Қазіргі қоғамда адамдар арасындағы қарым-қатынас тек бетпе-бет сөйлесумен ғана шектелмей, интернет кеңістігі арқылы да кеңінен жүзеге асуда. Осыған байланысты балағаттау, буллинг және кибербуллинг мәселелері өзекті әлеуметтік проблемаға айналып отыр. Бұл құбылыстар адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіріп қана қоймай, оның психологиялық жағдайына да кері әсер етеді.
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының ТТ-25-1 тобының кураторы Л.М.Күлейменова 2026 жылдың 13 сәуірінде «Құқықтық мәдениет негіздері» білім беру курсының күнтізбелік жоспарына сәйкес топ студенттеріне «Балағаттау – адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру, буллинг және кибербуллинг» тақырыбына кураторлық шеберлік сабақ өткізді.
Мақсаты – балағаттау, буллинг және кибербуллингтің мәнін ашу, олардың адам психологиясына және қоғамға тигізетін кері әсерін түсіндіру, сондай-ақ бұл құбылыстардың алдын алу жолдарын көрсету.
Міндеттері:
- Балағаттау, буллинг және кибербуллинг ұғымдарына анықтама беру;
- Олардың пайда болу себептерін талдау;
- Адамның психологиялық және әлеуметтік жағдайына әсерін сипаттау;
- Буллинг түрлерін (физикалық, психологиялық, әлеуметтік, кибербуллинг) ажырату;
- Қазіргі қоғамдағы таралу деңгейін қарастыру;
- Алдын алу және күресу жолдарын ұсыну;
- Қоғамда сыйластық пен құрмет мәдениетін қалыптастырудың маңызын көрсету.
Балағаттау – адамның жеке тұлғасына бағытталған қорлау, кемсіту, намысына тиетін сөздер айту арқылы жүзеге асады. Мұндай әрекеттер кейде ашумен айтылған бір реттік сөздерден басталғанымен, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Адам өзін төмен сезініп, қоғамнан оқшаулана бастайды.
Ал буллинг – бұл белгілі бір адамды жүйелі түрде қорлау, қысым көрсету, мазақ ету. Буллинг көбіне мектептерде, оқу орындарында немесе жұмыс орнында кездеседі. Ол физикалық (ұру, итеру), психологиялық (қорқыту, кемсіту), әлеуметтік (ортадан шеттету) түрлерде көрінеді. Буллингке ұшыраған адамда қорқыныш, сенімсіздік, күйзеліс пайда болады.
Қазіргі цифрлық дәуірде буллингтің жаңа түрі – кибербуллинг кең таралған. Бұл – интернет, әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы жасалатын қысым. Мысалы қорлайтын пікірлер жазу, жалған ақпарат тарату, жеке суреттерді рұқсатсыз жариялау. Кибербуллингтің ерекшелігі – ол кез келген уақытта, кез келген жерде жалғасуы мүмкін және үлкен аудиторияға таралады.
Аталған мәселелердің барлығы қоғам үшін қауіпті. Олар адамның психикалық денсаулығына зиян келтіріп, кей жағдайда ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу өте маңызды. Ең алдымен, әр адам өз сөзінің жауапкершілігін түсінуі керек. Білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оқушыларға бір-біріне құрметпен қарау мәдениеті үйретілуі қажет. Сонымен қатар, ата-аналар мен мұғалімдер балалардың мінез-құлқына назар аударып, қажет жағдайда қолдау көрсетуі тиіс.
Қорытындылай келе, бұл тақырып студенттерге тек теориялық білім беріп қана қоймай, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұлғалық дамуына және салауатты әлеуметтік орта қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Әрбір адам мейірімділік пен сыйластықты басты құндылық ретінде ұстанса, қоғамда мұндай келеңсіз жағдайлар азаяр еді.
Қарлығаш НҰРЖАНОВА,
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ
Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі
