Матақ батыр. Әмірлердің әмірі…

Кең байтақ қазақ даласына сырттан көз тіккендер ықылым заманнан бері аз болмаған. Ата-бабасы ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырған жерін жаудан қорғап қалған батырларды, осындай кезде  халқының басын қосып, жауға қарсы жұмылдырған билер мен хандардың  есімдерін тарихтан білеміз. Олардың ерлік істерін болашақ ұрпаққа жеткізу көкірек көзі ояу әрбір азаматтың парызы. Өкінішке орай өткеніміздің зерттелмеген, жазылмаған, сондықтан да тарих қойнауына «ақтаңдақ» болып кетіп бара жатқан парақтары жетерлік. Көптеген жастардың, тіпті кейбір үлкендеріміз тарихи өлшем тұрғысынан алғанда «кеше ғана» деуге болатын оқиғалар туралы айтқанда «Баяғы заманда» деп алыстата сөйлейтіндері бар.

Қарқаралы тарихында аттары, берісі Арқа жұртына, әрісі қазақ еліне белгілі тұлғалар баршылық. Солардың бірі – Тоғалақұлы  Матақ батыр. Тоғалақтың Ұлытау, Матақ, Қылыш  деген үш ұлы болған. Мен Ұлытау бабамыздың бесінші ұрпағымын. Қазақ елін сыртқы жаулардан қорғау кезінде елеулі еңбек сіңіріп, халқымыздың рухын көтерген батырларының қатарында Матақ батырдың аты аталады.

Матақ батырдың әкесі Дүйсенбайұлы Тоғалақ қазақ жасағында мыңбасы болса, баласы- 17 жасар Матақ жауынгер болған.   Қазақ жасақтарының елін жоңғарлардан азат ету кезінде ұйымдастырған атақты «Есіл-Нұра» жорығындағы Семізбұғы даласындағы бір шайқаста отыз жеті жастағы мыңбасы – Тоғалақ батыр қаза табады.

Жауларымен айқаста батылдығымен, шеберлігімен көзге түскен Матақты Абылайхан Тоғалақтың інісі – Қожан  батыр мен Бекболат бидің ұсынысымен мыңбасылыққа  тағайындайды. Бұл 1754 жылы болса керек.

Матақ батырдың басқаруындағы жасағы қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан азат ету жолында көптеген жеңістерге жеткен.

1769 жылы Абылай Қарқаралыға Шақшан болысын қосып, Матақ батырды Қарқаралы дуанының әмірі лауазымына тағайындайды.

Матақ батырдың сегізінші ұрпағы Төребекұлы Темірдің ескі қолжазбаларының арасынан Матақ батырдың мөрінің таңбасы табылды. Бұл мөр – сақинаға орнатылған, Қарқаралы дуанының бірінші әмірінің мөрі.

Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайында жұмыс істеп жүргенде Матақ батырдың бұрышын жабдықтау кезінде осы мөрдің суретінің сапасының нашарлау екенін байқадық. Амал жоқ, арнайы фоторедактор программасымен үлкейтіп отырып, суретті түсірген кездегі жіберілген кемшіліктерді түзеткенмін. Әрине текстің жазылуына,әріптеріне тиіскен жоқпын.

Қарқаралылық өлкетанушы,  марқұм Сембір Дәулетбаевтың айтуынша мөрдің жазуын оқитын маман табылмағандықтан Стамбул университетінің ғалымы Рысбек Алимов мырзадан көмек сұраған.

Р.Алимовтың аудармасы:

«Матақ батыр. Әмірлердің әмірі.

Ең мейірімді, рахымды Алланың атымен».

Матақ батыр туған елінің қоғамдық өміріне белсене араласқан, шығармашылық жұмыстармен айналысқан, бірнеше тілдерді меңгерген деген ақпараттар бар.

Матақ батырдың қолымен көшіріліп, өзінің мөрімен куәландырылған, арап-парсы тілінде жазылған шығарманың табылуы да осыған дәлел.

Матақ, Парсы ақыны Бедиль Әбдіқадырдың ( 1644-1720) еңбегінің түпнұсқасын бұл өңірде екінші хатқа түсірген каллиграф. Баспахана болмағандықтан әлем классиктерінің еңбектері каллиграф жолымен таратылған. Бұл еңбек Матақтың қолжазбасы арқылы анықталды. Мұндай сан-салалы тарихи шығармаларды көшіру үшін сөз жоқ арап-парсы тілдерін жетік білу керек.

Көшірілген қолжазба соңында Матақ батыр  «Аль султан, Аль Адил Матақ» деп арапша жазып, мөрін басқан.  (C. Дәулетбаев. «Өткенсіз ел, тарихсыз жер болмайды»).

Матекең 1824 жылы, 89 жасында жайлауда, ауырып қайтыс болады. Хәлі нашарлай бастағанда туыстарының үлкендері жиылып келіп: «Матеке, алай-бұлай болып кетсеңіз қиын болады ғой, ел ортасына, Томар жаққа қайтайық» десе керек. Сонда Матақ батыр: «Ажалым жетсе анау тұрған қорымға апарып жерлеңдер» – дейді.

– Ойбай, Батыр-ау. Сіздің атақ-даңқыңызға лайық па, басқа біреудің қорымына жату. Бұл жер «Борсылдақ бидің қорымы» деп аталады ғой, – деп ақсақалдар келіспепті.

– Ештеңе етпейді, осында жерлей беріңдер. Мен барған соң Борсылдақ артын қысар, – деген екен Батыр.

Дуалы ауыздан шыққан сөз шынға айналды. Кәзір ол жер және сол жерден өтетін өзен  Матақ батыр атымен аталады.

Елін жаудан қорғаған батырын, ел басқарған азаматын елі ұмытпайды. 1994 жылы Матақ ауылындағы сол кездегі шаруашылық басшысы Рахметов Төлеу деген азаматтың ұйымдастыруымен ауыл тұрғындары,  №15 мектеп оқушылары, ұстаздар ұжымы, ауыл әкімдері ас беріп, Матақ батырға арнап дұға бағыштады. 2003 жылы осы ұжым батырдың кесенесіне ескерткіш тақта орнатты. Кейіннен ауыл халқы өз қаражаттарына мешіт салып, оған Матақ батырдың атын берді.

2015 жылы Қарағанды облысының мәдениет басқармасының «Тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау және қорғау бөлімінің» мамандары Матақ батыр кесенесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Кесененің сырты темір шарбақпен қоршалды, тозған қабырғаның элементтері жаңартылды, айналасы ретке келтірілді. Матақ батыр кесенесі Қазақстан Республикасының мемлекет қорғауына алынған ескерткіштер қатарын енгізілді. Осы салтанатты шараға Қарағанды облыстық мәдениет бөлімінің мамандары, Қарқаралы аудандық әкімшілігі қызметкерлері, баспасөз өкілдері, аудандық мұражай қызметкерлері және Батырдың ұрпақтары қатысты. Соңынан ас беріліп, Матақ батырға арнап дұға бағышталды.

Тоғалақұлы Матақ батырдың ұрпақтарынан көптеген қажы, билер шыққан, немересі-Кенже Дәуменұлы (1820-1908) кезінде бүкіл қазаққа белгілі би, неменесі Рысқұлов Мұздыбай (1912-1953) – Социалистік Еңбек Ері, неменесі Ысқақов Сәулебай (1924-1988) -1945 жылы Москвада өткен Жеңіс парадына қатысушы, танкист, жетінші ұрпағы Тайлан (Аркадий) Кемерханұлы Топаев – атақты боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Барселона олимпиядасына қатысушы.

Қасым  Аманжолов ауылында қызмет істеп жүргенімде, бір әңгіме үстінде ауылдың үлкені, Социалистік Еңбек Ері Қалиев Шәкәрім ақсақал: «Мейірхан, Матақ аталарыңды неге зерттемейсіңдер? Осы өңір үшін ғана емес, бүкіл қазақ елі үшін жастайынан қолына қару алып, әкесі Тоғалақ батырдың соңынан еріп, қан майданға түсті емес пе? Артында елі бар, елі мойындаған Батыр атағы бар, мүрдесі жатқан жері әні тұр емес пе? Кейбіреулер жоқтан бар жасап жатқанда сендердің бұларың дұрыс емес!», –  деп ренжіп айтқаны бар.

Расында, ақсақалдың айтқаны дұрыс еді. Әттең, кеш болды. Соңына түсіп, Батырдың өмірдерегін жинақтамадық. Шәкәрім ақсақал көп әңгіме білуші еді. Тиянақтап сөздерін де жазып алмадық. Жаңағы әңгімеден кейін көп ұзамай ақсақал дүниеден озды. Бүгінде біздің ортада ескі әңгімелерді айтатын құймақұлақ ақсақалдар, әжелер қалмады деуге болады. Дегенмен бұл бағыттағы шаруаларды жалғастыру ойда бар.

Биылғы жыл Қарқаралы өңірі үшін айтулы мерекелі жыл. Мыңжылдық тарихы бар Қарқаралы мекені, бертінде Қазақ елінің болашағы мен тәуелсіздігі үшін терін төккен, жанын қиған көптеген Алаштың марқасқаларының мекені болған Қарқаралының іргесі қаланғанына да екі ғасыр толып отыр.

Ендеше, бұл мерейтой Қарқаралы станицасының іргесі қаланған күн емес, Қарқаралы деген тағдыры қиыншылыққа толы, бірақ болашағы жарқын қасиетті мекеніміздің тойы деп есептейміз. Бұл күнге әлі ашылмаған, әлі айтылмаған талай тарих жария етіледі деп үміттенеміз.

Айтпақшы, менің бабам Матақ батырдың дүниеден өткеніне де осы жазда  екі ғасыр толады. Мына сәйкестікке қараңыздаршы: Осыдан тура  255 жыл бұрын, яғни 1769 жылы Абылай хан тағайындаған  Қарқаралы дуанының тұңғыш әмірі- Матақ батыр дүниеден өткен күндері Қарқаралы дуанының жаңа басшысы, Ресей патшасының өкілі полковник С.Броневский қызметке кірісіпті! Ой, дүние-ай!

Мейірхан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,

Қарқаралы қаласы.

19 сәуір 2024 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *