Қарағандыда кеңейтілген отырыс өтті

«AMANAT»  партиясы Қарағанды облыстық филиалында бірқатар қолға алынған жобалар талқыланды.  Саяси кеңес және облыстық мәслихат депутаттық фракциясының бірлескен кеңейтілген отырысына Қарағанды облысы әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихат төрағасы, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қалалар мен аудандар әкімдері, барлық деңгейдегі мәслихат төрағалары, Саяси Кеңес мүшелері, партиялық бақылау Комиссиясының төрағалары , депутаттар қатысты.

Жиын барысында «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының орындалуы барысы айтылды. Партияның «Халықпен бірге» 2023-2027 жылдарға  арналған Сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасы  сөз болды. Сонымен қатар,  «Ұлттық мұра» партиялық жобасының орындалуы және жоспары, «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» партиялық жобаларының іске асуы және жоспардың орындалмау қаупі бар аудандар туралы сұрақтар қаралды.

«Қарызсыз қоғам» білім беру жобасы бүгінгі таңда азаматтардың сапалы қаржылық және құқықтық кеңес алуына, қаржылық сауаттылығын арттыруға жағдай жасауға бағытталған.

– Осы жоба шеңберінде облыстық деңгейде жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен 17 тармақты қамтитын «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру жөніндегі өңірлік жол картасы және өңір тұрғындарын оқыту кестесі әзірленді.

Бүгінгі күні Қарағанды ​​облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқу кестесіне сәйкес 10 қала мен ауданда 1522 адам оқытылды,  – деді облыс әкімінің бірінші  орынбасары Азамат Тайжанов.

Ал Жол картасы бағытында Қарағанды ​​облысы бойынша 156 іс-шара бар, оның  126-сы 2023 жылға  жоспарланған, 110 (88%) толық жүзеге асқан, 3 (2%) орындалуда, 13 (10%) орындалмаған.

Партияның «Халықпен бірге» 2023-2027 жылдарға  арналған Сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасының орындалысы туралы  облыс әкімін орынбасары Ермек Алпысов баяндап берді.

Жиын барысында орындалмаған немесе жоспарда бар, бірақ, белгілі себептермен уақытында   басталмаған жобаларды созбау туралы аудан, қалалардан келген жауапты өкілдерге  қатаң тапсырма берілді.

Мемлекеттің сындарлы саясатының маңызды бағытының бірі – ұлттық құндылықтарды сақтау, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтаужәне келешек ұрпаққа аманат ету.

– Осы мақсатта «Аманат» партиясы тарапынан қолға алынған  «Ұлттық мұра» жобасының маңызы ерекше деп есептеймін.

Жобаның басты мұраты – ұлттық мәдениетімізді, өнерімізді және дәстүрімізді дәріптеу. Сол арқылы жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу және ұлттық құндылықтарымызды дамыту.

Осы жоба  аясында Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығын мерекелеуде «Армысың, әз Наурыз!»  республикалық ақындар айтысы, «Бұқарекең жырлайды» фестивалі, Әбікен Хасеновтың 130 жылдығында кітап тұсаукесері және еске алу кеші, талантты орындаушыларды анықтау және қолдау мақсатында композитор Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығына арналған «Сарыарқаның жаңа есімдері» атты облыстық онлайн күйшілер байқауы, ақын, әнші, композитор Ақан сері (Ақжігіт) Қорамсаұлының туғанына 180 жыл толуына арналған дәстүрлі ән орындаушылар арасында облыстық байқауы, қарттар арасында «Өнер-өмірім» облыстық байқауы ұйымдастырылды. «Ортеке» облыстық этнофестивалі алғашқы рет өткізіліп, оған облыстың барлық аудандары мен қалаларынан би шеберлерінің сағаттары мен қазақ әндері орындаушыларының концерттік бағдарламасы өткізілді.

Өткен жылы Түркияның Анкара қаласында композитор, классикалық домбыра музыкасының негізін қалаушы Тәттімбет Қазанғапұлының ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып, қазақ халық дәстүрлерін, ұлттық киім мен сәндік-қолданбалы өнердің үздік үлгілерін дәріптеу мақсатында облыс музейлерімен «Ата салтын ардақтайық» іс-шарасы, «Атадан қалған адал ас» этнографиялық жобалары жүзеге асырылуда, – деп атап өтті облыс кімінің орынбасары Ерлан Құсайын.

Сонымен қатар, «Тарихи мәдени-мұра» нысандарын реставрациялау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айта кететін жәйт, Қарқаралы қаласында орналасқан Құнанбай қажы мешітіне күрделі реставрациялық жұмыстар жүргізді.

Биыл осы бағыт бойынша жалпы 130 млн теңге қарастырылып, Тәттімбет Қазанғапұлы кесенесінде, Сәкен Сейфуллиннің туған жері Қарашілік қыстауында, Егіндібұлақ ауылындағы Қазыбек би Келдібекұлы ескерткішіне және Ақтоғай, Нұра, Шет және Қарқаралы аудандарында орналасқан 5 тарихи нысанға реставрация жасалады.

– Ұлыстың Ұлы күні дәстүрлі «Армысың, әз Наурыз» облыстық ақындар айтысы биыл қазақ ғылымының атасы атанған тау тұлға – Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы мен Қарағандының 90 жылдығы аясында өткізілді.

«Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясындакөптеген шараларды ұйымдастыру көзделуде. Маусым айында Қарқаралы қаласының 200 жылдығына арналған «Тарих толқынында» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылмақ. Осы айтыста Қарағанды облысының ақындары Абай облысының ақындарымен бақ сынасады.

Сонымен қатар, Қазақстанның халық әртісі, әнші Жүсіпбек Елебековтың 120 жылдығына орай, Ж.Елебеков атындағы ІХ Республикалық дәстүрлі әншілер конкурсын өткізіледі. Сайысқа 18-35 жас аралығында Республикамыздың барлық облысынан жас әншілер қатысады. Конкурстың Гала концертін Жүсекеңнің туған жері Егіндібұлақта өткізу жоспарлануда, – деп толықтырды Ерлан Құсайын.

Аймақта «Ұлттық мұра» жобасында ұлттық спорт түрлері де дәріптелуде. Мемлекеттік тілге көп көңіл бөлінуде.

Сондай-ақ, «Жер Аманаты» жобасы да талқыға түсті.

Жиын соңында «AMANAT»  партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков алға қойылған мақсатты дер кезінде орындау тистігін, ол үшін толық қадағалау керектігін айтып өтті.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *