Кенесары Қасымұлының әскери тактикасы

XIX ғасырдың бірінші ширегі Ресей империясының Еуропаның жаңдармы ретінде ұлт-азаттық қозғалыстарды аяусыз жаншып, саяси қысым жасаумен, күш қолданудың нәтижесінде ірі отарлық мемлекетке айналған көзі. Кіші және Орта жүздердің басты аймақтарын отарлап алғаннан кейін патша үкіметі Ұлы жүзді басып алуды, оңтүстік Қазақстан аймағы арқылы әлі де дербестіктерін сақтаған Орта Азияға шығуға, сөйтіп осы стратегиялық аймақта үстемдігін орнатуды ойластырды. Осы мақсатқа жетуге кедергі Орта жүздің басты өңірінің әлі де болса тәуелсіздіктерін сақтағаны еді [2; 14-б]. Шын мәнінде XVIII ғасырдың соңғы ширегі, XIX ғасырдың басында Ресейдің саяси билігі тек қана Жайық, Есіл, Ертіс өзендері бойында салынған отарлаудың тірегі бекіністердің төңірегіңде 100-150 шақырым қашықтықта ғана жүретін. Елдің түкпірінде көшіп-қонған ауылдар ғасырлар бойы қалыптасқан әдетдәстүрін сақтап, ру-руға жіктелген иеліктерін көшпенді мал шаруашылық мүддесіне пайдаланды.

Ақмола казак-орыс бекінісінің пайда болуы, Ақмола сыртқы округінің құрылуы қазақ жерін отарлауды, емін-еркін иемденуді, қазақтарды тоз-тоз етіп теңтіретіп жіберуді мақсат тұтты. Бұрынғы Ақмола қаласының негізі 1830 жылы қаланғанды. Ол да алғашқыда Ақмола әскери бекінісі атанған елді мекен еді. Ақмола сыртқы округінің жылғы 22 тамызда құрылуы да қазақ жерін одан әрі отарлай түсуді көздегені анық]. Есіл өзенінің бойындағы Қараөткел деген жерге 1830 жылы Ақмола қорғанын салады. 1838 жылдың жаз айларында хан Кенесары Ақмолаға шабуылдайды. Шабуылдамас бұрын өз талабын да қойған. «Отаршылдықтың езгісі тоқтатылсын. Ақтау мен Ақмола бекіністері жойылсын» депті. Кенесары ханның басты мақсаты Ресей тарапынан салынып жатқан жаңа бекініске тойтарыс беру, бекіністі басып алса, көтерілісшілердің рухы қайтадан жандана түсетін еді. Кенесары сарбаздары біршама дайындықтан соң, шабуылды бастады. Алдыменен бекініс толық қоршалды. Есіл өзенінің солтүстік жағында орналасқан Ақмола бекініс біршама қаржы жұмсалып салынған бекініс болатын. Ең алдымен бекініс оңтүстіктен солтүстікке дейін иілген тағадай үш шақырымдай жерден қоршалды. Бекіністің күншығыс жағы бос жарты шақырымдай жерде Есіл өзені. Сарбаздарды қол бастаған батырлар Ағыбай, Бұқарбай. Басықара, Төлебай, Құдайменді, Жанайдар бастады. Сол қанатта Наурызбай б екіністің оң жағында Кенесары, одан кейін қатар-қатар тұрған Ағыбай мен Бұқарбай батырлар, дәл ортада Басықара баһадүр. Оныменен қатарлас Төлебай (кей деректерде есімі Тілеміс делінеді). Кейін Құдайменді мен Жанайдар бастаған сардарлар орналасқан. Сол қанатта Наурызбай батыр. Сөйтіп таң намазы уақытында 5 000 атты әскер шабуылға шығады.        Бұл сардарлар әр деректе әр қилы айтылады. Дегенмен Кенесары бекіністі жаулауды нақты дайындықпен келеді. Таң құланиектеніп келе жатқанда  атты әскер «Абылайлап» бекініске лап берді. Шабуылдың ерекшелгі сарбаздар өз ара, әр салт аттының аралары он-он бес қадамдай шауып келген. Екінші бір ерекшелік шапқыншылардың алдыңғы қатары зеңбіректер нысаналанған орға жақындамай, садақ оғы жетер жерден оқтарын ата сала кейін қарай бұрылып шаба жөнеліп отырған. Бекіністі тіпті бірден тікелей шауып алмай алдымен «от салу» әскери тәсілін қолданған.  Қамалды қоғаушылар сарбаздарды бірден нысанға алуға шамасын келтірмеген. Бекіністі оңай алуға түспейдігін де жақсы түсінеді. Кене ханның «Абылайлап» қамалға қарай өзі бастап, щабуылды бастаған кезде сарбаздары орындарынан тұра ұмтылады. Орыстардың қолында зеңбірек барын білген қолбасшы, атты сарбаздарына «араларын он-он бес қадам қойған». Бұл неғұрлым әскер шығының аз болуы және атты сарбаздардың шапшаң қимыл жасауына мүмкіндік беретін. Себебі қамалдағылар қол бастаған батырларды жекелеп нысанаға алайын десе, ат үстіндегі қалың қолдың жылдамдығы жанқиярлығы басым болған. Шабуыл барысында орыс әскері екіге бөлініп, бірі өртпен алысса, екіншісі жауға қарсы тұрады. Осы уақытта әлсізденген қорғанысты пайдаланып, Басықара тобы бекіністі жарып ішіне кіреді. Асқан ерлігі үшін Төлебайға (Тілеміс) хан Кене «Жеке батыр» деген атақ берген болатын. Саясаткер, тарихшы Н.Середа (1870 «Вестник Европы»): «…что духу, которым были одушевлены джигиты Кенесары, позавидовал бы любой полководец европейских войск. К нему кочевники были до самоотверждения преданы, в нем было что-то невольно привлекающее его соплеменников…». Сарбаздардың айқайы жантүгершілік ерлігі қамалға қылышпен ұмтылуы орыс әскерінің біршама шегініс жасауына алып келеді. Қазақ батырларының елі мен жері үшін щайқасы сарбаздардарға дем береді. Біршама уақыттан соң қамал қорғаушылар көше бойы шегініп үй үйді-үйді тасалап атысуға мәжбүр болды. Бұл қамалды алу жолында көтерілісшілер жағынан 200 сарбаз шығынға ұшырайды.

Генерал-майор Бабковтың естеліктерінде 50 казактан және қаруланған 100 қазақтан құралған Рытовтың тобы Сары және Қаракеңгір өзендерінің бойында, Ұлытаудан 100 шақырым жерде шоғырланған көтерілісшілерді талқандамақ болған Рытовтың қосынының әрбір ізін бақылап отырған Кенесары Қарағаш бекетінен 200 шақырымдай жердегі Шұбаркөлден 1 000 сарбазбен аттанып, орыс әскерін Ақтаудан 200 шақырым қашықтықта қуып жеткен. Рытовтың тастап кеткен казактарын Кенесары жойып жіберген де, өзінің ізіне түсе отырып, 20 шақырым ұзағаннан кейін, 5 желтоқсан күні оның қайтып келе жатқан 29 казак, 4 урядниктен құралған екінші тобын қоршап, шабуылдаған. Казактар аттарының тасасына жата қалып, карабиндерден оқ жаудырып, атысқан. Айқастың үшінші күні үш сағаттық ұрыстан кейін казактар қоршауды бұзып өткен, бірақ басына айбалта тиген хорунжий Рытов, 3 урядник және 1 казак қаза тапқан. Ақтау тауларының ішінде, бекіністен 50 шақырымдай қашықтықта Қорған атты, жергілікті халық « Кенесары қорғаны » атап кеткен жер бар. Сол жерде Ағыбай мен Наурызбай батырлар тастан қамалдың қақпа жақ бетінің үлгісін тұрғызып, сарбаздарға бекіністі алудың айла-әдісін үйреткен. Әсіресе, тұрғызылған жалға арындап келген атты әскер соғылып қалмауы үшін, жалт бұрылып, екінші қақпадан өтуге машықтанған. Кенесары төбенің үстінен әскер ойынын көріп, басқарып тұрған. Кейін, бекіністі шабуылдар алдында садақтың жебесін ешкінің майына былғап, от қойған шүберек байлап, оқ жаудырып, қақпаларды өртеген. Әуелі қамалдың сыртқы жағын шабуылдап, орыс әскерінің назарын сол жаққа аударған. Осы сәтті пайдаланып, мылтық оғынан қорғану үшін қараған мен тобылғыны, Манақа өзенін бойлай өскен мойыл мен талды кесіп, түйе қомының биіктігіндей қылып буып, қамалдың қақпасына тасалап барып жақындаған. Қақпа өртеніп біткеннен кейін, өзенді өрлей біткен ағашты тасалап, жасырынып тұрған атты сарбаздар лап қойған. «Абылайлап» ұрандап, қақпаға алдымен Наурызбай батыр кірген. Кенесары ордасы әрдайым әскери қосын түрінде болды. Оның үйінде әртүрлі қару жарақ ілулі тұрды және үйінен 200 метрдей қашықтықта тұрған күзетшілер ешкімді арнаулы рұқсатсыз табалдырықтан аттатпайтын болған, сонымен бірге Кенесары ауылдары белгілі орындарға қойылған қарауылдармен күзетілген. Әскери тұтқын урядник Лобанов былай деп жазды: «Кенесары әрдайым сақтану шараларын жүргізіп отырды: қыста жолдарға күзет қойса, ал жазда жетекте аттары бар екі адамнан тұратын қарауылды дұшпан келуі мүмкін жақтарды бақылауға 50 жэне 100 шақырым жерлерге жіберіп отырған. Олар әсіресе, өзен бойларына көп көңіл бөлген». Кенесары армиясында әскери-далалық және агенту-ралық барлау біршама жақсы жолға қойылған. Ол сенімді адамдардан арнайы түрде барлаушылар тағайындаған. Олар дұшпан туралы қажетті мәліметтер жеткізіп отырған. Көп жағдайда барлаушылар жау тылында қимыл жасады. Ал кейде жау әскерлерінің арасына кіре алған. 1843 жылы Орынбор және Сібір әскерлерінің біріккен жорығы кезінде полковник Бизанов басқарған Орал казак отрядының қүрамында барлаушы Төлебай болды. Әскер саны, қару-жарағы жэне отряд бағдарлары туралы қажетті мәліметтерді жинап, Төлебай осының бәрін дер кезінде Кенесарыға жеткізіп отырды. Бұл Кенесарының тиісінше қорғаныш шараларын жасауына мүмкіндік берді.  Кенесары дұшпаны алдау әдісін де кеңінен пайдаланған. Ол әлдебір бағытқа бет алған болғансып, дұшпанды теріс жолға салып жіберіп отырған. Кенесары әскерлері табиғи бекіністерді шебер пайдалана білді (қамыс, бұта, төбе т.б.). Патша отрядтары бәрінен де қазақтардың тұтқиылдан шабуылдауынан қорықты. Батыс Сібір генералгубернаторы Горчаков Ақтау қамалына жақын Тіленші-Шет бекетіне Кенесарының шабуыл жасауына байланысты штаб бастығы генералмайор Фондерсонға былай деп жазды. «Егер қамыстар мен бұта арасы және басқа да таса жерлер алдын ала толық тексерілгенде, олардың төтеннен шабуылы болмауы да мүмкін еді». Жеке қамалдар мен бекіністерге шабуыл жасаған кезіңде Кенесары жасағы шашыраңды қатармен алға ұмтылып, артынша бәрі қосылып, қамалды жан-жағынан қоршаған. Бүл әдіс, әдетте, дұшпанды әбіржітіп, оның күштерін шашыратуға мәжбүр ететін еді. Мұндай тактиканы Кенесары 1838 жылы Ақмола приказы мен Ақтау қамалына шабуыл жасаған кезде-ақ кеңінен қолданған болатын. Осындай шайқастардың бірін Ақтау қамалының коменданты капитан Кастрюрин суреттеген еді. «Өткен маусым айының 22 күні сағат жетілерде бүлікші сұлтан Кенесары Қасымов бастаған 2 мыңға жуық қазақ бекініске шабуыл жасады және олар шашырай шабуылдап, сағат ширегіндей уақыт өткенде бекіністі қоршады». Кенесары шегінген кезде де ерекше тактика қолданған. Тосқауыл ретінде шекара Шебіне жақын жерлерде ұсақ партизан топтары қалдырылды. Олар бектерге, жол айырығындағы топтарға қарсы сәтті қимылдап, арбалы керуендерге шабуыл жасап отырған. Дұшпан әскерінің қозғалуын қиындату және бәсеңдету үшін Кенесары өзі шегінер кезде қырға өрт қойып, құдықтарды қиратуға бұйрық берген, бұл далалық соғыс жағдайында дұшпан үшін қосымша қиындықтар туғызған және оларды жемшөпсіз, сусыз қалдырған. Кенесары жасақталған атты әскерін өнермен басқарған қолбасы болды. Кенесары сарбаздары соғыстағы барлау жұмысын жақсы ұйымдастырған. Соғыс тәсілінің бірі – қарсы жақты бағытынан жаңылдырып отырумен байланысты болған. Дала соғысына тән басқа да тәсілдердің тамаша қолданылуы Кенесары жасағының қиын жағдайдан жеңіспен шығып отыру нәтижесін беріп отырды 1839 жылы Кенесары Қасымовқа қарсы әскери әрекеттерін бақылау үшін Ресей әскері арнайы барлау жүргізді. Жасақ алдымен Кенесарының ораналасқан жерін анықтауға тырысты. Алайда бүлікшілер мал мүлкін қауіпсіз жерге жасырған өздерін тау ішіне бекіткендіктен олардың нақты орнын табу оңай болмады. Жергілікті тұрғындардан алынған деректерге сүйеніп барлау жасағы старатегиялық бағытты таңдауға мәжбүр болды. Кенесарының әскери күші оның одақтастарымен тығыз байланысына негізделген. Ташкенттен келген саудагерлер арқылы Көкшетау округінен Қарауыл болыстары мен батыр Иман Дулатұлы ханның жағына тартылды. Бұл одақтастық Кенесарыға қарсылыққа қарсы тұруда айтарлықтай артықшылық берді. Әскери әрекет барысында Кенесарының негізгі тактикасы қарсыласты тұтқиылдан шабуыл арқылы әлсірету болды. Кеңгір өзенің бойында жасақтарын топтастырып қарсылыққа тосқауыл қоюға дайындалғаны байқалды. Барлау есебі бойынша ол жақтаушы күштерін бірлестіріп кез келген шабуылға дайын тұрған. Жасақтар Сарысу өзені бойымен жылжи отырып Қыпшақ Бағаналы және Қарпық руларының батырларының қолдауын алды. Бүлікшілердің Ресей шекерасындағы бекіністерге шабуыл жасау жоспары бар деген қауесет тарап жатты. Сары Кеңгір өзенінің бойында Кенесарының келуін күтетін жақатастары да болды. Бұл оның әскери тактикасының тек күшке емес ақпарат пен жергілікті қолдауға негізіделгенін көрсетті. Ұлытау тауларына жеткенде жасақ азық-түлік тапшылығы мен сусыз аймақтардан өту сияқты қиындықтарға тап болды. Жергілікті халық та патша әскерінде Кенесары жасағына да қысым көргендіктен олардың көңіл күйі барлау және жоспарлауда маңызды фактор болды. 800 шақырымдық жорықтың нәтижесінде Кенесарының сарысудың батыс жағындағы жолы анықталып Ақмолаға бет алғаны белгілі болды. Барлау есебінде кейбір адамдардың әрекеттері күмән тудырып жасақты қауіпті бағыттарға бағыттау ықтималдығы айтылды. Бұл мәліметтер Полковник Горскийдің есебінде егжей-тегжей көрсетілді.

Түйіндей келгенде, Кенесары ханның әскери мұрасы – қазақ әскери өнерінің шыңы. XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс – қазақ халқының мемлекеттілігін сақтап қалу жолындағы ең айбынды күрестердің бірі болды. Ақмола бекінісін алу және отаршыл әскерлерге қарсы жүргізілген әскери қимылдар Кенесарының тек саяси көшбасшы емес, сонымен бірге дарынды стратег, білікті қолбасшы болғанын айқын дәлелдейді [2; 158-б]. Оның қолданған айла-тәсілдері, психологиялық соғыс элементтері және жергілікті жағдайды (жер бедері, табиғат ресурстары) тиімді пайдалануы бүгінгі тарих ғылымы мен әскери стратегия үшін маңызын жоймаған құнды деректер. Кенесарының күресі – еркіндік сүйгіш халықтың отарлауға қарсы қайсарлығының символы.

Т.Ж.ЖАНАРИТДИН,

«Мирас» тарихи-этнографиялық зерттеу клуб мүшесі