Алғыс айту – парызым

1 наурыз күні Достық үйінде Алғыс айту күніне орай «Алғыс айту – парызым» атты мерекелік шара өтті. Аталмыш шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қатысты.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Парламентінің Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов, «AMANAТ» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекзат  Алтынбеков, облысымыздың елге танымал қоғам қайраткерлері, ардагерлер, ғалымдар, этномәдени орталықтарының басшылары мен өкілдері, жастар бар.

Алғаш болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын бұл күннің маңыздылығын атап өтіп, жиналғандарды мерекемен шын жүректен құттықтады.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары М.Әзілхановтың Алғысхатымен Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылықты, рухани бірлікті, достық пен этносаралық ынтымақтастықты нығайтудың гуманистік мұраттарына қосқан белсенді еңбектері үшін және Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың Алғысхатымен әртүрлі салада және кәсіптерде адал қызмет етіп, азаматтық ерлік жасаған, сондай-ақ түрлі оқиға мен жағдайлар кезінде белсенділік пен азаматтық танытқан аймақ азаматтарын марапаттады.

Құттықтау сөз Қазақстан Республикасының Парламентінің Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтановқа берілді. Мәжіліс депутаты бүгінгі мерекеге деген өзінің жүрек жарды жылы сөздерін жеткізді.

Шара барысында сөз алған «AMANAТ» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков жиналғандарға құттықтау сөз арнап, партия атынан қар құрсауында қалған адамдарды жедел түрде құтқарған азаматтарға Алғысхаттарын тапсырды.

Сахнаға Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілері шығып, өздерінің жасап жатқан игі істерін айта келе, Алғыс айту күні қарсаңында «Қоржын» қайырымдылық акциясының басталғанын және оны еріктілер қозғалысы қолдайтынын жеткізіп, жақсылық жасап жүргендердің барлығына шын ықыласпен алғыстарын білдірді.

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі Айжан Қиясова Алғыс күнінің маңызды тәрбиелік мәніне тоқталып, мерекенің елімізді мекендеген халықтың, барлық этностың салт-дәстүріне деген құрмет екенін атап өтсе, Людмила Долидзе Аналар кеңесінің мүшесі ретінде ең алдымен өзіміздің және балаларымыздың денсаулығын сақтау үшін аянбай тер төгіп жүрген дәрігерлерге алғыс айтқысы келетінімен бөлісті.

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Қарағанды облыстық «Полония» поляк қоғамының жетекшісі Виталий Хмелевский, «Рідне слово» украин тілі қоғамының төрағасы Ирина Салагина, «Қарағанды облыстық «Ыхлас» татар-башқұрт қоғамдық орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Рифат Хакимов сахнаға шығып, Алғыс күні өңірді мекендейтін барлық этносты, барша қазақстандықты біріктіретінін және «Қоржын» акциясын толық қолдайтындарын тілге тиек етті. Олар ең алдымен аға ұрпаққа, Отанын сүюді үйретіп, Қазақстанды тереңірек зерттеуге көмектескен ұстаздары мен тәлімгерлеріне алғыстарын білдірді. Ардагерлерге сый-құрметтерін көрсетті.

Шара барысында Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени орталықтары және қаламыздың басқа да творчестволық ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.

Достық үйінің атриум залында келген қонақтар мен барлық қатысушыға бауырсақ, құрт және тұмар  таратылды.

Әділ БЕК

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *