КИБЕРАЛАЯҚТАРМЕН КҮРЕС – ОРТАҚ МІНДЕТ

Кейінгі жылдары елде интернет-алаяқтықпен күрес қарқын алды. Себебі, цифрлық технология дамыған сайын алаяқтық әрекеттері де түрленіп, қарапайым халыққа, олардың қаржылық қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр. Бұл қауіп туралы тіпті ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан еді. Наурыз айында Бурабайда өткен құрылтайды Мемлекет басшысы интернет-алаяқтардан зардап шеккен тұрғындардың көбеіп кеткенін мәлімдеді. Бүгінде Қарағанды облысында да киберқылмыспен күрес күшейіп отыр.

Презиенттің мәлімдемесінен кейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл мәселе жан-жақты талқыланды. Яғни  цифрландыру саласын дамытумен қатар, оның қауіпсіздігін де ұмытпай, қатар өркендету туралы айтылды. Құқық қорғау органдарына нақты тапсырмалар беріліп, алаяқтардың жолын кесу міндеттері айқындалды.

Соған сәйкес бүгінде құқық қорғау органдарының, оның ішінде облыстың полиция департаментінің киберполиция бөлімшелерге жаңа міндеттер жүктеліп отыр. Мысалы, былтыр облыста 924 дроп анықталды. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, дроп дегеніміз қарапайым тілмен айтқанда, бейтаныс немесе таныс адамға банк шоттарын немесе жеке деректерін берген адамдар. Ол шоттарды кейін интернет-алаяқтар заңсыз қаржылық операциялар жүргізу үшін пайдаланады.

Негізінен алаяқтар дроптарды интернеттегі хабарландырулар көмегімен табады. Ол үшін көбінесе жұмыс іздеп жүрген жандарды «жалақы төлейміз», «онлайн жұмыс» деп сендіріп, шоттарын алып алады. Көп жағдайда Telegram, Instagram сияқты әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде әрекет етеді. Ал дроптар оңай табыс табамын деп, деректерін беріп, алдауына түседі. Өкініштісі олар өздерінің заңсыз әрекетке қатысқанын кеш түсінеді. Бірақ, заң білмеу жауапкершіліктен құтқармайтыны анық.

Биылғы жылдың үш айында өз деректерін алаяқтарға алданған дроптар саны 381-ге жетті. Яғни, жыл санап қаржылық алаяқтарға банк карталарын, шоттарын, басқа да деректерді тіркеуге келісім беретіндер саны артып келе жатқанын байқауға болады.

– Негізі олар көп жағдайда өздері де осылай картасын немесе шотын беру арқылы алаяқтық схемасының бір бөлшегіне айналғанын түсінбей жатады. Бұл, әрине, елдің, облыстың киберқауіпсіздігі тұрғысынан қарағанда дабыл қағарлық көрсеткіш екені даусыз. Бүгінде мұның алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр, – дейді облыстың полиция департаментінде.

– Биылғы жылдың алғашқы үш айының өзінде облыстың полиция департаменті қызметкерлері 381 дропты әшкереледі. Бұл көрсеткіш алаяқтық әрекеттерінің белсенділігі әлі де жоғары екенін аңғартады. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары тарапынан үнемі мониторинг жүргізіліп, алдын алу шаралары қолға алынуда, – дейді Қарағанды облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мейрам Базарбаев.

Полковниктің айтуынша, енді дроптар алданған азаматтар, яғни жәбірленуші ретінде емес, қылмыстық әрекетке қатысушы ретінде қарастырылады. Алаяқтар оларды схемаға тарту үшін түрлі әрекетке барады. Мәселен, біреуін жоғарыда айтқандай, оңай табыспен алдаса, енді біріне хабарласып, «банк шотыңызға қауіп төніп тұр» деп сендіреді. Тіпті кейде жұмыс ұсынып, банк картасын сұрайды. Ал дроп өз шотын айтса, алаяқтар сол арқылы заңсыз ақшаны шығарып алады.

Облыстың полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, дроптардың басым көпшілігі – 18 бен 30 жас аралығындағы жастар. Оларды алаяқтар онлайн желіде тауып, жеңіл табысқа оңай қызықтырады.

– Дроптарды банк операцияларын, IP-мекенжайларды, интернеттегі хат алмасуларды тексеру арқылы анықтаймыз. Бұл – ұзақ әрі күрделі процесс, – дейді полковник Мейрам Базарбаев.

Қазір дропперлік үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Яғни, басқа адамның алаяқтық әрекетіне көмек көрсетсе, яғни, банк картасын берсе, Қылмыстық кодекстің 28-бабы бойынша қылмыстық әрекетке қатысушы ретінде жазаға тартылады. Ал 199-баппен алаяқтық бойынша жауапкершілікке тартылады.

Мұндайда жаза негізгі қылмыстың ауырлығына байланысты өзгереді. Жаза қылмыстың ауырлығына қарай тағайындалады. Атап айтқанда, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемденсе, мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады. Егер, қылмыс адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен ірі мөлшерде жасалса, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.

Киберполиция қызметкерлері тұрғындарға кез келген жағдайда сақтық шараларын ұстануы қажеттігін ескертеді. Яғни, бейтаныс, тіпті таныс адамдарға жеке мәліметтерді, банк карталарының деректерін айтпау, жалақысы тым жоғары, оңай табыс туралы ұсыныстарды барынша таразыдан өткізу, әлеуметтік желідегі «жұмыс», «сауда» топтарында жеке шот ашуға немесе тіркелуге қатысты ұсыныс­тардан бас тарту керек дейді олар. Егер күмәнді әрекетті байқаса, бірден 102 нөміріне хабарлау керек.

Жалпы, мұндай кеңестерді полиция қызметкерлері түрлі аудиторияларда жиі айтып келеді. Мәселен, жақында облыс орталығындағы Оқушылар сарайында интернет-алаяқтықтан қорғау және қаржылық сауаттылықты арттыру мәселелеріне арналған «ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері» форумы өтті. Бұл шара «Заң және тәртіп» апталығы аясында ұйымдастырылды. Жиынға мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және азаматтық қоғамның өкілдері қатысты.

Отырыста полиция өкілдері алаяқтық деректері көбейіп келе жатқанын ескертіп, кеңестерін айтты.

– Жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтықтың 800-ден астам дерегі тіркелді. Полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру барысында 27 күдікті ұсталды. Олардың сегізінің 100-ден астам эпизодқа қатысы бары анықталды. Қылмыскерлер келтірген залал 1 млрд теңгеден асады. Бүгінде оның 18 млн теңгесі өтелді. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Сондықтан қылмыстың алдын алу мәселесі өткір тұр. Біз үшін азаматтарға ескерту, сол арқылы цифрлық қауіпсіздік мәдениетін дамыту өте маңызды, – деді облыстың полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Арман Қайрақбаев.

Форум қатысушыларға алаяқтық схемалардың мысалдары бар бейнематериалдар көрсетілді. Әсіресе жастарды оңай табыс табу түріндегі құқыққа қарсы әрекеттерге қатысудан, оның ішінде қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру және жеке шоттарды тіркеу схемаларына қатысудан бас тартуға шақырды. Киберполиция өкілі атап өткендей, қылмысқа қарсы күресте заманауи технологияларды қолдану ерекше маңызды болғанына қарамастан, әрбір адамның жеке қырағылығы мен цифрлық сауаттылығы ең басты қорғаныс құралы болып қала береді. Себебі алаяқтықпен күрес полиция­ның ғана емес, бүкіл қоғамның міндетіне айналуға тиіс. Қазіргі таңда дроптардың қатысы бар қылмыстардың көбеюі – киберқылмыс ауқымының қаншалықты таралғанын көрсетеді. Сондықтан ел Президенті атап өткендей, полиция да қылмыспен күресті күшейтіп қана қоймай, қоғам болып, барлық азаматтардың қатысуымен алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою – уақыт талабынан туған қажеттілік.

Манас АҚСАРЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *