НАУРЫЗ – ҚҰТ-БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Арқа даласына да жыл басы Наурыз мейрамы келіп жетті. Наурыз – көктемнің бірінші айы. Күн көзінің жылуы артып, табиғаттың мейірімі молая түседі. Жердің тоңы жібіп, қатқақ кетеді. Диқаншылар қауымы бау-бақша баптап, әнші құстардың тынбай сайрайтыны да осы кез.

Әз-Наурыз – Ұлыс  күні дегеніміз, Ұлы істер істейтін күн! Наурыз дін мерекесі емес, бұл халқымыздың төл мерекесі. Адамдарды жақындастыратын да,татуластыратын да осы – Наурыз мейрамы,Ұлыстың – ұлы  күні деп білеміз.

Айтайын Наурыз күні,

Көп-көп тілек.

Босағаға дарысын бақ келіп-көп.

Еліміз аман,

Жұртымыз тыныш болсын,

Тілек те Наурызда айтар дұрыс болсын!

Әр бір үйдің төріне бақ ұялап,

Шаңырағына әр үйдің ырыс қонсын, – деп  бұл күні жасы үлкен қарияларымыз осындай ақ бата, тілектерін көпшілікке арнаған ғой.

Жақында «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КЕАҚ  «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасының меңгерушісінің м.а., ф.ғ.к., доцент Қ.М.Хамзинаның, аға оқытушылар М.Ә.  Хасен, Ғ.М. Әбілқасовтың ұйымдастыруымен қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының этнографиялық мұражайында «Наурыз – құт, береке бастауы» атты мерекелік әдеби – музыкалық кеш өтті.

Әдеби – музыкалық жиында  «Ұлттық тәрбие тағылымы» үйірмесінің мүшелері Батыршаев  Әмірхан АИУ -23-3, Мәліков Марал, Ахметова Толғанай СИБ-22-2, Бестембек Алмас АИУ-23-3, Даутова Саида АРХ-23-6, Мамедова Эмина АРХ-23-6 және университетіміздің студенттері Ернат Аманжол, Ерболат Мұрат «Наурыз» мейрамына арналған өлең-жырларын мәнерлеп оқыды.

«Домбыра, сенде мін бар ма?

Мінсіз болсаң – тіл бар ма?

Тіл жоқ деуге бола ма,

Тілден анық үн бар да?

Домбыраның күші мол,

Көмейінде күй бар да! – деп ақын Ілияс Жансүгіров жырлағандай, қазақтың қасиетті ақ домбырасын күмбірлетіп, университетіміздің өнерлі студенттері ән-күй шашуларын арнады.

Қазақтың атақты  композиторлары Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын», «Сарыарқа», Тәттімбет Қазанғапұлының «Сарыжайлау», «Көкейкесті», Төлеген Момбековтың күйлері «Ерке сылқым», «Салтанат», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу», «Әлқисса» күйлері мен қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов пен белгілі қазақ сазгерлері ЕскендірХасанғалиев, Ілия Жақанов, Төлеген Мұхамеджанов, Лена Әбдіхалықованың  әндерін нақышына келтіріп орындады.

«Наурызда өзен, көлдер, тасып аққан,

Қазақпыз кең далада малын баққан.

Палуандар көкпар тартып, атқа мініп,

Балалар ойын ойнап, асық атқан», – деп ақындар жырға қосқандай осы мәдени-іс шара барысында  ВТ-23-1 тобының студенттері Әлібеков Ален мен Макаренко Никита қазақтың ұлттық ойындары «Асық ату»  мен «Көкпар» туралы баяндап, қызықты деректер келтірді.

Наурызда Қызыр атаның бата  тілек білдіруі -қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрінің бірі. «Сөз арқылы жаратушыға жалынып, жалбарынып ықпал етуге болады» деп түсінген ата-бабаларымыз: «Көп тілеуі көл»,«Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер», «Баталы құл арымас» деген ой-пікірді уағыздап, кейінгі ұрпағына ықылас білдірген, ақ ниетпен бата беріп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. «Қызыр баба»   мерекеде бас қосқан көпшілікке ақ батасын беріп, ақжарма ақ тілегін арнады:

Армысыңдар, ағайын!

Сіздерге жақын барайын!

Бүлкілдесін көмейім,

Білім алып – оқыған,

Ұл-қыздарым Сіздерге

Наурызда бата берейін!

Әрқашанда тілеймін,

Өсе берсін мерейің!

Қазақстан биікке өрлей берсін,

Беделі туған елдің төрлей берсін

Тәуелсіз ел жастары білімді боп,

Қанатын көк аспанға сермей берсін!

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда барсақ, жол болсын!

Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін,

Бәле – жала жерге енсін!

Ұлы халқым тоқ болсын!

Көйлектерің көк болсын!

Қайғы — уайым жоқ болсын!

Қуаныштарың көп болсын!

Кешке келген қонақтар ризашылықтарын айтып тарасты.

Ұлысымыз ырысты, ырысы көпке жұғысты болсын!

Әз Наурыз. Ұлыс Наурыз, ұлыстың ұлы күні атанған ұлық Наурыз. Той Наурыз, думан Наурыз. Аузымызды аққа толтырған, бір төлімізді екеу, екеуін бесеу қылып, қорамызды малға, төрімізді жанға толтырған құт Наурыз, береке Наурыз құтты болсын!

Мұрат ХАСЕН,

Ғабиден  ӘБІЛҚАСОВ,

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 

қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының  аға оқытушылары

                                   

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *