Header Banner

Айшаның кезекті жеңісі

Иорданияның астанасы Амман қаласында жасөспірімдер (кадеттер) арасында дзюдодан өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен жерлесіміз, Ақадыр балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің Ақжал кентіндегі филиалының талантты тәрбиеленушісі Айша Алтай ел намысын абыроймен қорғап, 70 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды.

Аталған жеңіс – жас спортшының ғана емес, ауданымыздың және тұтас Қарағанды облысы спортының мерейін өсірген зор жетістік. Халықаралық татамиде жоғары шеберлік пен қайсарлық танытқан спортшымыз еңбекқорлығы мен жеңіске деген жігерінің арқасында Азия чемпионатының жүлдесіне қол жеткізді.

Бүгінгі таңда Айша Алтай – болашағынан зор үміт күттіретін жас балуандардың бірі. Оның әр жарыста шыңдала түсуі, халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауы алдағы уақытта әлемдік және Олимпиада ареналарында Қазақстанның көк Туын желбірететін саңлақ спортшы болып қалыптасарына сенім ұялатады. Мұндай дарынды жастар – ел спортының ертеңгі үміті, мемлекетіміздің мақтанышы.

Жас балуанның табысында білікті жаттықтырушылар Манабаев Болат пен Манабаев Дастанның еңбегі айрықша. Ұстаздарының кәсіби тәжірибесі мен шәкіртінің табандылығы өзара үйлесім тауып, осындай айтулы нәтижеге жол ашты.

Айша Алтайдың Азия чемпионатындағы күміс жүлдесі – Ақжал кентінде спорттың қарқынды дамып, дарынды жастардың өсіп келе жатқанын дәлелдейтін жарқын жетістік. Оның жеңісі жас спортшыларға жігер беріп, үлкен армандарға жетелейтін өнегелі үлгі болмақ.

Айша баламызды, оның ата-анасын, жаттықтырушыларын және Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымын осы жарқын жеңіспен шын жүректен құттықтаймыз!

Еліміздің Көк Туы халықаралық ареналарда әрдайым биікте желбірей берсін! Айша Алтайдың алдағы уақытта Азияның ғана емес, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарының жеңіс тұғырынан көрініп, Қазақстан спортының абыройын асқақтататын күндері көп болғай!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті