Халық театрларының фестивалі өтеді

5 сәуірден бастап Қарқаралы ауданында жыл сайынғы халық театрларының фестивалі басталады. Биыл ол Егіндібұлақ ауылының мәдениет үйінде өтеді.

Театр айлығының шымылдығын Егіндібұлақ ауылының халық театрының әртістері ашады. Олар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» психологиялық драмасын ұсынады. Ол көрермендерге әр адамның туған ауылы, үйі, ата-анасы, елі алдындағы борышын еске салады. Қойылымның басты кейіпкерлері – ауылда науқас баламен қалған ана және оның қалада тұратын ересек балалары. Басталуы сағат 15.00-де.

– Дәстүр бойынша 2018 жылдан бастап Қарқаралы ауданында «Театр – тәрбие бесігі» атты халық театрларының айлығын өткіземіз. Ол жыл сайын мерейтойлық даталарға арналған. Биыл – Қарқаралының 200 жылдығына, – дейді Қарқаралы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қаламқас Төлеуханова. – Биыл Шолпан Жандарбекова атындағы Мәдениет үйі жөнделуде. Сондықтан біз өткізілетін орынды Егіндібұлақ МҮ деп таңдадық. Фестивальдің ашылуына орай біз осы ауылдың халық театрына бірінші басшы Шахман Мағкзовтың есімін береміз.

11 сәуірде көрермендерге Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әнінің желісімен жазылған «Ана зары» пьесасы ұсынылады. Ол екі ұлынан айырылған ананың азабы мен мұңы туралы баяндайды. Оны Мақат Рымжанов атындағы халық театрының актерлері ұсынады. Басталуы сағат 18.00-де.

18 сәуірде сағат 18:00-де Тәттімбет ауылының халық театрының ұжымы өнер сүйер қауымның алдында өнер көрсетеді. Ол Жолтай Алмашұлының «Тірі жан» драмасына қойылған спектакльді ұсынады. Қойылым қазіргі қоғамның өзекті тақырыптарын – балаларды сату, адам саудасына қатысты мәселелерді көтереді.

25 сәуірде сағат 18:00-де көрермендер Атығай Шанин атындағы халық театрының әртістері көрсететін «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклін тамашалай алады.

Сондай-ақ, осы кеште басты және қосалқы, әйелдер мен ерлер рөлдерінің үздік орындаушыларын марапаттай отырып, театр айлығының жабылуы өтеді. Үздік актерлерді көрермендер комиссиясы таңдайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *