Ерзат Молдабекұлы Ермағамбет 1993 жылы Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келген. 2011-2015 жылдары Қарағанды «Болашақ» университетінде тәлім алған. 2014 жылы облыстық Ғабиден Мұстафин атындағы проза бәйгесінің 1 орын иегері. 2017 жылы облыстық Ақселеу Сейдімбек атындағы жазушылар бәйгесінің 1 орын иегері. 2018 жылы облыстық Ақселеу Сейдімбек атындағы бәйгенің публицистика жанры бойынша 2 орын иегері.
(Әңгіме)
Қызыл сырлы екібасты шатырлы үйдің көк есігі сықыр етті де, артынша қыз күнгі шырайының ажары әлі тая қоймаған келіншек жүгіре шықты. Біреуден қашып бара жатқандай саңлақ адымынан ентіккендік байқалады. Есікті жауып үлгерем дегенше пештен атып шыққандай ала мысық зып берген бойда шарбаққа қарғып мініп, иесі жаққа әлсін бір мияулай салды. Сүйріктің дегеніме жеттім деген емеурінін танытатын жүзіндегі жымиысты сол сәтте түксиген қабақ пен салпиған ауыз алмастыра қойды.
– Түу, мына мысық соңымнан еріп бәле болды ғой. Қайда барсам да құйыршық болып ілеседі де жүреді. Ел-жұрттан ұят болып бітті өзі. «Әй ана Сүйрік мысығын ертіп тағы шығыпты. МұңлықЗарлық болып жүр» – деп көршілер тағы күліп отырған шығар, – деп мысығына өзінше кейіп тұр.
Сөз түсінетін мақұлық қайдан болсын, бұрын Сүйрік асханада жұмыс істегенде, жұмысшылардан артылған шұжықтың қалдығы мен қаймаққа бүйірін томпайтқанға дәнігіп, иесі үйден шықса асханаға кеткендей көрінеді. Оның үстіне бесік тербетуге қалдырып кеткен екі қызы маза беруші ма еді? Бұл мезетте үйдің екінші басында тұратын Жамал көршісі бақшасында қызанақ түптеп жүрген. Әуел баста дым түсінбей аңтарылып тұрды да, мысық жаққа қарата сөйлеп тұрғанын байқап қалып:
– Әй, онекісүйек, мысыққа сонша жүйкеңді құртқаның не? Байқа қарғысы жаман болады дейді, – деп жеңіл әзілмен әдетінше бір қағытып өтті.
Жамал жаратылысынан қаймығу дегенді білмейді. Әуел баста дөрекілігі Сүйрікке оғаш көрінгенімен, кейін еті үйреніп кетті. Еркекшора, ешкімнің бет-жүзі бар-ау деп ойламайтын ожарлау болғанымен, ниеті таза, кісі баласына қастығы жоқ аңқылдаған әйел. Әйтеуір өз әзіліне өзі мәз болып отыратын кісілердің қатарынан. Ашуы да тез, қайтымы да тез.
– Ой, Жамал сәлееем! Мәәә, күн ыстықта не істеп отырсың огородта, ағаруға әрекет жасасайшы, – деп Сүйрік те жеңіл жауап қайтара сала: – Бекмырза бүгін келу керек еді, соған дүкеннен ұсақтүйек ала қояйын деп ем, мына мысық та бірдеңеден құр қалғандай еріп шықты ғой…
– Иә, елдер ит ертсе, біздің Сүйрік мысық ертеді. Қайта осы мысығыңның арқасында маңайға тышқан түгіл ит жоламай кетті ғой. Анау көрші Мұхиттың шәуілдектері мазаны алып, балаларды талап тастай жаздап еді ғой. Қазір рахаттың рахаты. Шарбақ түгіл, үйшіктен шығуға қорқады. Әхәх-әхә-хәх. Айтпақшы кеше Мұхит ренжіп, күңкілдеп жүрген. Мына сендердің мысықтарың иттерін үйшіктеріне қуып тығып, итаяқтарындағы еттерін жеп кетіпті. Мұхиттың ит десе шығарға жаны бөлек, иттеріне ет қана береді. Өзіміз асқа жарымай, жер еміп жүрсек, бұлардың иттеріне дейін жағалары жайлауда. Әй, Барсик, мәләдес, біз байғұстардың өшімізді алып бергендей болдың. Е, сені де бұрын жұмысыңа дейін шығарып салып, күтіп алып отыратын еді ғой. Сол әдетінше қорғап жүрген түрі де.
– Әй сол қорғап жүр ме, қор қып жүр ма? Қураған қу мысық неме. Кеше Қуандығымды тырнап алмасы бар ма. Ана екі қыз қайда қарап отырғандарын білмеймін. Қайта үйде болғаным қандай жақсы болды. Бала шыр ете қалған бетте жетіп барсам, бесіктен секіріп түсті. Не істегенін бір құдай білсін. Бұндай сұмдықты бірінші көруім. Бала шошып қалды ма, қайта-қайта ояна береді. Содан бері жыным ұстап жүр. Көзін шығарып алса не болмақ?
– Мәәәә! – деп ішін тартқан Жамалдың ала көзі алая түсті. – Мысық атаулы негізі нәрестелерге тырнағын батырмайды емес пе.? Мысық киелі, таза жануар. Жер-жаһанды топан су басқанда Нұхтың кемесінің түбін тышқан кеміре бастаған екен. Сонда мысық көмекке келіп, кеміргіштерді баудай қырып, кемені апаттан, қалған тіршілік иелерін ажалдан арашалап қалған деседі.
– Сол тышқан аулап, жеген тамағын ақтаса жақсы ғой. Оны айтасың тышқан болғанда емес қой бізде. Түк пайдасы жоқ әйтеуір. Бар жұмысы терезе алдында бесікке тесіліп жататынды шығарды қазір, одан қалса мені аңду. Бесікке тесіліп қадалғаны ұнамайды әсіресе. Кейде айбат шегеді…., Сүйріктің ызыңы жалықтырып жіберді ме, Жамал сөзін аяқтатпай:
– Әй, онекісүйек, жолыңнан қалмашы, баланы да дүкенді де ұмытып барасың әйтпесе. Байың аш қалып, сен мысығыңмен қоса таяқ жеп, айдаладағы мен арашалап жүрмейін, – деп артынша рахаттана кеңкілдегенде толық денесі селкілдей жөнелді. Сүйрікке бұл қызық көрініп, бірдеңе айтқысы келіп барып, үндемей ғана әнтек жымия салды.
Дуалдан шыға бере кілт тоқтап. Аяқтарын айқастыра басып, екі жаққа кезек теңселе осы кенттің әйгілі маскүнемі Болат келе жатыр екен. Оның бұрын кім болғанынан ешкім бейхабар. Бар білетіндері Ауған соғысынан қаны бұзылып келген деседі. Соғыстан оралысымен ауылында көп тұрақтамай, осында қоныс аударған. Ешкім танымайтын елге екі мың шақырымды артқа тастап келуі әлі жұмбақ. Не себеп екені белгісіз, бірақ соғыста бірге болған майдандастары жау қолынан тірі оралғаннан бастап өзгеріп кеткенін айтады. Не болғанын өзі де айтпайды, тек араққа сылқия тойған күні селкілдеп жылайды. Әуелде соғыс ардагері ғой деп біраз жайлы жұмыстар ұсынғанымен, біреуін де жарытып істей алмады. Алғашқы екі күн жап-жақсы істеп келе жатады да, үшінші күні удай мас. Ақыры арақтың соңына біржола түсіп, тек кезекті бас жазу ғана орнынан қозғалатын тірі өлікке айналды. Елжұрттың есігін күзетіп, бір стақан спиртке әр нәрсеге жалданып күнін көріп жүрген бейбақ. Сондай бір кезекті жорығы деп топшылған Сүйрік әуелі сәл секем алып қалғанымен, Жамалдың жанында тұрғаны сенімділік берді. Осы кенттің бетті келінінен ішкіштер әсіресе именетінін біледі. Қарымды еркек болмаса, анау-мынауға әл бермейді. Ол Болатқа да мәлім. Өткенде удай мас күйінде көршісінің люлькалы Урал мотоциклін қуып кетіп, ақыры екі көше өткен беттегі қиылыстағы құмда рүлге ие бола алмай аударылып, мотоцикл белінен басып қалған. Абырой болғанда Жамал өтіп бара жатқан еді. Жалма-жан жүгіріп келіп, бір қолымен-ақ мотоциклді аударып қоя салған. Содан бері Болат Жамалды көрсе айналып өтуге тырысады. Бұл жолы да Сүйрікке бірдеңе айтпақшы болып оқталып барып, Жамалды көрген соң, бағытын өзгертіп жіберді. Көзден таса болған соң, Сүйрік әуелі айналасын көзбен тағы бір шолып, асығыс баса дүкенге бет алды…
Бекмырза мен Сүйрік осы елді мекенге былтыр көшіп келген. Заманның аумалы-төкпелі өліара кезеңіндегі жаппай жан сауғалаған «ұлы қоныс аударудың» бірі ғой. Әйтеуір өздері тұрған ауылдан климат жағынан еш айырмашылығы жоқ. Бетпақтың батыс қиырынан тура шығысына ауысқаны болмаса, бала кезден таныс сол шөлейт. Тастақты шөлге тән бұл маңның шөбі де сирек өседі. Жел айдаған қаңбақ тасбұйырғын мен баялышқа тіреліп қана байыз тауып, желдің бағын күтіп бұғып жатады. Көктемнің жауыны мол кезінде жусан осынау кең жазыққа көктей жайылып, даланың көркін ажарландыра түседі де, кейін ала жазғы жердің танабын қуырған қуаңшылықтан өлі қауланың біріне айналып кете береді. Суалған өзендердің ескі арналарын бойлай жыңғыл, тораңғы, құмды шөлдерінде сексеуіл, теріскен қаулайтын мидай жазық. Қысы құрғақ әрі аяз, ал жазы ыстық аптап. Ертелі-кеш уілдеген аңызақ бір төбенің шаңын келесі төбеге қосады да тұрады. Қатты ыстыққа үйренбеген адамға қолайсыз көрінгенімен, екеуіне сол үйреншікті ауа райы ауылдарынан алыс кетпегендей сезіндірді. Оның үстіне бұл қаланың тұрмысы да жайлы. Ауыз су да, ыстық су да дәл үйдің ішіне тартылған. Шөл болғанмен, сумен мәселе жоқ. Тіпті егін егем десең де үй ауласына арнайы су тартқан. Бұл өлке өзінің майлы қайнар бұлақтарымен және жүз жыл қазсаң ортаймайтын кенімен әйгілі. Әуел баста соғыс жылдары бұл жердің асты қазба кенге бай екендігі анықталып, әр қиырдан боздақтар мен тұтқындар қойша тоғытылған. Сол боздақтар осы қаланы тұрғызған екен. Ал бұндағы кеннен алынған қоспалар соғыс техникасын жабдықтаған металлдарға алапат беріктік бергендіктен, Мәскеудің тікелей қарамағында болыпты.
Қазір ол кең заман өтсе де, одан қалған қазынасы әлі сарқыла қоймапты. Сондықтан бұл кенттің кеншілерінің жағдайы да, тұрғындарының да жағдайы өзге жерден жақсырақ. Көп елдің мекеннен көш ілгері. Үйлер тұтас еуропалық, жапондық үлгімен соғылған шатырлы биік төбелі екі басты үйлер. Әуелгі тұрғындарының дені өзге ұлт болғандықтан, өзге ауылдардағыдай қазақы там үйлер кездесе қоймайды. Бұлар көшіп келген жылы кеніштің озат жұмыскерлеріне тиесілі үйдің бірі бұйырады. Кеніштің басшылары жас отбасы деп осы екібасты үйді жалға берген. Бекмырза кеніштің «проходчигі». Бала кезден қара жұмыспен шыныққандықтан, жұмысты аса ауыр деп санамады. Әуелде тірілей жер астына түсу біртүрлі көрінгенімен, кейін еті үйреніп кетті. Екі қызы мен жүкті әйелін ертіп осында көшіп келгенде бір танысы да жоқ еді. Қайта кеніштің басшысы кісіге қамқорлығы мол жан екен, бірден өз қарамағына алды. Бекмырзаның өзгелермен терезесі теңеліп кетуіне де осы басшысы сеп болды. Соған сай Бекмырза да кеніште жұмысты өзгелерден өндіріп, бар бейілмен істейді. Басқалар сияқты араққа да құмартпады. Сенімге кірген жұмысшыны басшылар да іс-сапарға жиі жіберіп тұрады. Сол кезекті іс-сапардан Бекмырза бүгін келді. Қала жақтан төбесі жұмырлана келген сары автобус қарақошқыл түтінін будақтата кенттің қақ ортасындағы жалғыз таспа тас жолмен жүйткіп келіп, аялдамаға тоқтады да, ышқына демін шығарғандай ысылдап барып өшті. Ұсақ балалар әдетінше шулай аялдамаға жапырлай лап қойды. Қаладан бір туысқаны келіп қалар, базарлықтан бірінші болып ауыз тисем деген ниеттерінің жетегіндегі ойын балалардың арасында Бекмырзаның тете екі қызы да бар. Бағана Ақсүйріктің Жамалмен әңгімесін ашық терезеден естіп қалып, содан тыным таппай, шешелерін күтпей, терезеден қашып шыққан. Енді міне әкесінің екі жағына шығып алып, сол ерліктерін жарыса айтып келеді. Бекмырза екі қызы алдынан шығатынын әуелде біліп, қаладан балмұздақ алып еді, ыстық автобуста еріп, сүтке айналып кетіпті. Оны елейтін Айша мен Назерке жоқ, целофанның ішіндегі сұйық балмұздақты мылжаңдап, бет ауыздарын бес ит жаласа тоятындай былғап келеді…
Кешкі ас үстінде Сүйрік мысықтан құтылғысы келетінін айтты. Бар себебі, балаға атылғаны. Бекмырза Сүйріктің айтқанына әуелде сеніңкіремеді. Әйел заты табиғатынан көбіне мысықтарды жақтырта қоймайды. Сол әдеті шығар деп ойлады. Әйтпесе бұл мысық өзің тимесең, өздігінен тиіспейтін еді. Екі қызы батпақша илеп умаждап жатса да бір тырнағанын көрмепті. Құлақ ұшы мен тұмсық тұсы қара, қалған жері ақсары түсті, көк көзді мысықтың құйрығының ұшы имек болып бітеді. Сол тұздай көзі тесірейіп, бала жатқан үкісі жоқ темір бесікке тышқан көргендей тесіліп қарап тұр екен.
– Әне, көрдің бе! Дәл қазір тап беруге дайын тұр. Көзін құртайықшы. Қапқа салып ауыл шетіне апарып тастайық, болмаса жұмысыңа алып кет, тышқан аулап жейді, – деп Сүйрік шамырқанып тұр. – Бұл тышқан аулайтын мысық емес қой. Бұл Сиам тұқымынан. Әуелде құйрығы сынған деп жүрсем, жаратылысы солай екен. Аңыз бойынша Сиам ханшасының алтын жүзігін құйырығына іліп алып, сандықтың ішінде күзетіп жатады-мыс. Құйрығы содан имек. Ешқандай ұрыға ұрлатпаған. Әрекеттеніп көргендердің қолдарын ұстарамен тілгендей осып алады екен. Сондықтан бұның жаратылысы аулау емес, қорғау.
– Е, Жамалдың Сиам ханшасы деп жүргені сол екен ғой!
– Ә, солай дей ме? – деп Бекмырза таң қалған сыңай танытып, кесесін аузына тақай бере бір нүктеге қадалған күйі: Жамалдың негізі білмейтіні жоқ… Айтпақшы ұмытып барады екем, анау сенің ағаң беріп кеткен спирттің аузын таңып байлап тастайын. Ол да бір тауып алды ғой дейсің бе? Бір жерден жымқырды да. Тегін адам мыс ұрлап қамала ма әйтпесе. Кеше кісі жібертіпті, сол спиртті сатып, ақша қылып жаратсын, қалғанын сәлем-сауқатпен беріп жіберсін депті. Тезірек сатып, құтылмаса болмас. Әй, бірақ біздікілер қарызға деп жаздыртып, ұстатпай кетеді.
– Сол спиртті сатпай-ақ тегін тарата салшы құрсын. Болат тағы айналсоқтап үй маңынан шықпай жүр. Кімге айтып едің спирт бізде деп? Әйтпесе біздің үйде несі бар?
– Жә, жарар! Не істей алады дейсің? Есікті ашпасаң болды. Тіпті Жамал деп бір айқайлсаң, өзі-ақ қашып кетер… мен дем алайын, ерте тұру керек, – деп есіней орнына тұрып, төсегіне қарай беттеді.
Жаздың сәулелі жарық түні. Желсіз ыстық аптап. Арагідік есік алдындағы ағаш бұталарды иіп самал соғып қояды. Бақшаның арасынан шегірткенің шырылына алыстан иттердің болмашы үргені қосылады. Сүйрік ұйқысы келмей ұзақ жатты. Мысықтан қалай болсын құтылу керек. Не өзіне жақындатып сипатпайды, не тышқан ауламайды. Бұрын жұмысқа қоса еріп барғанын қызық көретін. «Ал кеше Қуандығына неге атылды екен? Әлде бесікке қонған шыбынды ұстамақшы болды ма екен? Мысықтардың көзіне ӘЛГІЛЕР көрінеді дейді ғой. Қуандығымды солардан қорғамақшы болды ма» деген ойлар келгенде денесі бір мұздап, ішінен шала білетін дұғасын қайталап күбірледі. Сүтке тойған Қуандығы мұрны пыс-пыс етіп қалың ұйқыда жатыр. Сүйрік бұл сәбиін тұңғышындай жақсы көреді. Өмірдің баға жетпес сыйым осы деп біледі. Бұйырса бұл да ер жетеді. Екі әпкесінің соңынан бұл да желмен бірге жарысып ойнайды әлі-ақ. Сонда бар ғой, ауланың ешқай баласы жете алмайтын желаяқ, әлде жұрттың бәрін тәнті қылар жігіттің сұлтаны болады ма екен. Тәтті қиялына тамсанып жатқан күйі кірпіктері айқасып кетті… Бекмырзаның көзі бірден ілініп кете қоймады. Сүйріктің кешкі ас үстінде айтқанына көңілі алақұйындай аласұрып тұр. Мысықтар адамдардың ауырған жеріне жатып алып, ауруын өзіне тартып алады екен. Мысықтың тоғыз жаны болады дейді. Иесіне қатты бауыр басса, бір жанын құрбан етеді екен де. Сонда бұның неше жаны қалды? Бір жанын осыған берді ғой… Ауруханадан шыққанда шабының күретамыры зақымданып, бедеу болып қалғанда кіндік тұсына жатып алатын еді. Содан міне бір жылдың ішінде Сүйріктің құрсағына бала бітіп, Қуандығы келді өмірге. Ол кездерде бастан өткен нәубет екен бір. Ойлар ағымы зуылдап көз алдына келе берді. Әсіресе сол бір апат…. Бекен кенішке алғаш орналасқан кезі. Проходчиктер* кезекті барлаудан оралып, жаңа кеніш орнын ұңғи бастаған. Кезекті жоспарды мақсат қып тас байлап алған кеншілер ештеңені елер емес. Гүрілдеген техникалар, ысқырған булар мен сомтемір балғалардың тарсылы араласқан қызу жұмыс. Ондайда маңайға шашыраған тастар мен су тамшылары аса күмән туғызбайды. Тек Бекен тіреуіш бағандардың сықырлап, төбеден жәй кездегідей су тамшыламай, қиыршық тастар жиілеп түсе бастағанынан секем алды. Бірден жұмысты доғармаса, бәрі кеш болуы мүмкін. Кезең бастығына айтып еді, жоспарды алға тартып, жұмысты тоқтатпады. Онсызда бұл кезең жоспардан екі есе қалып барады. Бекен шытынаған бағандарды көрсетем деп үлгергенше бағандар бырт-бырт етіп сынды да, артынша әлем-тапырық болып кетті. Есін тек ауруханада жиды. Дәрігердің айтуынша бес адам қаза тапқан, Бекенді де бақилық болып кеткен деп ойлаған, абырой болғанда Жұмағұл досы жанкештілік танытып, үйінді арасынан іздеп тауып, жер үстіне арқалап шығарған. Дәм-тұзы таусылмапты, көрер жарығы бар екен. Тірі қалғанымен, шабының күре тамыры мен сегізкөзі уатылып кетіпті. Ендігі күні не болмақ, әлі аяққа тұрмаған отбасын енді кім жеткізбек? Біреуге масыл болудан қорқатын Бекен неге бірден өліп кетпегеніне өкінді. Сондай уайымы көп күндердің бірінде қайдан келгені белгісіз, палатаға осы мысық кіріп келіп келген. Бекеннің кіндік тұсына жайғасып алып, ұйықтағанша пырылдап жатып алатын. Сүйрік басында бүргесі жұғып берекесін алар деп сәлем-сауқат алып келген күндері қуып жіберіп жүрген, кейін Бекенге кәдімгі ермек болған соң, өзі де арагідік тамақ беріп жүрді. Кейін Сүйріктен екі елі қалмайтын болды. Өзіне үйіріп алып, енді неге құтылғысы келеді-ей?
Кенет бір нәрсе дүңк ете қалды да ойын шашыратып жіберді. Терезе алдында жатқан мысық бесікке бірақ қарғыды. Бекен орнынан оқша атылып, есікке жүгірді, Сүйрік бесікке ұмтылды. Апыр-топыр айқайдан екі қыз бір-біріне үрпиісіп тығыла түсуде. «Ұры түсті ме екен? Қап кеше Болат маңайдың барлық алқашына үйде спірт бар деп көкіп жүрген. Соны ұрламақшы ма? Мәә, ол қолды болса саудам бітті. Үй сатып алам деген жоспарымның күлі көкке ұшпақ. Кім болса да бетін аймаңдай қылатын, әкесінің…».
Түйсігінің түкпірінде тұншығып жатқан осы күмәні дәлізде ешкімнің жоқтығы, спірттің орнында тұрғаны бірақ сейілтті. Жайланған көңілмен жатын бөлмеге қайтып келді. Бағана үйді даңғаза қылған абыр-сабыр әлі басыла қоймаған. Тете қыздардың дудыраған шаштарының ар жағынан жылтыраған көздері бақырайып, әлі де не болғанын түсіне алар емес. Сүйрік шыр ете қалған баласын қолына алып, уатуда. Бесіктің астында мысық болса әлдеңемен алысып жатыр. Тышқан ұстады ма екен. Тышқан дейтіндей тышқан да жоқ секілді еді ғой бұл үйде. Бұл салынған үйлерде тышқан жүру мүмкін емес. Іргетас пен еденнің лайына уатылған шыны араластырып құйған. Сондықтан кеміргіштер бұндай үйлерді мекен ете қоймайды. Не болды екен сонда, қыбыр еткен жәндік не мақұлық болмаса бостан-бос секірмейтін мысығының бұл оғаш қылығы лездің ішінде Бекеннің шақшадай басын шарадай қылды. Оның үстіне ойнап жүр дейтіндей бала мысық та емес. Бекмырза бесікті жылжытып, маңайына зер сала бастады. Кенет ыршып түсті де, ішегін ішіне тартты. Сөйтсе бесікке бұзаубас шаян өрмелеп кеткен екен. Жаратылысынан жыртқыш қасиеті бар мысық қырағы көзімен байқап қалған да, шаянды қағып түсіріпті. Шам жағылғанша шаянның жарты денесін шайнап жіберген. Бұл мекенде барлық шөлге тән бұзаубас, сарышаян сияқты улы жәндіктер жиі кездеседі. Денсаулығы мықты ересек адамның өміріне қатты қауіп төндірмесе де, ағзасы әлі әлсіз сәбиді шақса, өліп кетуі мүмкін. Сүйрік өз-өзіне ұзақ уақыт келе алмады. Өңі шүберектей қуарып кеткен. Тұла бойын тітіретіп жіберген қорқыныш сезімі құшағына сәбиін тас қылып құшақтатып қойған. Әуелі мысыққа деген өшпендік оты шашырап тұрған жанары лездің арасында буланып кетті де, алғыс білдіргендей мысыққа мейірлене қарады…
Шаян қалай кіріп кетті? Неге дәл бесікке өрмеледі? Бұл мысық болмағанда не болар еді? Сан сұрақтар санасында сапырылып сарсаңға түсірді. Үрей билеген кеудесіндегі алқынған жүрегі алқымын қысып, аузына тығылды. Ертесіне осы жағдайды Жамалға айтып еді, бетін сұқ саусағымен тігінен сипап өтті де:
– Мәәә, қайта құдай сақтаған. Есік-терезені жауып жүріңдер түнде. Бесікті бұрындары құба талдан иіп жасаған, сендер темірден соқтырдыңдар. Балташы жоқ, ұстасы көп біздің маңда барлығы сөйтеді ғой бірақ. Ең құрымаса үкі тақпадыңдар ма? Үкіні сән үшін емес, жын-шайтаннан сақтау үшін, албасты баспау үшін тағатынын білу керексіңдер ғой.
– Өй, соны құнттамаппыз. Бір үкінің қауырсыны қалай сақтасын жын-шайтаннан. Өзім қатты сене қоймаймын ондайға.
– Әй, сен сенбесең де, ата-бабаң сенген, мың жыл бойы сеніп келген. Халық айтса, қалып айтпайды емес пе. Әр нәрсеге өзінің дүниетанымымен қараған. Жын-шайтан деген сөздің мысалы ғой. Әйтпесе бар зиянкес жәндік үкіден қорқады. Сондай қасиеті бар үкінің, солай…
– Әәә, астар осында жатыр екен ғой. Бекенге айтып үкі алдырту керек екен онда, – деп Сүйрік іңгәлаған дауысқа елең етіп, үйіне асыға кіріп кетті. Ертесіне Бекен көрші ауылдарды кезіп, үкі іздеуге кетті. Бұл елді мекенде қырықтан асқан ұлт жиналғандықтан, әркім өз дәстүрін ұмыта бастаған. Бұл ауылдан үкілі түгіл бесік таппай, кенішдегі дәнекершілерге айтып, екі литр спиртке темірлерді иіп, бесік жасатқанын есіне алды. Бекен солтүстік бағытта жергілікті қазақтар тұратынын біледі. Жұмыс іздеген талай қазақ сол маңнан шұбырып, қала тұрғындарының діліне үйренісе алмай, әрі қарай Балқашқа көшіп кетіп жататын. Әлгі үкіні тапса, сол маңнан табар. Не де болса Тоқырауын өзенін бағыт қылды. Ауылдың шыға берісіндегі аялдамаға тұсынан өтіп бара жатқанда, құлағы шыңылдып, бір нәрсе кейін тартып тұр. Бейтаныс елге бара жатқаннан болар. Алайда бейтаныс деп айтатындай өзге емес, өз қазағы ғой. Неден кежегесін кейін тартып тұрғанын білмей дал. Жұмыстан сұрап алған ГАЗ-53-ті өшіріп тастап, Бетпақтың мидай жазығына ұзақ қарап ойланып тұр. Өткен өміріне ойша жиі оралатын болыпты. Қартайған шығар, уайымы да көбейе түскен. Алдыңғы жылдардағы апаттан абырой болып аман қалды, енді ұзақ күткен, тосыннан тағдырдың берген сыйы Қуандығынан қапияда айырыла жаздады. Денсаулығын түзетем деп, бар жиған ақшасын, көршіқолаңнан қарыз алып, әзер дегенде оңалды. Енді елге шет-жағалай қарыз. Қайта, тұрып жатқан үйге кеніш басшылығы ақы сұрамай отыр. Керісінше келесі жылы жекешелендіріп, сатып алуын ұсынды. Еңселі үйге есі кеткен Бекеннің бар уайымы осы үйді не де болса алып қалу. Соның қамымен жүрудің орнына, бір жапырақ мамық іздеп сандалып жүргені мынау. Сонда бір құстың қауырсыны қалай ғана бар мәселенің шешімі болатынына миы жетпейді. Өзіне өзі көмектеспесе, өзгеден аса қайыр күтіп үйренбеген болмысы осыны түсіне алар емес. Кенет қалың ойдан шалбарланған жүзі жазылып, бір мырсы етті де, ГАЗ-53 оталдырып, орнынан ақырын ғана қозғалды. Бекенді жолға шығарып салысымен, Ақсүйрік екі қызымен үйді тазалауға кірісті. Әжесінің «бәлекет келген үйді тазалап, аластап отыру керек» дегені есіне түсті. Басқа түссе баспақшыл адамның жаратылысы солай ғой. Ақыл есінің жетпеген тұсында, қиялына ерік береді. Оның үстіне бір шошыған адам елегізей береді. Санасы қалыпқа келгенше, әр нәрседен секем алып жүреді. Әйтеуір қос көмекшілері мұрындары пысылдып аналарына әжептеуәір қолқанат болып қалыпты.Үлкені Айша биыл екіншіні аяқтаған, кішісі Назерке беске биыл шығып, келесі жылы мектепке бармақ. Тете болғанымен, екі қызы өте тату. Өзге үйдің балаларындай емес, ойыншыққа таласып, бірде-бір рет шекіскендерін көрмепті. Екеуі өскен сайын Сүйріктің қолы ұзара бастағанын өзі де байқап жүр. Үй ішіндегі қарбалас тірлікті тек терезе алдынан бақылап, маңғаз ғана басын анда-санда көтеріп, иіс іздеп, қайта маужырап ала мысық жатыр. Кенет бұйығы ғана үйдің ішіндегі ырғақты жұмысты есікті сындырып әкетердей біреудің қаққаны бұзып жіберді. Балалар үрпиісіп, сопиа қалды. Бір затын ұмытып кеткен Бекен шығар деп топшылады. Бесіктегі бала да оқыс дауыстан оянып кетті. Сүйрік есікке жақындай бергенде, мысық та аяққа оратылып қоймады. Ойында ештеме жоқ Сүйрік мысықты аяқпен итеріп қалғанымен, қайта кеп оралып, есікке жолатпады. Ерібей қолымен көтеріп, ұзын дәліздің ортасына лақтыра салды, төрт аяққа дік ете қалған мысық жонын күдірейтіп, айбат шекті. Бекеннің шыдамсыздығын білетін Сүйрік есікті тез ашуға оқталғаны да содан. Жай кезде есіктің арғы жағындағы адамның кім екенін сұрамай аша салатын әдетіне баспады. «Кім бұл?» деген сұраққа ар жағынан мыңқылдаған мас адамның түсініксіз сөздері шығып жатты. Сүйріктің денесі лездің арасында тітіркеніп, құйқасы шымырлай жөнелді. Жүрегі атша тулап, қабырғасын қақыратып сыртқа шығып кетердей.
Есікті ашса, мас адамнан не күтуге болатыны белгісіз. Не болса да ашпауға тырысты. Уақыт созылған сайын, есіктің дүңкілі де күшейіп барады. Баяғы Болат қой сол. «Бекен қаладан бір бөшке спирт алып келіпті» деген сөз көрші маңайға желдей есіп, ол қаңқу Болатқа да жеткелі қашан. Басы ауырғанда небір құйтырқылыққа ойланбай барады. Қазір арақ уытының жетегінде. Бар мақсаты, бір жұтым спирт. У әбден сіңген ағзасы ақылын тұншықтырып, басын жазғанша жанталастырады. Есікті бір кезде тебе бастады. Жаратылысынан адам түгіл жорғалаған жәндікке зияны тимейтін биязы болмысы санасына әмір жүргізе алмай тұр. Жүрегі аузына тығылып, қорқыныш бұның да тұла бойын жаулап алды. Не қорқыныш болуы мүмкін? Арақтың уыты тарағанда бойы тізеден келетін, маңдайында жалғыз сығырайған көзі бар бет аузын жүн басқан ӘЛГІ бұны алыстан аңди бастайды. Арақтың уыты неғұрлым тараған сайын, соғұрлым ӘЛГІ жақындай түседі. Бір стақан арақ ішіп жіберсе, ол да алыстай түседі. Әбден мас болғанда, ӘЛГІ де көзден ғайып болады. Бұл жолы тым жақын келген екен. Қол созым жерге жақындап қалған. Үрейден жаны мұрнының ұшына келген Болат есікті бар пәрменімен теуіп қалғанда, ілгегін жұлып түсті. Осы кезде үрей үйдің ішіне еркін жайылды. Дәліздің түкпірінде баласын құшақтаған Сүйрік үрпиіп тұр. Не керек екенін түсінбей дал болуда. Әлде шатасып, өз үйім деп кіріп келді ме екен. Үрей меңдеген даусынан діріл аралас сөздерді тісінің арасынан әрең шығарды:
– Бока, не керек саған? Сенің үйің екі көшеден кейін ғой.
– Үһ, басым-ай, басым қазір сынады, құлың болайын Сүйрікжан, мына басты жазып берші. Осы кезде Сүйрік бойын тез жинап алды да, қатқыл үнмен:
– Тез жоғал бар. Біздің үй саған емхана ма, жоқ дүкен бе? Тапқан екенсің бас жазатын жерді. Балаларды шошытып біттің. Онсызда зәрезап болып отырмыз… – дей бергенде,Болапт қиқаңдап барып кіре берістегі аузы жіппен тас қып таңылған бөшкені көріп, жалма-жан қырши бастады.
Сүйрік не істерін білмей дал. Көршілерді көмекке шақырайын десе, есіктің аузында Болат тұр. Шығарып жіберейін десе, зіңгіттей еркекке не қауқар қылмақ? Сол сәт Болат та ас үйді бетке алып, пышақ іздеді. Тіспен ашпақшы болған әрекеті нәтиже бермеген болуы керек.
Ас бөлмеден пышақты білемдеп келе жатқан Болаттың алдын кесе көлденең тұра қалды.
