«Қымыз – дертке дауа» десек те…

Қазақ құмартып ішетін сусын – қымыз. Қазір ауылдағы ағайын бие байлап, қымыз сатуды кәсіпке айналдырды. Қолы жетсе, қаладағы қазақ та  күнде ішуге бейіл. Дегенмен, қымызға келгенде денсаулыққа да қарау керек. Мәселен, бүйрегінде кінәраты бар жанға саумал ішуге болмайды дейді дәрігерлер. Ал, бауыры ауыратын адамға қымыз ішуге болмайды.

– Қазақ «Қымызды кім ішпейді…» деп жатады. Бірақ қымыз ішу үшін де денсаулық керек. Мысалға айтсақ, құрамында спирт болғандықтан, бауыр ауруы бар адамға әбден ашыған қымыз зиян. Және де асқазан асты безі, ұйқы безі ауыратын адамға қымыздан аулақ жүрген жөн. Асқазанның, ішектің жаралары болса да қымыз ішпеген дұрыс, – дейді медицина ғылымдарының докторы Бақытжан Биімбетов.

Әйтсе де, қымыздың түрлі дертке дауа екені дәлелденген. 80-ші жылдары дәрігерлер қымызды емге көптеп пайдаланды. Алайда, бұл фармацевтикаға үлкен соққы болды дейді ғалымдар. Осылайша, қымызбен емдеуді доғару туралы шешім қабылданған. Бұл туралы белгілі ғалым, кәсіпкер Айтуған Мұқашев айтады.

– Ғылыми жұмысыма ізденіс барысында архивтен қызық материал алып шықтым. Бұл құжатта қымызбен емдеуді тоқтату себептері туралы айтылған. Себептері не дегенде, біріншіден, жылқы малын ұстаған қазақы совхоздар тез байып кеткен. Өйткені, жылқы басқа малмен салыстырғанда экономикалық тиімді. Екіншіден, эксперимент жасап көргенде жаз бойы қымыз ішкен адам қыстыгүні ауырмаған. Ауырмағаннан кейін дәріханалардағы антибиотиктер, тымауға қарсы дәрілер өтпеген. Фармацевтика деген үлкен бизнес қой. Сол бизнеске кедергі болды деп, қымызбен емдеуді түбегейлі емдеу процесінен алып тастаған екен, – дейді кәсіпкер.

Ғалымның бұл сөзін профессор Биімбетов те қуаттап отыр.

– Саумал мен қымызды күнделікті ішкен адам ауырмайды. Ал, ауырмаса, ол дәрі-дәрмекті тұтынбайды. Дәрі-дәрмекті тұтынбаса, дәріханалардың саудасы жүрмейді. Яғни, дәрі өтпесе, компаниялардың қалтасынан ұрады, – дейді ол.

Профессордың айтуынша, қымызды балабақша мен мектепте балаларға беру керек. Бұл ұлт денсаулығын нығайтуға ерекше әсер етпек. Сондай-ақ, дәрігер медициналық оқу бағдарламасында қымыз тақырыбы қаралмағанына қынжылады. Университет қабырғасында жүрген болашақ дәрігерлердің көпшілігі қымыздың пайдасын білмейді екен.

– Дәрігер тағайындаған емге қоса науқасқа саумалды берсе, ем-дом шарасының нәтижесі бір жарым, екі есе артады. Дәрігерлер көп жағдайда біле бермейді мұны. Себебі, бұл оқу процестерінде, оқу жоспарында жоқ, – дейді Бақытжан Биімбетов.

Дертке дауа, бойға қуат беретін бал қымыз – дастарқанның сәні. Қолымда тұрса, күнде ішер едім дейтін қалалықтар көп. Алайда, әркім көрпесіне қарай көсіледі. Қазір қымыздың саудасы қызды. Ауылдан қалаға қымыз тиеген көліктер ағылып жатыр.

– Алайда, оның бәрі таза қымыз деп айтуға тағы келмейді. Су қосатындар да бар. Сонымен қатар, дайындау тәсіліне де мән беру керек. Мәселен, қымызды пластик ыдыста дайындауға болмайды, – дейді кәсіпкер Айтуған Мұқашев.

– Көп жерде қазір «өлген» қымыз ішеді. Қалай дейсіз ғой. Себебі, қымыз – тірі организм. Ол ашу үшін демалу керек. Ал біз, мысалы әбден ашыған қымыздың үстіне бір-екі кесе саумал құйып, араластырып, пластмасса немесе темір ыдысқа қотарамыз. Ондай ыдыста қымыз өз бабымен ашымайды. Ал қымыз бабымен дайындалуы үшін тері немесе ағаш ыдыста болуы керек. Күбі немесе саба дегендей. Мен ең тамаша қымыздың дәмін Моңғолияда таттым. Себебі, ол жақта осы талаптарды сақтап қалған, – дейді кәсіпкер.

Қазір далада да, қалада да қымыз мол. Бие байлаған ағайын сауданы қыздырып жатыр. Қолы жеткен қазақтың дастарқанынан жазда қымыз үзілмейді. Қонағын да қымызбен сыйлайды. Алайда, келген қонақ қайтарда рульге отыруға бола ма деп ойланатыны да рас. Өйткені, қымыздан кейін куәлігімен қош айтысқандар туралы кейде естіп жатамыз. Тәртіп сақшылары бұл мәсенлеге заң тұрғысында қарайды. Тіпті қымызға да кешіріммен қарай алмаймыз дейді олар.

– Егер полиция қызметкерінде жүргізушінің масайғаны, алкоголь ішкені туралы күдігі болса, міндетті түрде наркологияға, нарколог дәрігердің сараптамасына алып барады. Ол жерде не ішкені, қашан ішкені маңызды емес. Адам бойында алкоголь мөлшері анықталса, заңға сәйкес жауапқа тартылады. Яғни, мен тек қымыз іштім деп заңнан жалтара алмайды, – дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Наркологтар күдіктіні арнайы сараптамадан өткізеді. Қимыл-қозғалысын, сөйлеу мәнерін қарайды. Күдікті бұл жерде мас емесін дәлелдеуіне де болады. Ал, кейде қан мен зәр сынамаларын алады.

Жалпы, дәрігерлер қымыздан соң көлік жүргізбеуге кеңес береді. Өйткені, әр адамның зат алмасу, ас қорыту мүмкіндігі әртүрлі. Біреудің ішкені тез тараса, тағы біреудікі бірнеше сағат сіңбейді. Сондай-ақ қатар, жолға шығарда көп ішпеген дұрыс дейді мамандар. Ұзын жолда сары қымыз ұйқыға тартуы мүмкін.

Манас АҚСАРЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *