ӨНДІРІС САЛАСЫНДА 10 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ отандық өндірісті күшейтуге күш салу қажеттігін тапсырды. Үкіметке инвестор тарту жұмыстарын ширатуды міндеттеді. Инвестиция арқылы жаңа кәсіпорындар ашылып, бұрын-соңды болмаған бұйымдарды өндіруге назар аударыллуға тиіс. Бұл өнеркәсіптің импортқа тәуелділігін жоятынын қадап айтты Мемлекет басшысы.

«Жалпы, елімізде заманға сай жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік жетеді. Мысалы, ірі мұнай-газ және тау-кен компаниялары жер қойнауын игеру кезінде озық технологияны пайдалана отырып, ұлттық экономиканың құрылымын өзгертуге тиіс. Елімізде жол және құрылыс техникасын, энергетика саласына, суару жүйесіне қажетті құрал-жабдықтар мен басқа да көптеген дайын өнім шығаруға болады. Мұндай өндірістерді қазірден бастап қолға алмасақ, құрал-жабдық импортына толық тәуелді болып қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан индустриялық саясат инфрақұрылымды жаңғырту және минералды-шикізат кешенін дамыту жоспарына сай жүргізілуі өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы Үкіметтің ақпан айында өткен кеңейтілген отырысында. Өз сөзінде Президент өңдеу өнеркәсібінің басқа да болашағы зор салаларын дамытқан жөн екенін айтты. Сондай-ақ ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырған соң дайындалған өнімді экспортқа шығаруға ұмтылу керектігін тілге тиек етті.

Президент тапсырмасына сәйкес, Үкімет инвестицияға көңіл бөліп келеді. Мәселен, бір жылда машина жасау саласына тартылған инвестиция көлемі екі есе өсті. Былтыр кәсіпкерлер салаға 123 млрд теңге қаржы салды. Соның нәтижесінде ірі 33 жоба жүзеге асып, 4 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

Нақтылап айтқанда, компьютер, электронды және оптикалық жабдықтарға бөлінген қаржы көлемі артты. Автокөлік пен олардың бөлшектерін шығаратын зауыттарға шетелдік инвесторлар да қаржы салуға ерекше қызығушылық танытып отыр. Мұндай жобалар Қарағанды облысында да жүзеге асып жатыр. Жарқын мысалы ретінде Саран қаласын айтуға болады.

Жалпы, Қарағанды облысында 1200 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Былтыр олар 3,5 трлн теңгенің өнімін өндірді. Мұндағы өңдеу секторының үлесі 75 пайыздан асады. Яғни, 2,6 трлн теңгенің тауарын шығарды.

Машина жасау саласындағы өсім 42,6 пайызға жетті. Мәселен, Сарандағы QazТehna зауыты 1700 автобусты тұтынушыға жеткізді.

Ал жеңіл өнеркәсіптегі өсім 24 пайызды құрады. Бұл салада 18 жоба мемлекет тарапынан қолдауға ие болды.

Құрылыс индустриясының көлемі 7,8 пайызға артты. Мұның ішінде отқа төзімді материалдар, кірпіш және қож өндірісі ұлғайды. Сонымен қатар қоршау қадалар, металл плиткалар, сайдинг, профиль парақтары, болат панельді радиаторлар өндірісі өсті. Осылайша 72 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді.

Әрине кез келген даму динамикасына мемлекеттік қолдаумен қатар инвестициялар да қолайлы әсер етеді. Былтыр облысқа 854,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Өсім 12, пайызды құрады. Жеке инвестициялардың үлесі 90 пайызды еңсерді.

Былтыр құны 138 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба жүзеге асты. Соның нәтижесінде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Әсіресе тау-кен өнеркәсібі, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс индустриясында жұмыс бастаған кәсіпорындар қарасы баршылық. Сондай-ақ қағаз өнімдерін шығаратын жаңа өндірістер бар.

Қарағанды облысында жүзеге асып жатқан жобаларды нақтылап мысал келтіруге болады. Мысалы Балқашта таза селен алынып жатыр. Және құрамында қымбат металл бар қож өңделуде. Осакаров ауданында әк өндіретін зауыт, Нұра ауданында арнайы кокс шығаратын зауыт іске кірісті. Қарқаралы ауданында мыс концентратын өндіретін зауыт салынды. Саран қаласында тұрмыстық техника шығарыла бастады.

Жалпы, өндіріс ошақтары өңірлердің дамуына оң әсерін тигізіп отыр. Қазір Саран қаласындағы арнайы экономикалық аймақта 11 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта тағы 9 кәсіпорын іске қосылады. Бұдан бөлек шина зауыты үш жылда өндірістік қуатын еңсеріп, 2027 жылы 3,5 млн шина шығаруға тиіс. Ал биыл 1 млн шина шығарады. Яғни әлі де бірнеше мың жұмыс орны ашылады.

– Негізінен, индустриялық аймақ Саран қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына және облыстың дамуына мультипликативті әсерін тигізді. Қалада аймақ құрылған кезден бастап өндіріс көлемі 6 есе өсті. Және 200 млрд теңгеден астам инвестиция қаражаттары тартылды. Жаңа жұмыс орындары жағына келетін болсақ, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, салық аударымдарының көлемі 10 млрд теңгеден асты, – дейді Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Әлібек Молдакәрімов.

Облысқа инвестор тарту мақсатында «Сарыарқа» ӘКК базасында инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Аталған орталық жобаларды сүйемелдеу, жобаларды іске асыру мониторингі және инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын мәселелерді шешу сияқты мәселелерді «бір терезе» қағидаты бойынша шешуге атсалысады. Мамандар құрылысқа рұқсат беру құжаттарын ресімдеуге, визалық қолдауға, сондай-ақ инвестициялық келісімшарт дайындауға көмектеседі. Бұл жұмыс инвестордың уақытын үнемдеп,  мемлекеттік органдардың ішкі рәсімдерін оңайлатуға, бюрократияның болдырмауына сеп болады.

Биылғы жылға құрылған жоспар да ауқымды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 2,1 пайызды еңреуге тиіс. Бұл мақсатта 910,4 млрд теңге тартылады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 пайызғ артық.

Соның нәтижесінде 3,5 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Құны 247 млрд теңге болатын 10 инвестициялық жоба басталады. Нақты айтатын болсақ, жел энергетикасы қондырғыларына арналған жабдықтар, жүк көлікттері, катодты мыс, ферросиликоалюминий, болат тік тігісті құбырлар және тағы басқа бұрын біздің облыста болмаған өнімдерді өндіру қолға алынады.

Манас АҚСАРЫ

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *