Ел деп туған Ебіней

Қазір шын мәніндегі жаңа жыл наурыздың 20-нан былай туатынын батыс оқымыстыларының өзі мойындайды. Шығыс халықтары ертеден білген. Біздің қазақ 22 наурызды тойлайды. Ал жаңа жылмен бірге 23 наурыз күні маңдайы жарқырап Ебіней Бөкетов келіпті дүниеге. Осыдан 100 жыл бұрын әрі ғалым, әрі жазушы, шебер аудармашы ғана емес, қоғам қайраткері, академик, біртуар тұлға Ебіней Арыстанұлы Бөкетов Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданы жағында туғанымен, бүткіл ғұмыры Қарағандымен кірігіп кеткен. Қарағанды десе Бөкетов университеті, Бөкетов десе Қарағанды елестейді.

Қазақты ел қылған Алаш арыстарының жалғасы осы Бөкетовтер болғанына бүгін ешкім жоққа шығармайды. Бір өзі бір университет. Шәкәрімнің Абай туралы айтқаны бар еді ғой. «Сендерден белгі нең қалар, Жемтігін жеген жем қалар. Ақылы дария Абайдан – Таусылмас қоры кен қалар» деп. Осы сөзді кейде тобырға тістенгенде Бөкетовке қарата да айтуға болады. Басқа басқа, қазақ ғылымы, оның ішінде Қарағандыға сіңірген еңбегімен ешкім таласа алмайды. Былайынша айтқанда, осы елді ел қылып кеткен тұлға. Ескерткіші университетінің алдында тұр. Жүргінші жұрттың көзінен тасалау болса да, келісті мүсін.

 

Ебінейтану кенжелеп тұр…

Жарты Қарағанды, бәлкім жарты Қазақстан осы оқу ордасынан түлеп ұшып, еліміздің, әлемнің түкпір-түкпірінде істің ығын тауып жүргенін айтқымыз келеді, әрине. Бірақ Бөкетов кім болған, оның негізінен айналысқан ісі қандай? Ебінейтану жолға қойылған ба, химиктің қолға алған ісі, ашқан жаңалығы қоғамда насихатталып жатыр ма? Әнші, әртістердің дыр-думанын тамашалаудан жалықпайтын біз Бөкетовтің химик, металург ретіндегі жаңалығы мен тәжірибесін біле бермейтініміз өтірік емес қой.

«Ол (Бөкетовті айтып отыр) басқарған ұжым бес бірдей авторлық куәлікке ие болып, Канада, АҚШ, Аустралия, Швеция, Франция, Германия, Жапония, Италия тәрізді елдер патент тапсырған. Осы институтта түрлі-түсті, сирек және бытыраңкы металдар зертханасын ашады. Бұл Қазақстан ғылымы үшін күтпеген жаңалық еді. Өзі басқарған осы зертханада молибден, вольфрам, селен және теллур бойынша зерттеулер жүргізген. 1965 жылы еңіс торлы шахта пештерінде бір топ құрастырушы түйіршіктелген жезқазғандық концентраттарды күшейткіш күйдіруден өткізу үрдісін алғаш енгізген. Осы еңбегі үшін ол КСРО-ның авторлық куәлігіне қоса 1969 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын иеленген. Бөкетов жаңалығы Ресейдің Орал электр мыс комбинатында, Жамбылдың фосфор, Теміртаудың «Карбид» зауыттарында қолданылған» деген ақпарат ашық дереккөзде. Иә, оқып қана қоямыз. Бірақ ғалымның жаңалықтары мен ашқан өнерін көзбен көріп, қолмен ұстарлықтай неге көрсете бастамаймыз. Сонда ел ғылымға бір табан жақындайды. Халық ғылымға бет бұрады. Бізде бұндай қадамдар жоқ. ғылымға енжар болатыны сол халықтың. Ебінейтану мектебінің негізгі бағыты елдің көзін осы кісі ашқан жаңалықтарға ашу болса құба-құп.

***

Қазақ КСР Ғылым академиясының химиялық-металлургия институтының директоры қызметін атқарып келіп, Қарағанды мемлекеттік университетін аяққа тұрғызған. Университет 1972 жылы ашылғанда, алғашқы ректоры болып Ебіней Арыстанұлы тағайындалды. Ол оқу орнының материалдық-техникалық базасын жасақтап, ғылыми инфрақұрылымды дамытты. Білгір басшы әсіресе химия мен металлургия саласы бойынша еліміздің ғылымы мен жоғары білім беру саласында аянбай еңбегін сіңірді. Бөкетовтер із салған химия мен металургия саласындағы осы табанды еңбек жалғасты ма Қазақстанда? Әлде 1991 жылы университетке Е.А.Бөкетовтің есімі берілгенін қанағат тұтып қоя салдық па? Қазір «зерттеу» университеті мәртебесін алған оқу орнының гүлденуінің астында Бөкетовтің ерен еңбегі жатыр.

 

Ғалымның негізгі еңбегі

Академиктің негізгі деген ғылыми бағыты химия мен металлургия, яғни, тау-кен өндірісі еді. Мәселен, халькогендер мен халькогенидтердің химиясы мен технологиясы, түсті және сирек металдардың гидрометаллургиясы, мыстың, халькогендердің және халькогенидтердің электрохимиясы, фосфорлы шиізаттарды өңдеу, Орталық Қазақстанның марганец кендерін өңдеу және марганец шлактарын физика-химиялық зерттеу, мышьяк және оның қосылыстарының химиясы мен металлургиясы, түсті металлургиядағы сорбциялық-экстракциялық үдерістер жөнінде ғылыми еңбектер жазды. Бұлардың дені өндіріс тәжірибесіне еніп, кәдеге жарады.

Химиялық-металлургия институтында ол ғалымдардың игілігіне түрлі-түсті, сирек және бытыраңқы металлдар зертханасын ашты. Өзі сонда жетекшілік еткен тұста молибден, вольфрам, селен және теллур элементтері бойынша көптеген зерттеуін жүргізді. 1965 жылы шахта пештерінде түйіршіктелген концентраттарды күшейткіш күйдіруден өткізу үрдісін алғаш енгізгенін де ел ұмытыма қойған. Осы бір таудай еңбегі еленіп, 1969 жылы Ебіней Арыстанұлы КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленген еді.

Академик Арыстанұлы университеттің анорганикалық химия кафедрасын ашып, кейінірек физикалық химия кафедрасын құрып, өзі басқарып, өзі қанаттандырған Химия-металлургия ғылыми-зерттеу институтымен, Қарағанды өндіріс аймағындағы ірі-ірі өнеркәсіп орындарымен ғылыми әрі іскерлік байланысын үзген жоқ.

Ғалым-энциклопедистің елдегі ғылыми танымның беделі мен мәртебесін жоғары деңгейге көтеріп, теориялық және тәжірибелік зерттеулерімен химия ғылымы мен өнеркәсібінің жетістікке жетуіне септігін тигізіп қана қоймай, ғылыми мектеп құрды. Бірнеше ізбасар шәкірттеріне жол ашты. Ректор кезінде жұмыс уақытында мүлдем мүмкіндік болмай, шәкірттерімен таңғы сағат жетіде, кейде кешкі тоғызда үйіндегі кабинетінде ғылыми жұмысын талқылайтын. Ғылыми еңбектердің барлық талапқа сай жазылуына аса мән беретін. Металлургия және химия саласындағы барлық ережені, заңдылықтарды, математикалық теңдеулерді, басқа да негізгі мәліметтерді түгел дерлік жатқа соғатын қабілетін көпшілік әлі айтады. Жұмыстан бір сәт бас алып, шәкірттеріне өзінің әдеби жазбалары мен аудармаларын оқып беретін. Тіпті, демалыс күндері аспиранттар жатақханасына арнайы барып, әңгімелесіп, тұрмыстарымен танысып, қиналған жағдайда жәрдем бере жүріпті.

Академик Зейнолла Қабдолов Ебіней замандасы туралы мынадай ой білдіріпті: «Евней жас кезінен екі тілді жетік білген, алдына қойған мақсатына жетуді көздейтін, сөз бен істің адамы. «Абай жолы» Евнейдің сүйікті кітабы болды, ғалым-жазушы Мұхтар Əуезовті барлық əдебиетші қауымының ағасы ғана емес, ұстазы деп таныды. Академик Бөкетовтің шығармашылығында сирек кездесетін металл-селенге деген махаббаты өлеңге деген махаббатымен пара-пар, оның біртұтас тұлғасының құпиясы дəл осында еді…».

Рас, қаламгерлігін де ауыз толтырып айтуға болады. Орыстың ақын-жазушыларының шығармашылығын шебер аударған әдебиетші. Сыншы. Жазушы. Мұнысы басқа мақалаға арқау.

Өткен жылы «Біртуар Бөкетов» деректі роман-эссе кітабы Бөкетов университетінің бас­­­­паханасынан 1 000 данамен басылып шық­ты. Студент кезінде ғалымнан дәріс тың­дап, өмірлік тағылым алған шәкірті, сол ұстазының ұлағатты да шерменді өмі­ріне тағдыр жазуымен куә болған ин­женер-жазушы Медеу Сәрсеке да­рын­ды ғалым һәм көрнекті қаламгердің ғұ­мыр жолын өзіне мәлім деректер мен алуан оқиғалар арқылы қайыра жаңғырт­ты.

Атын иемденген білім ордасы академик есімін әрдайым ардақтап келеді. Алдағы 100 жылдығына орай бірнеше игілікті шараны жоспарлап отыр университет басшылығы.

Алып академик, ғаламат ғалымның ғибратты ғұмыры, өшпес ізі, рухани мұрасы қашанда ел жүрегінде.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *