Header Banner

Мергендер додасы

2026 жылдың 17-18 шілде күндері Қарағанды облысы, Шет ауданының Ақадыр кентінде ұлттық спортты ұлықтаған айтулы дода – дәстүрлі садақ атудан ересектер мен жастар арасындағы Қарағанды облысының чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді.

Аталған жарыс Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, Шет ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің және Ақадыр кенті әкімдігінің қолдауымен өтті. Ұлттық мұрамызды дәріптеуге бағытталған бұл дүбірлі додаға Қарағанды облысының қала-аудандарынан келген 50-ге жуық таңдаулы спортшы қатысып, өзара шеберлік пен мергендіктің нағыз үлгісін көрсетті.

Жарыс барысында қатысушылар дәстүрлі садақ атудың бірнеше бағыты бойынша сынға түсіп, 70 метр ерлер (Пута), 60 метр қыздар (Пута), 50 метр (Қалқан), 40 метр (Орта Азия) және 30 метр (Жамбы) нысаналары бойынша бақ сынады. Әрбір кезеңде мергендердің дәлдігі, сабырлылығы, шеберлігі мен рухани дайындығы айқын көрініс тауып, жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады.

Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне Шет ауданы әкімінің орынбасары Карсембаев Дәурен Құралұлы, Қарағанды облысының дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Ақшолақов Қуан Қуатұлы, Ақадыр кентінің әкімі Қойшыбаев Мерей Жасұланұлы, сондай-ақ спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, төрешілер мен ұлттық спорт жанашырлары қатысты.

Қонақтар өз сөздерінде дәстүрлі садақ ату – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан жауынгерлік өнерінің, ұлттық болмысы мен рухани мұрасының ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Олар жастардың ата-баба аманатына адал болып, ұлттық құндылықтарды жаңғырту жолындағы мұндай жарыстардың маңызы зор екенін ерекше айтты.

Екі күнге созылған тартысты бәсекенің қорытындысында облыстың ең үздік мергендері анықталып, Қарағанды облысының құрама командасы жасақталды. Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлері алдағы қыркүйек айында Атырау қаласында өтетін Қазақстан Республикасының дәстүрлі садақ атудан чемпионатына, сондай-ақ Абай облысының Аягөз қаласында ұйымдастырылатын республикалық турнирге қатысу жолдамасын жеңіп алды.

Жарыс соңында үздік спортшылар кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және грамоталармен салтанатты түрде марапатталды. Сонымен қатар өз салмағында жеңімпаз атанған спортшыларға Қазақстан Республикасының «Спорт шеберлігіне үміткер» (СШҮ) спорттық атағы берілді. Аталған дәреже – олардың табанды еңбегі мен жоғары дайындық деңгейінің лайықты бағасы.

Дәстүрлі садақ ату – халқымыздың сан ғасырлық тарихымен сабақтасқан, елдік рухты, батырлық пен мергендікті дәріптейтін ұлттық спорт түрі. Бүгінде бұл спорт түрі мемлекет тарапынан жан-жақты қолдауға ие болып, бұқара арасында кеңінен дамып келеді. Ұлттық спортты дамыту – жас ұрпақты отансүйгіштікке, тәртіпке, төзімділікке және ата-баба мұрасын қастерлеуге тәрбиелеудің маңызды тетігі.

Ақадыр төрінде өткен облыстық чемпионат ұлттық спорттың мерейін өсіріп қана қоймай, өңірдегі талантты садақшылардың жаңа белестерге жол ашуына мүмкіндік берген тағылымды әрі тағдырлы спорт мерекесіне айналды. Осындай игі бастамалар көбейіп, ұлттық садақ ату өнерінің абыройы асқақтай берсін!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті