Теміртауда жеңілдетілген ипотекалық несиелеу бағдарламасы бойынша 37 жас маман қайталама нарықта тұрғын үй сатып ала алды. Олардың ішінде білім беру, денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері және техникалық кәсіптер мен БАҚ өкілдері бар.
26 жастағы Арман Әбілхасымов – ТТК телеарнасының қазақ редакциясының бас редакторы. Үш жыл бұрын ол отбасын құрып, жұбайымен бірге бала тәрбиелеп отыр. Ерлі-зайыптылардың ешқашан баспанасы болған емес.
– Біз осы уақытқа дейін ата-анамызбен бірге тұрдық. Кейде ипотека алсақ деп ойлайтынбыз, бірақ банктердің шарттары ұнамайтын. Барлық жерде пайыздар 20 және одан жоғары. Сонымен қатар, қолыңызда қомақты бастапқы жарна болуы керек. Сондықтан біз жастарға жеңілдетілген ипотека берілетіні туралы білгенде қатты қуандық. Бірақ іріктеуден өтеміз бе деген күмән болды, өйткені тілек білдірушілер қатары қалың, – дейді Арман. – Сәттілігін салып, конкурста іріктелдік. Мен байқауға қатысқан жалғыз БАҚ өкілі болдым. Осы бағдарламаның арқасында біз үш бөлмелі пәтер сатып алдық.
Жеңілдік несие бағдарламаның 37 қатысушысына берілді. Бұл білім беру жүйесінің 15 өкілі, 9 – денсаулық сақтау, 12 – техникалық сала және бір БАҚ қызметкері.
– «Теміртау Жастары» бағдарламасын Теміртау әкімдігі «Отбасы банкімен» бірлесіп жүзеге асыруда, – деді қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Гүлнұр Әбдіғалиева. – Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар: Қазақстан азаматы болуы, қатысушының және оның отбасы мүшелерінің Теміртауда тұрақты тіркелуі, 35 жасқа дейін (қоса алғанда) болуы, қатысушының және отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлігі болмауы, өтініш берген сәтте Теміртауда таңдалған қызмет саласында ресми жұмыс өтілі кемінде бір жыл болғаны зейнетақы шотынан үзінді көшірмемен расталады.
Жас мамандарға арналған жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы биыл да жалғасын табады. Оған мемлекеттік медициналық ұйымдардың штаттық қызметкерлері, педагогтар, спортшылар, журналистер, әлеуметтік қызметкерлер, мәдениет және «Qarmet» компаниясының өкілдері қатыса алады.