Төл тарихымызды түгендейік

Биыл Қарқаралыға 255 жыл. Біз бұл датаға неге тоқтадық? Өйткені, қазақ жерінде, өзіне, яғни жер мен ел тарихына байланысты заманға сай мереке түзілуі керек. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да әлі күнге дейін басқа ұлттың қойып берген атауынан арыла алмағанымызбен қоймай, даталы күндерінде атап өтуден алдымызға жан салмай келеміз. Тәуелсіздік алсақ та, боданның ісін істеуден алдымызға жан салмай келеміз.

Былтыр Орталық Қазақстан академиясы «Атыңнан айналайын Қарқаралы» атты конференция өткізді. Басты мақсаты тарихымызға үнілу болған еді. Бұл жиында еліміздің әр түпкірінен келген ғалымдар «Қарқаралы 200 жылдыққа тіреліп қалмауы керек. Оның тарихы мыңжылдықтарға кетеді» деген болатын.

Жоғарыда тоқталып өткен конференцияны еліміздің белді деген телеканалдары көрсетсе, бұқаралық ақпарат құралдары мақалалар жазды.  «Egemen Qazaqstan» газетінің 2023, 5 маусым, №104 санында ҰҒА Құрметті академигі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Еуразия тарихы мен мәдениетін зерттеу» орталығының директоры Сатай СЫЗДЫҚОВ: «Шаһарлардың «мерейтойлық шеруі» немесе Қарқаралы тарихын қай уақыттан бастаған дұрыс?» деген мақаласында: «Еліміздегі жер-су, елді мекен атауларын тарихи әділдікпен қалпына келтіру ісі жүзеге асып келеді. Сонымен қатар елді мекендердің іргетасы қаланған жылын тарихи-деректік тұрғыдан анықтау – қазіргі таңда өзекті мәселенің бірі. Мәселен, патшалық Ресей қазақ жерін отарлау барысында қала-бекіністер салғаны мәлім. Содан қалған кейбір қалалық мекендердің тарихын анықтағанда, көбінесе патшалық Ресейдің бұйрығы шыққан уақытпен есептеу әдетке айналды. Бұл тарихи әділдікке жата ма? Біздіңше ел тарихындағы қалалардың жасын есептеуде жаңаша көзқарас қалыптастыратын уақыт жетті. Әйтпесе, тағы да қазақ жерін отарлау мақсатында салынған қала-бекіністердің «мерейтойлық шерулері» жалғаса беретіні анық» дей келе, «Қарқаралының іргесі қаланған жылын осы уақытқа дейін 1824 жылғы сәуір айындағы пат­ша­лық Ресейдің қазақ жерін отарлау­ды­ жалғастыру барысында Сібір қазақ­тары дала губернаторлығының әкімшілік-аумақтық орталығы – станица, яғни әскери бекініс ретінде қаланған уақытынан бастайды. Егерде қазіргі таңда, осы 1824 жылдан бастап есептейтін болсақ, онда 2024 жылы Қарқаралының 200 жылдығын атап өту керек болады. Алайда, қала тарихын бұлай есептеу әділдікке жатпайды» дегенді алға тартты.

Республикалық  «Хабар  24» телеарнасында да 200 жыл дегеніміз тарихқа қайшы  келеді деген сюжет берілді. Онда: «Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы қаласының тарихын біздің дәуіріміздің 840-шы жылынан бастаған жөн. Осылайша, 2025 жылы киелі мекеннің іргесі қаланғанына тура 1185 жыл толады.   Мұндай бастаманы осы бағытта ондаған жыл жұмыс істеген тарихшылар мен ғалымдар тобы ұсынып отыр. Олардың пікірінше, сәні мен табиғаты келіскен қаланы Ресей империясының әскери бекінісі салынған уақыттан бастап есептеу тарих алдында әбестікке тең. Киелі Қарқаралының тарихын ит тұмсығы батпайтын мыңдаған жылға тереңдету – бұл үлкен ізденістермен нақты тарихи дәлелдің нәтижесі. Көшпелілердің қала мәдениетін саналы түрде жоққа шығаратындар бар. Ақиқат осындайлардың салдарынан айтылмай қалған», — делінді.

Бәрінін де бір тұжырымы Ресей империясының отарлау кезеңін емес өзіміздің, жалпы қазақ елінің төл тарихын құрметтеу.

Қарқаралының тарихын мыңжылдықтарға тартсақта болар еді. Дегенмен ол 2 мыңжылдық тарих жалпы Қарқаралы ғана емес жалпы қазақ даласын қамтыған. Қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан ашқан Беғазы-Дәндібай мәдениетін өркендеткен тайпалар батысында Ұлытау, шығысында Абыралы, Шыңғыс таулары, оңт-нде Жетіқоңырдан Ертіс бойына дейінгі Нұра, Сарысу, Кеңгір өзендері бойлары мен Қызылтау, Бұғылы, Қызыларай, Қарқаралы, Баянауыл таулары аралығындағы кең жазықтарды қоныс еткен.

Ал Қарқаралының өз басының тарихы 1769 жылы Матақ батырдың әмір болуынан бастау алса керек.

Қарқаралыға 255 жыл деп «Арқа ақшамы» газетінін №3 санынан бастап «Қарқаралының жасын қай уақыттан бастаған дұрыс?»,

«2: Қарқаралының жасын қай уақыттан бастаған дұрыс?»,

«3: Қарқаралының жасын қай уақыттан бастаған дұрыс?» деген сериялы және «Қарқаралы – жалғанның жарты аралы», «Арқаның киесі – Қарқаралы» деген мақалалар жарыққа шықты.

Міне, бұл жарияланымдардан кейін бізді қолдаған, яғни төлтарихымызды реттеуіміз керек деген хаттар да келді.

Мысалы, тарихшы Ерғазы Қадашұлы: «Матақ батыр» деген мақаласында ерлігімен аты шығып қана қоймай Абылай ханның назарына іліккен Матақ батырдың тарихтағы орынын баяндайды. «Абылай хан Балқаш пен Ертіс өзені аралығын орталықтарындыра басқару жүйесін енгізіп, Қарқаралыға Баянауыл, Шақшаң болыстарын қосып, Матақты Қарқаралы дуанына әкім етіп тағайындайды. Матақ Қарқаралыда үш жыл әкім болған. Бұл 1769 жылдар болса керек (А.Тасболатов, Т.Мұсаев. Қазақтың хас батырлары. А.,2020, 204 Б)» деп тарихи дәлел келтіреді.

Ал, «Матақ батыр. Әмірлердің әмірі…» деген мақаласында батырдың ұрпағы Мейірхан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ: «Кең байтақ қазақ даласына сырттан көз тіккендер ықылым заманнан бері аз болмаған. Ата-бабасы ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырған жерін жаудан қорғап қалған батырларды, осындай кезде  халқының басын қосып, жауға қарсы жұмылдырған билер мен хандардың  есімдерін тарихтан білеміз. Олардың ерлік істерін болашақ ұрпаққа жеткізу көкірек көзі ояу әрбір азаматтың парызы» дей келе «Өкінішке орай өткеніміздің зерттелмеген, жазылмаған, сондықтан да тарих қойнауына «ақтаңдақ» болып кетіп бара жатқан парақтары жетерлік. Көптеген жастардың, тіпті кейбір үлкендеріміз тарихи өлшем тұрғысынан алғанда «кеше ғана» деуге болатын оқиғалар туралы айтқанда «Баяғы заманда» деп алыстата сөйлейтіндері бар» дейді.

Оған да себеп бар. Өз тарихымыздан қашамыз. Үлгі алмаймыз. Аталарымздың найзаның ұшы, білек күшімен сақтап қалған жеріміздің тарихына салғырттық танытамыз.

«Матақ батырдың әкесі Дүйсенбайұлы Тоғалақ қазақ жасағында мыңбасы болса, баласы 17 жасар Матақ жауынгер болған.   Қазақ жасақтарының елін жоңғарлардан азат ету кезінде ұйымдастырған атақты «Есіл-Нұра» жорығындағы Семізбұғы даласындағы бір шайқаста отыз жеті жастағы мыңбасы – Тоғалақ батыр қаза табады.

Жауларымен айқаста батылдығымен, шеберлігімен көзге түскен Матақты Абылайхан Тоғалақтың інісі – Қожан  батыр мен Бекболат бидің ұсынысымен мыңбасылыққа  тағайындайды. Бұл 1754 жылы болса керек.

Матақ батырдың басқаруындағы жасағы қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан азат ету жолында көптеген жеңістерге жеткен.

1769 жылы Абылай Қарқаралыға Шақшан болысын қосып, Матақ батырды Қарқаралы дуанының әмірі лауазымына тағайындайды» деп жазады ұрпағы.

Ол кісіден асып айта алмаймыз. Өйткені, болған тарих, айтылған ақиқат қашанда шындыққа жетелейді.

Осы мақаладағы «1769 жылы Абылай Қарқаралыға Шақшан болысын қосып, Матақ батырды Қарқаралы дуанының әмірі лауазымына тағайындайды» деген сөздің өзі Қарқаралыға 255 жыл деген мерейтойлық датаны айғақтай түседі.

Қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев: «Алтайдан Қарпатқа дейінгі ұлан-байтақ далада дәл Қарқаралы топырағындай қасиетті жер жоқ» деген болатын. Олай болса бұра тартпай осындай киелі де қасиетті Қарқаралының биылғы дүбірлі тойын Матақ батырдың әмір болған 1769 жылға тоқтап, 225 жылдығын атап өтуіміз керек. Қашанғы өз тарихымызды алалай береміз?

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *