Қарағанды қалалық әкімшілігінің, мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен М. Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада «Қарағанды қаласының 90 жылдығына арналған 90 кездесу» жобасы аясында тарихшы-ғалым, этнограф, өлкетанушы, Қарағанды облыстық ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы Аршабеков Темірғали Тілеубекұлымен «Қазыналы құтты өлкем» атты тақырыптық кездесу кеші өтті.
Кешке Қарағанды облыстық ғылыми техникалық архивінің қойма меңгерушісі Намазбаева Нұрбатима Заировна, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музей басшысының орынбасары Елубаева Мейрамкүл Айдарханқызы, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Марғұлан Түстікбай және Академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Сонымен қатар музей қызметкерлері қала күніне арналған туындыларын оқырмандарға тарту етіп, тың деректермен ақпарат берді. Ел тарихын қашанда биік қойған өлке тарихын зерттеуді ұрпаққа танытуды өмірлік ұстанымы етіп алған Темірғали Тілеубекұлы өзінің шығармашылығынан, өнегелі өмірінен сыр шертті. Өлке зерттеушісі, ғалымның ғылыми зерттеулері бойынша ойларын қатысушылар, студенттер қызыға тыңдап ой бөлісті. Алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастап, Долинка кентіндегі саяси қуғын- сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайын басқарып, одан кейін бейнелеу өнері музейіне басшылық қызмет атқарып, қазіргі таңда Қарағанды облысының ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архив директоры қызметі мен осы мекеменің атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісті.
Кеш қатысушыларының, әсіресе жастардың сұрақтары әр алуан болды. Оқырмандар ел мен жер, өлке тарихына байланысты өздерін толғандырып жүрген мәлелелер бойынша нақты жауаптар алып, ғалым, зерттеуші Темірғали Тілеубекұлына ризашылықтарын білдірді.
Махаббат Саменова,
М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханасының
Өлкетану бөлімінің кітапханашысы