Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарын Сараннан бастады. Облыстағы барлық аймақтағыдай, мұнда да көктемгі жалпықалалық сенбілік өтті. Тұрғындар көшелерді қыстан кейін ретке келтіруге кірісті. Аймақ басшысы екі жергілікті колледжге барып, жұмысшы мамандардың дайындығы туралы біліп қайтты. Сондай-ақ, қаланы дамыту жоспарлары да талқыланды.
– Бізде «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны жалғасуда. Саранда қала тұрғындары сенбілікке аулаларын, көшелерін, гүлбақтарын тазартуға шықты. Бұл біздің ортақ жеріміз! «Таза Қазақстан» науқанына белсенді қатысуға шақырамын, бұл біздің ортақ үйімізді бірлесе отырып жайлы әрі таза ету үшін қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев облыс тұрғындарына.
Аймақ басшысы қала басшылығымен және полициямен бірге аулаларды аралап шықты. Саран әкімі Дарын Бұлқайыр абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша екі айлық барысында қалада рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлер жойылып, жеке секторға жаңа қоқыс контейнерлері орнатылатынын хабарлады.
– «Таза Қазақстан» науқаны аясында полиция қызметкерлері жұмыс жүргізуде. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 1 бөлігі бойынша жеке және заңды тұлғаларға ескерту қарастырылған. Бұзушылықтарды жоюға мерзім береміз. Тұрғындарға қаламызды сүйіп, тазалықты сақтаңыздар деймін! – деді Қарағанды облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Саран индустриалды аймағының дамуымен тұрғын үй салынып, жаңа бизнес нысандары ашылуда.
Ермағанбет Бөлекпаев қаладағы алғашқы жеке меншік медициналық клиникаға барды.
Инвесторлар бұл жерде қала тұрғындары мамандардың қызметтеріне жүгіне алатынын айтты.
Облыс әкімі сондай-ақ Saran индустриалды аймағының кәсіпорындары үшін қажетті мамандарды даярлайтын екі колледждің ұжымдарымен кездесті. Оқу кезінде студенттер өндірісте тәжірибеден өтіп, бітірген соң бірден жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
Саран техникалық колледжі «Полимер өндірісі» біліктілік орталығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл өзекті мәселе, себебі қалада бірнеше кәсіпорын осы салада жұмыс істейді.
Дарын Бұлқайыр қаланың одан әрі дамуы туралы да баяндады. Коммуналдық меншікке иесіз электр желілері қабылданды. Биыл 30 шақырымға жуық электр беру желісін ағымдағы жөндеу жоспарланып отыр. 14 көшеге 400-ден астам жаңа жарық тірегі орнатылады. Су құбыры желілерін қайта жаңарту жалғасуда. Кәріз желілерін қайта жаңарту жоспапланған.
Ермағанбет Бөлекпаев коммуналдық мәселелерді шешу басымдыққа ие екенін атап өтті. Ең бастысы – су мен жылу. Таза ауыз су әрбір үйде болуы үшін желілерді жаңғыртуды аяқтау қажет. Көп қабатты тұрғын үйлерді орталық жылу көзіне толық қосу, сондай-ақ электрмен жабдықтауды жақсартумен айналысу талап етіледі.