Өсімдік майы өндіріле бастады

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастыруда. Тамақ өнеркәсібінің жетекші кәсіпорындары – Eurasian Foods компаниясының зауыты мен Қарағанды диірмен комбинатында болды.

Ол өндірісті жаңғырту барысын қарап, жұмыс орындарындағы қызметкерлермен әңгімелесті. Еңбек адамдары облыс әкіміне өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды.

Негізінен тұрмыстық тақырыптар көтерілді: аулалар мен көшелерді абаттандыру, үйге және жұмысқа баратын жолдар, газдандыру, балалар спорты және т.б. проблемалар талқыланды.

Май өнімдерін шығаратын зауыт үнемі жетілдіріліп келеді.

Өндірісті жаңғырту аясында жаңа цехтар салынып, жаңа жабдықтар енгізілуде. «Жасыл экономикаға» назар аударылады.

Жаңа технологиялар суды, электр энергиясын тұтынуды қысқартуға мүмкіндік береді.

Қарағанды диірмен комбинаты май зауытын кеңейтумен айналысуда. Мұнда майлы дақылдарды өңдейтін жаңа желі іске қосылды. Өсімдік майының бірнеше түрі өндіріле бастады: күнбағыс, зығыр, соя.

Кәсіпорын директоры Виктор Фединнің айтуынша, қазір өндіріс айына 1 500 тоннаға дейін жеткізілген, ал келешекте екі есеге артуы мүмкін. Отандық шикізатқа, оның ішінде жергілікті шикізатқа бағдар қойылып отыр. Өндірісті кеңейту арқылы қосымша жұмыс орындары ашылуда. Жалпы, кәсіпорында 250 адам еңбек етеді.

– Еңбектеріңіз үшін рақмет! Сіздердің өнімдеріңіз сұранысқа ие. Жергілікті өндірісті қолдауға тырысамыз. Облыс, қала басшылығына сұрақтарыңыз бар екенін түсінеміз. Сіздер тікелей хабарласып, жауап алуларыңыз үшін осы кездесуге арнайы келдім. Бұл есеп беру кездесуі деп есептеңіздер, – деді Ермағанбет Бөлекпаев жұмысшыларға.

Облыс әкіміне кәсіпорындардың газға көшу мүмкіндіктері туралы да сұрақ қойылды. Қазір бірінші кезекте жеке тұрғын үй секторын газдандыру жүріп жатыр. Бірақ келешекте өндірістің қажеттілігі де қарастырылады. Бұл сондай-ақ облыс орталығының экологиясын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жолаушылар көлігіне қатысты сауалдар келіп түсті. Кездесуге қатысушылар жұмысқа оңай жету үшін кәсіпорындар ауданына бағыттарды ұлғайтуды өтінді.

Қала әкімі Мейрам Қожухов Ғарышкерлер көшесін қайта жөндеу аяқталғаннан кейін автобус рейстерінің саны артатынын хабарлады. Сондай-ақ, тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып, жолаушылар бағдарын түзету мүмкіндіктері зерделенуде.

Таза қала, таза көшелер мен аулалар туралы да әңгіме қозғалды. Ермағанбет Бөлекпаев еңбек ұжымдарын «Таза Қазақстан» экологиялық науқанына белсене қатысуға шақырды.

– Ел Президенті «Таза Қазақстан» бастамасын көтерді. Біреулер бұл бір реттік науқан деп ойлады. Олай емес. Бұл тұрақты, жүйелі жұмыс. Тазалық бәрімізге байланысты, – деп атап өтті облыс әкімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *