Жаңа дәуір табалдырығындағы Қазақстан үшін дәл қазір рухани құндылықтар маңызды болып тұр. Ол – қасиетті тіліміз, асыл дініміз, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетіміз. Осылардың барлығы – ұлттық идеологияға негіз болар басым құндылықтар. Ұлттық Құрылтайды құрудағы мақсат та елдің ертеңін жарқын етер игіліктерімізді дәріптеу арқылы ұлттық идеология қалыптастыру болатын. Алдындағы екі Құрылтайда көтерілген мәселелерге қатысты тиісті шешімдер де қабылданып, Ұлттық жиынның тиімділігі дәлелденіп келеді.
Бұл туралы: «Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда, өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды. Алдыңғы екі отырыста елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілді. Оның біразы орындалды. Жалпы өзгерістер барлық салада болып жатыр», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасиетті тіліміз бен асыл дінімізге, төл өнеріміз бен төлтума әдебиетімізге қатысты орамды ой, ұтқыр ұсыныстарын ортаға салған Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтай жалаң ұранның емес, нақты істің жиыны екенін бас айтты.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа сипаттағы қоғамдық этика орнықтыру туралы өткір пікір, өтімді ұсынысы жан дүниемді керемет әсерге бөледі. Шынымен де, бүгінгі таңда «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп, әлеуметті желілер мен қоғамдық орындарда оңды-солды сын айтып, мәдениетсіздік танытып жүрген замандастарымыз қаншама.
Бұл мәселеге қатысты пікірін: «Зиялы қауымның кейбір өкілдері, тіпті мемлекеттік қызметшілер де орынсыз байбалам салып, айналасын сынап-мінеуді әдетке айналдырды. Мұны доғару керек. Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылағанда байыпты болған жөн. Үнемі артқа қарайлап, өткен күнге өкпе арта беруге болмайды» деп түйіндеді. Ақылға қонарлық уәж.
Өзге діни ағымдардың жетегінде адасып жүргендерді оңалту мәселесінің де маңызды екенін өткір көтерген Президент: «Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс» деп кесіп айтты.
Ұлттық Құрылтай мәдени-гуманитарлық саланың және идеологияның жаңа бағдарын айқындау мақсатында құрылғанымен, бүгінгі отырыста ұлттық экономиканың басқа салаларына тиесілі проблемалар да айтылмай қалған жоқ. Халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту Қазақстандағы өзгерістер дәуірінің басым бағыты екенін қадап айтқан Президент төрт инфрақұрылымдық бастамасын ортаға салып, өте қысқа мерзіде 55 жылу орталығын жөндеу керектігін, бұл дегеніміз 6,5 шақырымдық инженерлік жүйе екендігін тілге тиек етті. Үкімет пен өңір әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Айналып келгенде, зорлық-зомбылықтан ада, әр адамға бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастыру міндетін айқындалған алқалы да, мәртебелі жиын болды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке экономиканы түбегейлі реформалау үшін барлық құзырет берілгенін атап өтті.
«Халқымыз оның нәтижесін көп ұзамай көреді деп сенемін. Бірақ ең бастысы – нақты мақсат қойып, соған ұмтылу. Осыны жете түсінген жөн. Әр азамат еліміздің қайда бет алғанын, ертеңіміз қандай болатынын білуі керек. Бұл – өте маңызды», – деп түйіндеді өз сөзін Президент.
Құрылтайдың төртінші отырысы келер жылы еліміздегі тағы бір тарихи мекен қасқайып хандар кеңес құрған Көкшетауда өтетін болды. Сарайшық іргесінде салтанат құрған ұлттық рух Атырау мен Алтайдың арасын керней өтіп, келешекке самғап барады. Ол – Әділетті Қазақстанның жаңа дәуірі!
Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
AMANAT партиясы
Қарағанды облыстық филиалының төрағасы