Жол қателікті кешірмейді

Заң бар жерде тәртіп бар. Бүгінде Қарағанды облысында қылмыстың, жол көлік оқиғасының алдын алу жұмыстары атқарылып жатыр. Аймақта ауқымды рейдтік шара өтті. Екі күн ішінде полицейлер 19 мас жүргізушіні, сондай-ақ жалған нөмір таққан және қолдан жасалған пышақ табылған көлік иесін ұстады.

Өңірге Астана мен Ақмола облысынан полицейлер барған. Олар жергілікті патрульдік полициямен бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды рейдтер жүргізді.

Екі күн ішінде полицейлер жүздеген автокөлікті тоқтатып, тексерді.

– Осы уақытта  мас күйінде көлік басқарған 19 жүргізуші ұсталды. Сонымен қатар жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген Nissan маркалы көлігінің 32 жастағы жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Одан қолдан жасалған пышақ та тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, –  деп хабарлады Қарағанды облыстық ПД бастығы Негмет Исмағұлов.

Сонымен қатар Қарағандының 22 жастағы тұрғыны өзінің Volkswagen Passat көлігіне патрульдік көліктердікіндей стробоскоптар орнатқан. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.

Бұдан бөлек, өңірлік полиция мәліметінше, нөмірсіз жүрген 65 және сақтандыру полисі жоқ 115 автокөлік анықталды. Сондай-ақ бұрын жүргізуші куәлігінен айырылса да, қайта рульге отырған жүргізушілер де ұсталды.

Еске сала кетейік, өңіраралық күшейту тәжірибесі алғаш рет қолданылып отырған жоқ. Бұған дейін қарағандылық полицейлер Алматы қаласындағы осындай рейдтерге қатысқан болатын.

Айта кететін жағдай бұған дейін де бірнеше адам ішімдік ішіп көлік жүргізген Соының бірі Қарағандыда мас күйінде әрі жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеген. Айта кетейік Қарағанды қаласы Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері күдік тудырған автокөлікті тоқтатты. Құжаттарды тексеру және жүргізушімен әңгімелесу барысында полицейлер оның аузынан алкогольдің өткір иісін сезді. Тексеру барысында 36 жастағы қала тұрғынының қандай да бір көлік құралын басқаруға заңды құқығы жоқ екені анықталды.

Белгіленген тәртіппен жүргізілген медициналық куәландыру ер адамның мас күйде болғанын нақты растады. Аталған құқық бұзушылық бойынша жиналған әкімшілік материалдар сотқа жолданды. Ал құқық бұзушы мінген автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.

– Өкінішке қарай, бұл оқиға – өзекті мәселеге айналып отырған заң бұзушылықтың бір көрінісі. Жыл басынан бері Қарағанды қаласының өзінде мас күйінде көлік басқарудың 143 дерегі тіркелді. Әсіресе, бес жүргізушінің мас күйінде қайта ұсталып, оларға қатысты қылмыстық істердің қозғалуы алаңдаушылық туғызады. Бұл – олардың заң талаптары мен өзге азаматтардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтынын көрсетеді, – деп атап өтті Қарағанды облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Какимов.

Қарағанды облысында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолдағы тәртіпті арттыру бағытында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл – полиция қызметінің күнделікті әрі басым бағыттарының бірі.

– Басты ұстаным – жазалау емес, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың саналы көзқарасы мен жеке жауапкершілігін арттыру, – дейді Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмагулов.

Оның айтуынша, негізгі міндеттердің қатарында құқық бұзушылықтардың алдын алу, халықпен тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қиын жағдайға тап болған азаматтарға жедел көмек көрсету бар.

Мәселен, Кеншілер мәдениет үйі аялдамасы маңында патрульдеу барысында полиция қызметкерлері өзін жайсыз сезінген қызды байқап, оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізді. Бұл – полиция қызметінің тек бақылаумен шектелмей, нақты көмек көрсетуге бағытталғанының айқын көрінісі. Күнделікті нұсқамаларда ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін өрескел құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, мас күйінде көлік басқару, жалған мемлекеттік нөмір белгілерін пайдалану және жолдағы өзге де қауіпті әрекеттер қатаң бақылауда.

Рейдтік шаралар барысында Балқаш қаласында жалған нөмір тағылған Nissan автокөлігін басқару дерегі анықталып, тоқтатылды. 32 жастағы жүргізушіден қолдан жасалған пышақ тәркіленіп, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, Volkswagen Passat көлігінің 22 жастағы жүргізушісі көлігіне қызыл және көк түсті жарық құрылғыларын заңсыз орнатқаны үшін жауапкершілікке тартылды. Көлік арнайы тұраққа қойылды. Жалпы, полиция қызметкерлері күн сайын шамамен 2 000-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кеседі. Тек соңғы бір тәуліктің өзінде мас күйінде көлік басқарған 2 жүргізуші, көлік жүргізу құқығынан айырылған 5 адам, жалған нөмір пайдаланудың 5 дерегі, қарсы жолаққа шығудың 7 фактісі анықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде құқық бұзушылықтар дер кезінде тоқтатылып, олардың ауыр салдарының алдын алу қамтамасыз етілуде.

Қарағанды облысының полициясы күшейтілген режимде қызмет атқаруды жалғастырып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың өмірі мен денсаулығын қорғау және көмекке мұқтаж әрбір жанға қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