарапайым, қысқа-нұсқа өлең-толғаулары рухани дүниеңізді баулай баурап, қиялыңызды қаулата білмеген соң, ойыңызды қия-құзды шарлатпаған соң, өмірдің қатардағы көріністерінің өзін өзгеше жағынан танымаған соң, бәрі керісінше болады, оны көруге Жаратқан Иенің бұйрығы керек. Жадыңызды жанисыз, бір сөзбен айтқанда, рухани байисыз. Ғажайып туындылар тудырған деп айту артық болар, бірақ қазақтың қалыпты салт-санасын, әдет-ғұрпын, арғы-бергі тарихын, басынан кешкенін, жақсы-жаман тірлігі мен мінезін өлең сөзбен, шебер тілмен суреттей біледі. Айталық:
Беттерін тіршіліктің парақтатпай,
Күндер-ай,
алып-ұшқан тағат таппай.
Жылдардың қалып қойды-ау қалқасында
Алғашқы ұмытылмас махаббаттай.
Адам – өтпелі дүние мен өмірдің өзі секілді, бүкіл жаратылыстың шағын бөлшегі. Бүкіл жаратылысқа тән дүниелер оған да тән. Міне, ақын осы қарапайым қағиданы алымдылықпен, көрегендікпен шебер айта білген. Мұндай сәтті шумақтар ақын жырларында молынан ұшырасады.
Ақ сезім себелейді ақ жауындай,
Айтылмай сырлар қалған, ақтарылмай.
Ақ сәуле аспанынан жерге тамды,
Арманшыл достарымның ақ жанындай.
Қандай әсерлі?! Сыр да бар, сезім де бар, ең бастысы – ақынның ақ-адал көңілі мөлдіреп көз алдыңызда тұр!
Ауылда туып-өскен барлық өнер иелеріне тән қасиет – Нұрлан шығармаларының денін сол айналайын ауылға арналған өлең-жырлар құрайды. Ауыл тақырыбы жанына етене жақын. Себебі түсінікті. Өйткені ұлттық әдебиеттің де, халықтық мәдениеттің де, салт-дәстүрдің де мәйегі ауылда. Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Ауылдан біз рухани нәр, рухани қуат аламыз. Ауылды сақтай алмасақ, қазақылығымыздан айырыламыз. Қазірде ауылдар азайып бара жатыр. Тек зираттар ғана қалған ауылдар қаншама?! Осының бәрі ақын жанына тыныштық бермейді, толғандырады. Сол тұрғыда Нұрлан туған ауылының, өскен жерінің тауы мен тасын, ойпаңы мен қыратын, көлеңкесі мен күнгейін, кеңдігі мен тереңдігін жырларына барынша арқау етеді. «Атамекен», «Семейім менің», «Абыралы – мекен», «Туған ауылдың аспаны», «Ауыл көшіп барады», «Ескі ауылдың елесі», т.с.с. – тақырыптары-ақ айтып тұрғандай, ауылға деген сағыныш, махаббаттан түзілген жырларды жан тебіренбей оқу мүмкін емес.
Бұл Қайнардың суы бал, ауасы бал,
Дертіңе шипа болар дауасы бар.
Ғасырларға кететін тарихы бар,
Сарыарқаның төсінде дара шынар.
***
Бар мейірім сонау бір белге тұнып,
Күн де батып барады, жел де тынып,
Алашабыр бұлттардың арасынан
Соңғы сәуле түседі жерге сынып.
***
Қала жаққа барады дала көшіп,
Күресінде қалады-ау қара бесік…
Үзік-үзік бір самал алады есіп,
Қалт-құлт еткен шырағдан қалады өшіп.
Міне, осылай жалғасып кете береді.
«Поэзия махаббаттан басталып, парасаттылықпен аяқталмақ» деген тәмсілді қалам ұстаған жанның бәрі біледі. Өмірдің, өнердің, өлеңнің алғашқы баспалдағы саналатын махаббат, достық тақырыбы да Нұрлан шығармашылығында мол. Онсыз бола ма?!
Атқан таң мен батқан күн арасында
Ұйқылы-ояу бір өксіп қаласың да,
Сағыныштың сарқынды тамшысымен
Сусыныңды қандыра аласың ба?!
***
Әлде нені күткендей, елеңдеген
Көңіл шіркін жүйткіп көк дөненменен,
Шарықтаған шегіне жеткен кезде
Сағыныштан туады өлең деген.
Күпілі жырға зерлі шекпен жапқан шайырдың қазақ сөзінің інжу-маржанын теріп, мұнтаздай етіп мінсіз өре білгендігі, еріксіз бас идіргендей. Оқырманға ой саларлықтай шұрайлы шумақ, тапқыр теңеу, шымыр ұйқасты өлеңдер – қандай да болсын талаптарға төтеп беретіндей тамырлы, тағылымды туындылар.
Нұрлан ақын тақырып таңдауда қандай кірпияз болса, оны өзіндік иірімімен шегіне жеткізе толғауға да сондай жетік. Ақын жаны һәм психологиясы – аса нәзік. Ол қашанда жылылыққа, жақсылыққа, нәзіктікке құмар. Оның осындай көңілмен жырға қосып отырған тақырыбы, құбылысы, көрінісі нақты – кәдімгі бейнежазба көріп отырғандай көз алдыңызда елес береді. Бұдан шайырдың поэзия құдіретін қапысыз аңдаудан бөлек, халықтың тыныс-тіршілігін, ауыл өмірін, адамның жан әлемін жете білетіндігін бе байқаймыз. Өйткені әдеби әдіс-тәсілдері мен теңеулерінің барлығы адам жан-күйінен, ауыл өмірінен, табиғат құбылыстарынан алынған. Бұл да болса киелі өнер үшін аса қажет талап пен талғамға куәлікке жүрсе керек. Жоғарыда келтірген мысалдар Нұрланның ақындық қабілетінің бір көрінісі, көркем әлемінің бір парасы ғана. Тізе берсек, жоғарыдағы өлең жолдары жалғаса береді.
Жан қалауы әдебиет болса да, тағдырдың жазуы шығар, Нұрланның барлық өмір сонары, тірлік-тынысы басқа саламен байланысты болыпты. Соған сай онда әдеби орта да болмаған, сірә. Бәлки, әдеби ортада болып, ақын-жазушылармен араласып жүрсе, өз өлеңдерінің кемшін тұстарын, техникалық мүмкіндіктерін басқаша бағдарлаған, бағамдаған болар ма еді, кім білсін?! Бірақ ол қайда жүрсе де, өлеңнен қол үзбепті. Сонысы бүгін ортамызға олжа болып оралып, толымды жинаққа айналып отыр.
Тегінде, өмірдің өзі – өлең. Көкірек көзінен өтер тылсым дүние жетерлік. Ал біз сүрген қоғамда жырға айналуға сұранып тұрған күрделі мәселелер, қордалы тақырыптар тіпті баршылық. Жалпы айтқанда, біздің ғасыр да тарихта қаларлықтай оқиғалармен бедерленуі тиіс. Осы жағынан алғанда өлеңді өмірім деп білген дархан дарындардың, арда ақын-жыршыларымыздың жауһар жырларымен иық тірестіретін туындылар әлі де туа беретініне сеніміміз кәміл. Мамырдың майса шуағындай мүбәрак жырларында дәуірлік даулы мәселелерді батыл қозғап, ұят пен намысты оятып, жігерді жани білген, өмірдің өзгеше қырын, өткіншілігі мен баянсыздығын танытқан «сөз патшасы – өлеңді» өмірдің таспасындай танытуға талпынған Нұрлан ақын Айтмұқашұлы шығармашылығы бізді осындай мұратты ойларға жетелейді.
Сөз басында айттық, қасиетті қара өлеңнің қадірі қашанда қашқан емес. Өнер – адамның бойындағы тылсым рухани күш десек, ақындық – сол өнердің ең қастерлісі. Осы ақындық өнер молынан дарыған аптал азамат, арқалы ақын Нұрлан Айтмұқашұлын «Алпыс – тал түсімен» шын жүректен құттықтай отырып, ғұмыр жасыңыз жүзге жетсін, жазарыңыз таусылмасын деп тілейміз!
Жомарт ОСПАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
