Қазақстан тарихында алғаш рет су спорт түрлерінен әлем чемпионатында теміртаулық спортшы Наргиз Болатова алтын жеңіп алды. Жеңімпаз және оның жаттықтырушысы Елена Котованы Қарағанды облыстық әкімдігінде құттықтап, 1,5 млн теңгеге сертификаттар табыстады.
20 жастағы Наргиз Болатова Эдуард Киммен микс-дуэтте көркемдік жүзуден тарихи алтын жүлде жеңіп алды. Катарда өткен халықаралық чемпионатта 25 елдің спортшылары бақ сынады.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын Теміртау спортшысы мен оның жаттықтырушысын сәтті өнер көрсетуімен құттықтады. Ол қарағандылық спортшылардың жақсы жаттықтырушылық жұмысы мен жоғары жетістіктерін атап өтті.
– Бұл тәуелсіз Қазақстанның су спортынан әлем чемпионатындағы алғашқы алтыны. Жақында Наргиздің Қытайдағы Азия ойындарының қола жүлдегері болғаны да ерекше қуантады. Қол жеткізген жетістіктермен және жаңа жеңістеріңіз жалғаса беруін тілеймін! – деді Ерлан Құсайын.
Наргиз Болатова 6 жастан бастап синхронды жүзумен айналысады. Ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері, су түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрамасының капитаны. Республикалық және әлемдік чемпионаттардың бірнеше дүркін жүлдегері.
– Чемпионаттың алтынын жеңіп алу үшін ұзақ және ауыр жаттығулар жасадым. Қарсыластарым мықты болды. Мен эмоцияларды, судағы театрды көрсетуге тырыстым. Бірақ сонымен бірге бағдарламаның күрделілігін көрсету қажет болды. Эдуардпен оңай болды. Ол талантты жігіт, біз бір-бірімізге көмектестік. Енді әлем Кубогының келесі кезеңдеріне дайындаламын. 2028 жылы Олимпиада ойындарының бағдарламасына аралас дуэттер енгізіледі деп үміттенемін, – деді Наргиз.
Бүгінде әртістік жүзуден ұлттық құрамаға Қарағанды облысының жеті өкілі кіреді. Олардың барлығы ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Елена Котованың тәрбиеленушілері.
– Наргиздің алған алтыны еңбегіне лайықты. Ол өте табанды және еңбекқор. Оның әрқашан алға қойған мақсаты болды және ол оған табандылықпен қадам басып келеді. Ұлттық құрамада барлығы Наргиз сияқты болғанын қалаймын. Теміртауда синхронды жүзу спорт түрі танымал. Көп қыздар келеді, біз бәрін қабылдаймыз. Ең бастысы, баланың өзі бір нәрсеге қол жеткізгісі келуі тиіс, ал біз оны қолдаймыз және бағыттаймыз, – дейді Қарағанды облысының көркемдік жүзуден аға жаттықтырушысы Елена Котова.