– Бока, жақсысың ғой. Бара қойшы. Бекен ертең өзі келеді де, сұрағаныңды береді. Қазір балаларымды шоштыпай бара қойшы.
– Кетші ей, өзім өлейін деп тұрғанда, анау өлтіреді мені, қалай көрмейсің?
– Кім сені аңдып жүрген? Неге мілисаға айтпайсың?
– Оны ешкім көрмейді, мені ғана аңдиды, Әне келді, ойбаааай, кееет, кееет дедім ғой саған, – деп пышақты әлгі елесіне қарай сілтеп қалды.
Қарсы алдында тұрған Сүйрікке өзіне бағытталған пышақ деп ойлап, қас-қағым сәт көз ілеспес жылдамдық танытты. Баланы тас қылып құшақтаған күйі бұғып үлгерді. Осындайда «баланың періштесі қақты» дейтіні рас болса, оларды көрсетпейтін кеңістік пердесі ашыла қалса, баласын құшақтаған ананы сыртынан қос қанатымен қапсыра құшақтап, пышақ сілтелген қолды қағып жіберген бірнеше періште шыр айналып ұшып жүргенін көруге болатын еді. Терезе алдында жатқан мысық айғай-шу басталғанда-ақ терезеден қарғып түсіп, ас бөлменің есігінің маңдайшасынан алысып жатқан екеуге қарап ысылдап отырған.
Сүйрік ойбайлап бұға қалғанда мысық та Болаттың бетіне бірақ қарғыды. Алдыңғы аяқтарымен құйқасына тырнақтарын кірш еткізіп батырып, әбден бекіп алып, артқы аяқтарымен Болаттың бетін аймаңдай етіп оса бастады. Мысық ашынса ештеңеден тайынбайды. Өзінің дене пошымына сай келмейтін кез-келген жыртқышпен аянбай айқаса береді. Оның үстіне маңайдың иттерін ит құрлы көрмейтін мысық бұл жолы аянбады. Өзінен он есе үлкен екіаяқты мақұлықпен жанкешті арпалысып кетті.
Болаттың жанына батып кетті-ау деймін, жанұшыра айқайлап үйдің ішінде аласұрып жүр. Еден мен қабырға шапшыраған қанға боялды. Сүйрік осы кезде қайда қашарын білмей қалды. Бала шырылдап ышқына жылап жатыр. Бажылдаған мысық, ойбайлаған Болаттың даусы, арғы бөлмеде төсек астына тығылған екі қыздың шырылдаған даусы араласып, азан-қазан болды да кетті. Болат мысықтың айырылмайтынын түсініп, қолындағы пышақты мысыққа сұғып қалды. Жанұшырып, оның үстіне есі кіресілі-шығасылы маскүнем адамда қандай дәлдік болсын, пышақ мысықтың оң жақ бүйіріндегі ет пен тері арасынан өтіп кетіп, Болат өзінің көзіне бірақ сұқты. Ең сұрапыл осы кезде басталды. Пышақты суырып қалғанда көз ұяшығынан атқылаған қан қабырғаны әбден қызыл түске бояды. Болат жантүршігерлік дауыспен шыңғырып жіберіп, жанталаса есікке қарай қашты. Осы кезде Бекен кіріп келді. Бағана ауылдан шыға берісте ұзақ ойланып тұрып, үйіне қайтып келген. Спирт толы бөшкені алып кетіп, өзі барғалы жатқан ауылдарға сатпақшы болған екен. Бұл кентте сату қиын, жалақыны екі-үш ай кешіктіріп, тауармен төлейтін кезде елде ақша қайдан болсын, қарызға жазғызып, артарынан жүгіртеді. Соны ойлап, осы сапарында сатып құтылмақшы болған.
Сөйтсе ол спирт өз басына бәле болып жабысқанын түсінді. Әуелде бет аузы қанға боялған, мысықты қабырғаға шиіріп жіберіп, есікке ұмтылып бара жатқан Болатты Бекен кеудеден теуіп құлатты. Болат бар екпінімен кеудеден тиген соққыдан ауаға көтіріліп барып, желкемен еденге дүңк ете қалды да, қимылсыз қалды. Жалма-дан бұрышта бұғып отырған Сүйрікке жетіп келіп дем салып, уата бастады. Сүйрік бозарып кеткен, көзі атыздай болып, ерні көгерген. Өзін өлімге тігіп, перзентінің амандығын көксеген ананың өліммен бетпе-бет келгендегі қайсарлығы шығар. Жүзінде қорқыныштан гөрі, өшпенділіктің ізі байқалады. Бекен құшағынан шырылдап жатқан баланы алайын десе, Сүйріктің қолдары сіресіп қалған екен. Сүйрікті ту сыртынан құшақтап, біразға дейін уатып жатты. Осы кезде әкесінің даусын танып, көздері бұлаудай болған екі қызы да әкелерінің мойнына асыла кетті. «Баланың періштесі қақты» деп жарасын жалап жатқан мысыққа қарап күбірледі…