Көшпенділер — Қарағандыда

 

Тарихи қайраткерлер мен эпос батырларының костюмдерін киген қаздрамтеатр актерлері, Талғат Бигелдинов атындағы «Жас Ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушілері, ұлттық спорт түрлерінің өкілдері, шығармашылық ұжымдар мен қолөнершілер –
Қарағандыдан Астанаға V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына «Бірлік керуенін» шығарып салды.
– Алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары осы ойындардың 10 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Бұл әртүрлі халықтардың өкілдерін біріктіретін нағыз мәдени-спорттық құбылыс. Ойындар әлемдік қоғамдастықтың назарын аударады.
Бұл қатысушылар үшін тәжірибе алмасудың, басқа мәдениеттер туралы көбірек білудің және халықаралық қатынастарды нығайтудың бірегей мүмкіндігі, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Қарағанды өңірінен көшпенділер ойындарына аттанған делегацияға.
Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуы кезінде Қазақстанның барлық облыс орталықтары мен Республикалық маңызы бар қалаларынан қасиетті су жеткізіліп, оны тайқазанға құяды. Бұл ел бірлігінің, тұтастығының және ынтымақтастықтың нышанына айналады.
Қарағанды облысынан аттанған бірлік керуені де қасиетті суды алып, жолға аттанды. Ол Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылының маңында орналасқан Дара бұлақтың киелі көзінен алынды.
– Біз ұлы атамыз Қазыбек бидің жерінен қасиетті су әкелдік. Ол осы қайнар көзден су ішкен деседі. Бүгін біздің қарағандылық батыр оны елордаға алып барады, – деді самбодан Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Диханбай Биткөзов.
Ойындарда 21 спорт түрі, оның ішінде қазақтың ұлттық түрлері ұсынылады.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 8–13 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оларға әлемнің 89 елінен 2800 өкіл қатысады.
Сондай-ақ, елордада «Көшпенділер әлемі» этноауылы ашылады, онда әрбір келуші қазақ халқының мәдениеті және дәстүрлерімен, сондай-ақ қатысушы елдердің өзіндік мәдениетімен таныса алады.

 

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *