Таза орта – таза өмір

Кентімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында тазалық пен тәртіпке бағытталған игі бастамалар қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Ауыл-аймақтың көркеюіне үлес қосу мақсатында сенбіліктер, «таза бейсенбілер» ұйымдастырылып, көшелер мен аулалар қоқыстан тазартылуда. Кент әкімдігі тазалық шараларын жоғары деңгейде жүргізу үшін өзінің әрбір маманын елдімекендегі 62 көшелерге бекіткен. Сонымен қатар, аталған көшелер кенттегі кәсіпорын, мекемелерге де бөлінген.

Тазалық шаралары барысында көшелерді, кентішілік жолдарды, аула аймақтарын, ұйымдар мен қоғамдық орындардың аумақтарын жақсартуда тиісті санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Автокөлік жолдарына шаңды азайту мақсатында су себіліп отырады.

Шараларға кент тұрғындары, теміржол саласының және бюджеттік мекемелердің қызметкерлері белсенді түрде қатысуда. Соңғы өткен сенбілікте 5 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Қоқысты жинау және шығару, аумақтарды сыпыру, сондай-ақ ірі көлемді қалдықтарды тазалау жұмыстары атқарылды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 90 текше метр қоқыс кенттің арнайы полигонына шығарылды. Елді мекеннің санитарлық жағдайы айтарлықтай жақсарып, көше, аулалар тиісті қалыпқа келтірілуде.

«Тазалық бар жерде – тіршілік гүлденеді» дегендей, кенттегі абаттандыру, көгалдандыру, көркейту және санитарлық тазалау шаралары әрі қарай да жалғасын таба береді.

Қ.БЕКҚОЖИН,

Ақадыр кенті