Соғыс… Бұл сөздің өзі жүрекке ауыр тиеді. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына қанша жыл өтсе де, оның салған жарасы мен қалдырған ізі ұмытылған жоқ. Қан майданда Отан үшін жанын қиған ерлердің ерлігі – бүгінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі.
Сол сұрапыл жылдары ел қорғауға аттанған батырлардың бірі менің нағашы атам – Қадылбек Шалғазыұлы. Ол 1924 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Жыра ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, небәрі 15 жасынан бастап тіршілік қамын жасаған.
1942 жылы 18 жасында әскер қатарына шақырылып, майданға аттанады. Беларусь, Прибалтика және Смоленск бағыттарындағы шайқастарға қатысып, 248-атқыштар полкі құрамында ерлікпен соғысқан.
Майдан даласы оған оңай соққан жоқ. Ардагер үш рет ауыр жарақат алған. Алғашқы жарақатынан кейін емделіп, қайтадан сапқа қосылады. 1944 жылдың 11 қаңтарында екінші рет ауыр жараланып, соған қарамастан қайтадан қатарға оралды.
Ал 1944 жылдың 8 шілдесінде үшінші рет басынан ауыр жарақат алып, бір жыл бойы госпитальда ем қабылдады. Денсаулығына байланысты әрі қарай соғысқа қатыса алмай, әскер қатарынан босатылды. Ал 1945 жылы туған жеріне оралды.
Бүгінде атамның есімі ел жадында сақталып келеді. Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Қарасу ауылындағы мектепте оның атына арнайы кабинет ашылып, жас ұрпаққа ерлігін танытатын тағылымды орынға айналған. Бұл – батыр рухына көрсетілген зор құрметтің белгісі.
Ел басына күн туған шақта Отанға жасаған ерлігі үшін атам көптеген орден-медальдармен марапатталған. Атап айтқанда, «Қызыл жұлдыз» ордені, І-ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені, «Ерең еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалы және Жеңістің мерейтойлық медальдары, сондай-ақ «Социалистік еңбек жеңімпазы» медалімен марапатталды.
Бүгінгі бейбіт өмір – осындай батыр бабаларымыздың арқасы. Олардың ерлігі – біз үшін мәңгілік өнеге. Өткенді ұмытпай, ерлікті дәріптеу – әрбір ұрпақтың парызы.
Бұл кісіден менің анамның әкесі тарайды. Сондықтан оның ерлігі мен үшін ерекше қастерлі. Осындай қаһарман ардагерлерге құрметпен тағзым етіп, олардың рухы алдында басымды иемін.
Фарида ҚОЗЫБАҚОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих пәнінің мұғалімі
