Жүлдемен оралды

Өткен айдың аяқ шенінде, яғни наурыздың 20-29 күндері аралығында еліміздің Атырау қаласында тоғызқұмалақтан юниорлар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Ұлттық спорттың мәртебесін асқақтатқан бұл ауқымды додаға еліміздің 16 облысы мен 3 қаласынан 250-ге жуық жас спортшы жиналып, өзара мықтыны анықтады.

Зияткерлік пен шеберлікті талап ететін тартысты бәсекеде әрбір қатысушы өз мүмкіндігін барынша паш етіп, жеңіс жолында барын салды. Осындай дүбірлі додада Шет ауданы, Ақадыр кенті атынан қатысқан Қожанәсіп Балғын да жоғары дайындықпен келіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Жарыс барысында ол табандылық пен терең ойлаудың үлгісін көрсетіп, 17 жасқа дейінгі қыздар арасында тоғызқұмалақтың блиц түрінен күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл – жас спортшының үлкен еңбегі мен табандылығының нәтижесі ғана емес, сонымен қатар туған өңірінің де абыройын асқақтатқан маңызды жетістік.

Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталып, олардың жетістіктері лайықты бағасын алды.

Айта кетерлігі, Балғынның бұл биік белеске жетуіне оның жаттықтырушысы – әлем және Азияның бірнеше дүркін чемпионы, туған әпкесі Қожанәсіп Аңсаған Азаматқызының қосқан үлесі зор. Тәжірибелі спортшы әрі білікті бапкер ретінде ол сіңлісіне тек шеберлік қана емес, жігер мен сенімді де дарыта білді.

Осылайша, ұлттық ойынның қадір-қасиетін терең сезінген жас буын өкілдері ел намысын абыроймен қорғап, тоғызқұмалақтың болашағы жарқын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті